31.01.2020, 10:54
Қараулар: 258
СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТӨЛЕГЕН ТӨРЕҒАЛИЕВТІҢ ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҮНДЕУІ

СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ ТӨЛЕГЕН ТӨРЕҒАЛИЕВТІҢ ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҮНДЕУІ

үндеу

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Презиеденті – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы бүгінде халықтан кең қолдау тауып, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде игі шаралардың өтуіне сеп болып отыр.

Кейінгі жылдары Сырым ауданында қайырымдылық істер жақсы қарқын алып келеді. Азаматтардың туған ауылдарына, түлеген мектептеріне жасап жатқан игі көмектерін көріп, қуанудамыз. Олар жақсылықты марапат пен мақтау үшін емес, жан рахаттары үшін жасауда. Бұл – ең бастысы.

Біздер бақуатты өмір сүріп жатқанымызбен, ауданымызда жаңа заманның жақсылығын көре алмай отырған қанша жанұя бар. Мәселен, Сырым ауданы бойынша 417 жанұя көгілдір отынның игілігін тұтына алмай отыр.

Біз – елміз! Ауылдасымыздың ауыртпашығын көтеру, жақынына жақсылық жасау қазаққа тән қасиет.

2017 жылы ауданымызда «Сырым қоры» қоғамдық қорының және мекеме қызметкерлерінің, кәсіпкерлеріміздің, аудандық салалық кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен бастау алған көгілдір отын кіргізу жұмыстары арқасында 2017 жылы 3 отбасы, 2018 жылы 7 отбасы, 2019 жылы 11 отбасы көгілдір отынмен қамтылды.

Өткен жылы Қособа ауылының түлектері ауылдасының үйіне жылыту жүйесін жүргізсе, «Сырым елі» қоғамдық – cаяси газеті де 2 жанұяның үйіне жылу сыйлады. Мұндай мысалдар көп. Бұл жақсылық эстафетасы жалғасуы керек.

Ауылдың азаматтары, елден шыққан кәсіпкерлер, мектеп бітіргендеріне мерейлі уақыт болған түлектерді қайырымдылық қозғалысына қосылуға үндеу жариялаймын. Көп түкірсе – көл, көп біріксе – көмек!

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп бекітті. Көгілдір отынға қосылмаған үйлерге жәрдем беру – Сырым ауданындағы еріктілердің елге қосқан ерекше үлесі болсын!

Хакім Абайдың өзі «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп !» дейді. Ауылдасымызға ағайын деп, танысымызға туыс деп қарап, жақсылық жасап, Ұлы Абайдың асыл сөзін ісімізбен дәлелдейік, қымбатты жерлестер!

Жанашырлық танытып, қолдау көрсетем деушілер болса, тізімді ауылдық округ әкімдігі аппараттарынан алуға болады.

 

Құрметпен,
Сырым ауданының әкімі                                         Т.Төреғалиев