31.01.2020, 11:59
Қараулар: 182
ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

ЗАҢНАМАҒА ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР ТҮСІНДІРІЛДІ

Сырым ауданының прокуратурасында қылмыстық, қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнамаларға енгізілген өзгертулерді талқылаған жиын өтті.

Аудан прокуроры Нартай Байменовтың төрағалығымен өткен жиынға аудандық соттың судьясы Таймас Ниязов, полиция бөлімі бастығы Бақтығали Кужахметов және полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.

Жиналыста аға прокурор Еламан Баймұрат баяндама жасап, түзетулер ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікті қатаңдатуға бағытталғанын айтты.

Өзгерістер қоғамға аса сезімтал құқық бұзушылықтарға: жеке тұлғаға, отбасына және кәмелетке толмағандарға, меншікке, қоғамдық тәртіпке және т.б. қатысты.

Талқылау барысында зорлық-зомбылыққа қатысты жыныстық қылмыстар бойынша татуласу мүмкіндігі болмайтыны ерекше атап өтілді.

Енді мал ұрлығы үшін басқа да ұрлық түрлерімен салыстырғанда аса қатаң жауапкершілік белгіленді, қайта татуласу мүмкіндігі болмайтындығы айтылды.

Киіктерді заңсыз аулағаны үшін қатаң жазалар қарастырылған.Бұл өзгерістер сирек кездесетін жануарларды сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген бірқатар өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.

Мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін жаза (ӘҚБтК-нің 608-бабы) күшейтіліп, енді осы құқықбұзушылық үшін тұлға он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылатын болады.

Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер (73-бабы), денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (73-1- бабы) және ұрып-соғу (73-2-бабы) құқықбұзушылықтары үшінде бірқатар өзгерістер көзделген.

Жиналыс соңында заңнамаға енгізілген өзгерістер талқыланып, аудан прокуроры Нартай Байменов жаңа өзгерістерді тиімді қолдануға және полицияның жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді.

Шынар ЯУДАҚЫЗЫ