6.05.2020, 11:15
Қараулар: 185
БАҚША ЖАҚСЫ БОЛҒАНМЕН, АУЫЗ СУ ТАПШЫ БОЛМАЙ МА?

БАҚША ЖАҚСЫ БОЛҒАНМЕН, АУЫЗ СУ ТАПШЫ БОЛМАЙ МА?

Бау-бақша егуде аудан тұрғындары енжарлық танытып, жыл сайын  «бақша егіңдер» дегенді айтқызып келетін. Биыл карантинде жатып, жалықты ма екен, бау-бақша салуға мүдделі тұрғындар көбейіп келеді. Әрине, қуантарлық бастама. Дүкендерге саттыққа әкелінген көкөніс тұқымдары да тез өтіп кетіп жатыр екен. Әсіресе, қиярдың тұқымын табу Жымпитыда қат болып тұр. Қашан көрсең де, тұқым, көкөніс, жеміс ағаштарының көшеттерін іздеп-сұрастырған адам.

Бұлдырты ауылында «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын!» атты челлендж жүріп, ауыл жаппай жеміс ағаштарын отырғызуға көшті. Қандай керемет! Ауыл жасыл желекке айналады, әрі жемісін пайдаланады. Бауды күтіп-баптау балаларды еңбекке баулудың тәрбие құралы-ақ болғалы тұр.

Қош, бақша егілді. Еңбектің өнбегін алу үшін алдымен керегі – су. Бақшаның көбейгені – шіліңгір шілдеде жылда халықты әбігерге түсіріп жүрген су тапшылығы мәселесінің  екі еселемей ме? Қыстай үйге тартылған суға  малын суарып келген халық жазда бау-бақшасын суарса не болмақ?  Техникалық су тарту мәселесі не болып жатыр? Ал, өзен жағасына  бақша салып жүрген кәсіп иелері ше? Биыл карантинге байланысты бақша салуды кенжелетіп алып жатқан жоқ па? Осы мәселелер көкейді мазалап, қолға қалам алғызды, бірнеше мекеменің есігін қаққызды.

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов біздің сұрақтарымызға орай былай деп жауап берді:

–  Жыл  сайын Бұлан өзені қасынан бақша салып жүрген азаматтар биыл да егеді. Карантин оларға ана бір әсер етті деуге келмейді. Көкөніс көшеттерін үйлерінен отырғызып, уақыты келгенде, бақша салады. Әзірге жер салқындау болып тұр. Олар суды өзеннен тарттыратын болғандықтан, суаруда мәселе жоқ. Ал, ауыл тұрғындары үйлеріне тартылған «Ақбұлақтың» суынан  ауласына  салған шағын бақшасын жылда суарып, шығарып жүр. Тап қазір судан мәселе жоқ. Техникалық су тарту мәселесімен екі жылдан бері жұмыстанып келеміз. Жымпиты ауылдық округі әкімдігі техникалық су тартып беруге өтініш жасаған тұрғындарға көмектеседі. Алайда, аудан орталығында техникалық су тартуға құлықты тұрғындар табылмай отыр. Аудан орталығындағы Сырым және Алаш саябақтары, аудан әкімдігінің алдындағы гүлзарлар, сәндік ағаштар техникалық сумен қамтылған. «Жолаушы» мейрамханасы мен  Жамбыл көшесінің қиылысына  биыл 200 түп қарағаш көшеттері отырғызылды.  Ол да техникалық сумен қамтылған.  Қарасуға және Қособаға шыға беріске мал суару үшін қондырылып жатқан астауға құбырмен су тартылуда. Өзеннен астауға арнайы мотор техникалық су айдап тұрады. Мұндай мал суаруға арналған астау былтыр  жасалған болатын, алайда  судың краны қолды болып кеткені бар. Биыл қажетті нәрселерді сатып, қайтадан астауды жасақтаудамыз.  Мал балшықта тұрмасын деп, айналасына плита төсеу де жоспарда бар,- дейді Ерболат Әжмұхамбетұлы.

«Айран сұрай келіп, ыдысыңды жасырма» демекші, аудан әкімінің орынбасарына «Сырым елі» газетінің редакциясына су тартылса, біз де абаттандыру-көгалдандыру жұмыстарын қолға алып, тамыз айына жоспарланған  газеттің 90  жылды торқалы тойына  ауламызды гүл жайнатып қояр едік» деген  ойымызды жеткіздік. Ерболат Әжмұхамбетұлы  кешіктірмей  газеттің редакциясына су кіргізуге уәдесін берді. «Уәде – құдай сөзі» демей ме,  енді орындалуын күтеміз.

Кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Ахат Аралбаевтың мәлімдеуінше,  бақшашылар биыл жай қозғалып жатыр.  Оралбек Махметовтың «Муса» шаруа қожалығы  әзірге көкөніс көшеттерін өсіруде. Бұлан өзені жанындағы «Уайс» шаруа қожалығы да жерлерін дайындап жатыр.  Тамыр дақылдарынан картоп егіліп жатыр. Әзірге аудан бойынша 16 га жерге картоп дәні себілді. Ал, жердің бетінде өсетін  көкөністерге ауа райы сәл салқындау.  Әлі де түнде температура минусқа дейін барып тұр. Бақшашылар көкті үсіріп алмас үшін, құралайдың салқыны өтуін күтеді. Содан кейін көшеттерді топыраққа салады.

Аудан орталығындағы  техникалық судың тақырыбын әрі Жымпиты ауылдық  округінің әкімі Бекболат Мұхамбетжаннан   жалғауын сұрадық.  Ауыл әкімі техникалық су тартуда халқы көбірек  Жымпиты емес, Өлеңті ауылының тұрғындары белсенділік  танытып жатқанын айтты.

–  Өлеңті ауылының тұрғындарына   ауласынан мал суаруға,  көкөніс, жеміс ағаштарын өсіруіне мүмкіндік жасау үшін Өлеңті өзенінен  техникалық су тартып,  мотор, құбырларын алғызып жатырмыз.  Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектепке, жастар саябағына, спорт алаңына дейін 3300 метр су құбыры жүргізілді. Сондай-ак, әзірге өлеңтілік  бес тұрғын аулаларына  техникалық су тарттыруға сұраныс берді. Олар Қалес Ғаниев, Михаил Суровцев,  Талғат Ғайниев, Идият Сәкенов, Ержан Бисенғалиевтер. Техникалық су тарту  жұмыстары Михаил Суровцев есімді тұрғынның бастамасымен, Өлеңті ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тауфик Елеубаев, Жымпиты ауылдық округі әкімдігінің өкілі Қарасай Исмагулов деген азаматтардың жанашырлығымен, ұйымдастырумен қолға алынды. «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ақшасына техинкалық су кіргізіп береді. Биылдың судың қоры аздау, бірақ, ауылды қамтуға толық жетеді деп жоспарлап отырмыз. Арнайы  суасты сорғысы бар мотор сатып алдық. Өзеннің терең жерінен су тартады.

Ауыл әкімдігі ауылдың малы су тапшылығын көріп келетін өзен  қашық Қарасу, Қособа жақ беттегі мал бағымы үшін Өлеңті өзенінен тіке су тартатын моторлы астауды орнату қызу жүргізіп жатыр. Жаңа мотор былтырғы моторға қарағанда суды үш есе мол береді. Су жаз айларына толық жетеді деп отырмыз. Қыста бұл жұмыстарды тоқтатып, құбырларын тазартып, келесі көктемге дайындаймыз. Су құбырлары тартылды. Бұл жұмыстар біте келді, аяқталу қарсаңында. Енді астаудың басына суды ашып-жауып тұратын жауапты адам қоямыз,- дейді Жымпиты ауылдық округінің әкімі.

Ауыз су тапшылығы биыл сезіле ме екен деп, «Сырым» мемлекеттік  коммуналдық  кәсіпорнына бардық. Алайда, ол жерден қырда іссапарда жүруіне орай басшыны да, инженерді де жолықтыра алмадық. Біздің сұрақтарымызға бас есепші Нұрлан Ғинаятов пен  механик Тұрар Надиров жауап берді.

–  Қазір тұрғындарға күніне 430-500  шаршы метр  су беріп отырмыз. Жазда  700 шаршы метр суға дейін қажет болады.  Қордағы барлық жеті-сегіз скважинамызды қосқанда, қажетті мөлшердегі суды жинай аламыз. Техникалық суды тасымалдауға бір су тасушы көлік бөлінген.  Тасымалмен су баратын ауылдарға екі су тасушы көлік қызмет етеді. Жіне бір тіркемелі тракторымыз бар. Жаздың аптап ыстығында су бармай қалып жүрген көшелер бар, оларға да тасымалдап жеткізетін боламыз.  Судың қамтылуы ауа райына тікелей байланысты. Қатты ыстық болса, жерастынан  алынатын су мөлшері азаяды. Биыл қар аз болды,  жерасты суы аздау болатын шығар деп болжап отырмыз. Ал, өнуі жақсы болса, су болады.  Бақша, мал суару, тас соғу сияқты жаздың қайнаған тірлігіне тұрғындардан  сұраныс түссе, су тасушы көлікпен  техикалық су жеткізіп береміз.  Алайда, түрғындарға ондай тасымалды суды алдыртқаннан, үйіне келіп тұрған дайын суды пайдаланғаны арзанырақ әрі тиімдірек.  Төрт шаршы метр суы бар  көлікпен бір рет су алдырту құны төрт мың жарым  теңге тұрады. Ауыз судың ақшасын мемлекеттік субсидиялап отыр. Бір шаршы метр су 300 теңге болса, оның  270 теңгесін мемлекет төлейді де, халыққа тек 30 теңгесін төлеу қалады. Бір құты суды   30 теңгеге ала алмайсың. Ал,  «Ақбұлақтың» бір шаршы метр суы  сол сома тұрады. Тасымалды техникалық суды ауылдық округтер алдыртқанымен, аудан тұрғындарынан сұраныс түскен жоқ,-дейді мамандар.

Кеңащыдан су тарту үшін  құбыр жүргізу жұмыстары карантинге байланысты жұмысшылары таратылған соң, тоқтап тұр. Кеңащыдан су келсе, Шағырлой, Қосарал, Бұлан, Қособа да суға қарық болады. Былтыр Тоғанас, Қосарал ауылдарында «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша су тарту жұмыстары басталды.  Биыл қаржы бөлінсе, Тасқұдықта басталады деген жоспар бар.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА