6.05.2020, 11:22
Қараулар: 71
Құрметті аудан тұрғындары!

Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірменді жерлестер!

        Сіздерді 7 мамыр Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр  Ұлы Жеңіс күні мерекесімен құттықтаймын!      


         Міне, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі тамаша көктемнің нұрлы шуағымен бірге келіп жетті.Ұлы Жеңіс біз үшін аға ұрпақтың сол ұлы ерлігі мен батырлығын мәңгілікке ел жадында сақтауды борыш еткен ең қастерлі мерекеге айналды.
Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерекесі күні барша ардагер ағаларымызды, әрбір төртінші азаматын Отан қорғауға жіберген отбасыларын, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Екінші жаһандық соғыс – адамзат тарихына ең бір қасіретті күндер мен түндерге ұласқан қан төгіс жылдар болып енді. Барша Кеңес Одағы халықтарының есінде ең сұмдық, ауыр да  қастерлі оқиғалардың бірі ретінде мәңгіге сақталып қалды.
Біздің жеңісіміздің маңызды факторлары арасында ең бірінші патриотизм, ұлтына қарамастан адамдардың бірлігі мен бір мақсатқа жету жолында топтасқандығын айтуға болады. Соғыс жылдарында   1 700000 қазақстандық қан майданға аттанса, соның ішінде 4200 дей Сырымдық жауынгерлер Отанымыздың ортақ жеңіске жетуіне өз үлестерін қосқан болатын. Бүгінгі күні сол ардагер ағаларымызға арналып, аты-жөндері жазылған ескерткіш тақтасы орнатылғандығына куә болып отырсыздар.
Жыл сайынғы дәстүрге сай және атаулы датаға орай мерекені жоғары деңгейде атап өту жоспарға қойылған болатын. Өздеріңізге белгілі елде төтенше жағдай жариялануына орай бұл мерекеніде белгілі бір деңгейде атап өткелі отырмыз.
Ұлы Отан соғысына сол кездегі ортақ Отанымыздың тәуелсіздігін сақтап қалу үшін күллі Кеңестер Одағының халықтары қолына қару алып, опасыз жауға қарсы жорыққа аттанды. Соның ішінде ежелден жауынгер жұрт қазақ ұлтының ұландары да жан аямай айқасып, есімдері ерлік шежіресіне үлкен әріптермен қашалып жазылды. 497 қазақстандық жерлестеріміз Кеңестер Одағының батыры атағын алды. Міне, сол майдан даласында қаһармандықтың биік үлгісін көрсеткен айтулы батырларымыз да жетерлік. Бүгінгі күні қанды-қасап соғыс майданында ерлікпен қаза тапқан бабаларымыздың рухына тағзым ету біздің басты парызымыз бен қарызымыз.
Жеңіс күні – Отан қорғаушылар мен тыл еңбеккерлерінің патриотизмі мен ерлігінің, жанқиярлығы мен ұлы іс жолындағы ерен еңбектерінің жарқын үлгілерін ұрпақтардың еске алу күні. Жеңіс мерекесі – Отанымыздың абыройы мен тәуелсіздігі үшін қанды ұрыстардағы ержүрек халқымыздың өшпес ерліктерін күллі әлемге паш еткен мереке.
Жеңіс мерекесі – бейбітшілік сүйгіш бүкіл адамзат қауымының мерекесі.
Бүгінде соғыс салған жара сызаты жазылса да, оның әр отбасына әкелген қайғы-қасіреті, талай ананы баладан, азаматты жарынан айырып жүрекке салған ауыр зардабы жойылған жоқ. Осынау халқымыздың көңілінде өшпес із қалдырған сұрапыл соғыста аға ұрпақ елдігімізді, еркіндігімізді қасықтай қаны қалғанша ерлікпен қорғап, бізге бейбіт өмірді, жарқын болашақты аманатқа қалдырды. Осынау бейбіт өмірге жете алмаған, жар сүйіп, ұрпақ қызығын көре алмаған ағалар қауымын сағынышпен еске аламыз.
Біз бүгінгідей Ұлы Жеңіс күнінде барша соғыс және тыл ардагерлерінің биік рухы, ерлігі мен каһармандығы алдында тағзым етеміз.
Баршаңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қуат, мол игіліктер және бақытты да баянды тірлік, елімізге тыныштық тілеймін.

 

Құрметпен,

Сырым ауданының әкімі                                    

Төлеген Төреғалиев