12.02.2020, 16:17
Қараулар: 289
«САРЫ БҮРКІТ» БИІККЕ ҰШСЫН ДЕСЕК…

«САРЫ БҮРКІТ» БИІККЕ ҰШСЫН ДЕСЕК…

Нұр – Сұлтан қаласында өткен Республикалық «КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР» алаңы жобасының маусымашар ойынында Сырым ауданының атынан «Жымпиты құрамасы» және «Сары бүркіт» командалары өнер көрсетті.

«Сары бүркіт» үшін биылғы жыл сәтті басталды. Маусымашарға қатысқан 150 команданың арасынан суырылып шыққан олар екінші турға өткен 50 топтың тізіміне ілікті. Екінші турдағы екпінмен Алғабас ауылының оқушылары мен жастарынан құралған команда үшінші турда да тамаша өнер көрсетті. Жаңа ғана топтың жетекшісі Нұрболат Жұмағазиевтен ақжолтай хабар келді. «Сары бүркіт» «КӨҢІЛДІ ТАПҚЫРЛАР» алаңы жобасының «QAZAQSTAN» ұлттық арнасы жүргізетін телетүсіріліміне жолдама алыпты.
Әрине, «Сары бүркіттің» жетістігі үшін бәріміз де қуанамыз ғой. Алақандай ауылдың балалары елорда сахнасында ауданның атын танытып жатса неге қуанбасқа? Бір жағынан, аудан алғабастық өрендердің жеңісіне бірге шаттанып қана қоймай, мәселелеріне де бірге бас ауыртса екен. Себебі, команда жетекшісі Нұрболаттың «Сары бүркітті» Нұр – Сұлтан қаласына апару үшін алапат еңбек жасап, жанұшырып жанашыр іздегенін көзіміз көрді. 7 – 8 баланың жол шығыны оңай шаруа емес. Оның үстіне, өнерпаз балалардың жанұяларының да жағдайы жетісіп отырған жоқ. Олардың сахнаға былтырғы киімдерін киіп шығуы да жанымызға батпай қоймады.
Қыранды әуелі баптайды, сосын аңға салады. «Сары бүркіттің» биікке ұшуы үшін де аудан – ауылы бабын жасауы керек қой.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы