6.05.2020, 10:56
Қараулар: 156
АПАНДАЙ ОЙЫҚТАР АПАТҚА СЕБЕП БОЛМАЙ МА?

АПАНДАЙ ОЙЫҚТАР АПАТҚА СЕБЕП БОЛМАЙ МА?

Самара – Шымкент жолының сырымдықтар үшін тіршілік тамырына айналғанына да талай уақыт болды. Бұл жолмен күніне 4000 – 5000 көлік өтеді екен. Қозғалыс көп болғасын шығар, жол тез тозып кетіп тұр.

Жымпиты – Орал бағытында  үңірейген шұңқырлар күні кешеге дейін үңірейген күйі жатты. Сұлудың мұрынындағы мең секілді сәнсіз болғаны ештеңе емес, бұл шұңқырлар қауіпті де. Ауылдың адамдары әлсін – әлсін дөңгелегін майыстырып, тіпті сындырып алып әбігерге түсіп жүрді. Бір жолы Оралдан келе жатып өзіміз «яма ұстасақ», тағы бірде ауылға келген қонағымыз жалтыраған шетелдік көлігінің жарқыраған дискасын бүлдіріп алған еді. «Көңіл кірлесе қайтемін, көйлек кірлесе жуылар!» — дегендей, дөңгелек бүлінсе жаңасын алармыз, ал адамдар зардап шексе не болмақ? Шұңқыр кінәлі бола ма әлде оны жөндемеген жолдың иесі кінәлі бола ма?

Біреудің обалына қалмайық деген болар, «ҚазАвтоЖол» жақында «тесіктерді бітеу» операциясын бастапты. Әр шұңқыр төртбұрышты етіп ойылып, іші тазартылыпты. Жыл сайын қайталанатын көрініс қой. Жылда шұңқырлар ойылады, сосын сол күйі жатады. Оның қашан бітелетінін мердігердің көңіл күйі біледі.

Кеше Ақыраптың шамасына дейін барып, жөндеу жұмыстарының барысын көзбен көріп қайттық. Бұлан ауылына дейінгі жолдың «қырық жамау» болатын түрі бар. «Жыртықтары» тұр, енді «жамау салу» қалыпты.  Кейбір тұстарда, мәселен Бұлан ауылының кіреберісінің шамасы мен Жамбылмен екі ортада трассаның жартысы қазулы жатыр. Қарсы келе жатқан екі көлік те бір  — біріне жол беріп, асфалттың бүтін жағымен өтеді екен. Бермесе, бір көлік міндетті түрде ойыққа түседі. Ал, жылдамдықпен келсең…Тарс…

Жолдың жанына шығып кету де қауіп. Кішкентайының көлемі – жұдырықтай, үлкені – адамның басындай тастар жайрап жатыр. Шұңқырларды тазартқанда шыққан болуы керек.

Бұл жағдайды газет бетіне неге шығарып отырмыз? Ойықтар қашан бітеледі? Осылай жата бере ме? Әнеубір жылы асфальттың «кесілген» жері ала жаздай сол қалпында жатып, трасса қамырдай жайылып, жол екіге бөлініп кетуге қалған. Абырой болғанда, «жамалмай қалған жыртықтары» біреудің есіне түсіп, жол тегістелді. Ал, мына «тесіктер» қашанға дейін жатады? Апандай ойықтар апатқа себеп болмай ма?

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ