27.05.2020, 15:43
Қараулар: 176
ҚОҢЫРАУ ҚАҒЫЛМАСА ДА, ҮМІТ ҰБТ-ДА

ҚОҢЫРАУ ҚАҒЫЛМАСА ДА, ҮМІТ ҰБТ-ДА

Биылғы төтенше жағдай, карантин білім саласына айтарлықтай, бұрын-соңды болмаған өзгерістер енгізді. Оқушылар төртінші тоқсанды қашықтан оқыды. Салмақтың көбі ата-анаға жүктелді. Оқу жылы аяқталды, жылдық баға шықты. Бірақ, оқушылар әлі кітаптарын тапсырған жоқ. Кітапты тапсырудың өзі бір үлкен науқан, балалар үшін еңбек тәрбиесі еді ғой. Кітапты тазалап, сүртіп, жыртылған беттерін қаттап, желімдеу жұмыстарына балалар үлкен ынтамен атсалысатын. Соңғы қоңғырау салтанаты онлайн өтті. Мектептерден соңғы қоңырауды онлайн өткізу туралы есептілік талап етілген жоқ. Қай мектеп, мұғалім өткізгісі келеді, өз еркінде болды.

Мектеп бітіру кеші 3 немесе 4 маусым күні өткізіледі.  Салтанатты жиын ретінде өтеді. Қонақтар шақырылмайды. Ата-ананың біреуіне ғана кіруге рұқсат етіледі. Санитарлық талаптар қатаң сақталады. Түлектер мектеп формасымен қатысады.  Шараның ұзақтығы 40 минуттан аспауы керек.  Биыл 22  «Алтын белгі», 16 «Ерекше аттестат»  үміткері бар. Мектеп бітірушілердің жылдық бағасы аттестатқа түседі. «Алтын белгілер» иелеріне қалай, қашан, қайда тапсырылатыны әзірге белгісіз.

Биыл  оқу жылын 2958 оқушы аяқтады. Олардың 2804-і WhatsApp арқылы оқыса, 154-і қағаз тасымалы арқылы білім алды. Байланыстың жоқтығынан қағаз тасымал арқылы білім алған мектептер – Талдыбұлақ, Тасқұдық, Қазақстан, Көгеріс мектептері. 8 мектеп платформа арқылы кері байланыс жасай алды. Оның ішінде 11 сыныпты 197 түлек бітірсе, олардың 184-і ҰБТ-ға қатысуға онлайн өтініш берген. ҰБТ жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы орта-мектеп балабақша кешенінің спорт залында бірнеше күнге бөлініп өткізілуі мүмкін. Түлектердің ара қашықтығы сақталғанда қанша орын сыятын болса, сонша бала кіреді. Әр түлек жеке-жеке отырады.

Сырым аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлдана Шайхиеваның мәлімдеуінше, биылғы оқу жылының жақсы жақтары да бар. 15 наурызда жалпы білім беретін 81 оқушыны қамтып отырған Абай орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары басталды.  85 үйірмеде 1025 баланы тәрбиелеп келетін аудандық Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Бірнеше мектептің әжетханалары күрделі жөнделді.

Аудандық білім беру бөлімінің тәрбие әдіскері және кітапхана әдіскері Алтынай Сисенбаева карантиндік режимге байланысты жағдай жақсарғанша, оқушылар кітап тапсырмайтынын айтады. Оқулықтарды жинап алу тамыз айына қалдырылып отыр. Сол кезде оқушыларға келесі сыныптың оқулықтары берілетін болдаы. Алайда, кейбір ауылдардағы сынып жетекшілер алдыңғы берілген тәртіп бойынша, 20-21 мамырда арнайы кесте жасап, соған сәйкес үй-үйді аралап, оқушылардан кітаптарын жинап  үлгеріпті.

Карантин кезіндегі балалардың жазғы демалысы қалай болмақ?  Халықаралық Балаларды қорғау күні қалай аталып өтпек? Ойын балаларына сабақ уақытында үйде қамалғаны да жетіп жатыр. Демалыс кезінде қайтпек? Бұл жөнінде аудандық білім беру бөлімінің қосымша білім беру әдіскері Марал Жайлиева жауап берді.  «Жазғы демалысты жылдағы дәстүр бойынша жоспарлап отырмыз. Жазғы лагерьлермен қамтылатын бала санын биыл 4 пайызға көбейттік»,- дейді әдіскер. – «Жылдағыдай «Достық» лагері,  шатырлы «Жас турист» лагері, мектепішілік лагерлер де жұмыс жасайды. Тек карантин мерзімі аяқталған соң. Оқу үздіктерін, республикалық білім, өнер байқауларында жеңімпаздары мен жүлдегерлерінен Нұр-Сұлтан қаласына 30, Ақтөбе қаласына 50 баланы апарып, қыдыртып қайту  жоспарланып отыр».

Ал, 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай 20 мамыр-1 маусым аралығында онлайн байқаулар ұйымдастырды. Олар – «Мен бақытты баламын» сурет байқауы,  «Абай және мен» атты фото-селфи байқауы, «Мейірім шуағы» атты ерекше білімді қажет ететін балаларға акция, «Біз – бақыттымыз!» вокалистер байқауы, «Қауырсын қалам» жас ақындар байқауы, «Бала арманы, бала тілегі» челленджі. 1 маусым күні байқаулар қорытындыланып, марапаттар балалардың үйлеріне жіберіледі.

100 балаға 500000 теңгеге рюкзак және тәтті пакет үйлеріне жеткізіледі. Оның 70-і оқу үздіктері, көп балалы отбасылардан, 30-ы – ерекше қамқорлықты қажет ететіндер.

Аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі  Жанна Жайманова биылғы республикалық пән олимпиадасы онлайн түрде шілде айында өтетінін айтады. «Біздің ауданнан республикалық пән олимпиадасына Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Айжан Тұрғалиева мен 10 сынып оқушысы Мөлдір Ерболатова құқық пәнінен  қатысады.  Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов соңғы өткізген бейнебайланыс конференциясында балаларды 1 қыркүйекте мектептен қабылдаймыз деді. Білім саласындағы тағы бір жаңалық – үш айда мұғалімдер аттестациядан өтеді. Әдіскерлер, тәрбиешілер, қосымша білім беру педагогтары, колледж оқытушылары да аттестациялаудан өтеді. «Педагог мәртебесі» туралы ҚР Заңына сәйкес олардың еңбекақылары санаттарына орай 30 пайыз, 50 пайыз, 100 пайыз өседі.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМҚК  Батыс Қазақстан  облысы Жымпиты  ауылындағы  филиал басшысы Тілек Есенғалиев биылғы ҰБТ-дағы өзгерістер туралы былай дейді:

–  Ұлттық бірыңғай тестілеу 20 маусым-6 шілде аралығында өтеді. Апелляциялық комиссия да сол аралықта жұмыс жасай береді. ҰБТ-ға қатысуға 184 түлек онлайн өтініш берді. Тест тапсырушылар арасында 2-3 метрден қашықтық сақталғанда, аудиторияға 30-40 оқушыдан ғана кіре алады деп отырмыз. 184 түлек  төрт күнде ҰБТ тапсырып бітеді.  Санитарлық талапқа сай  қанша бала кіріп, қанша ара қашықтық сақталу керектігін аудандық тауарлар мен  көрсетілетін қызметтердің сапасы мен  қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы, ауданның бас санитар дәрігері Ләззат Мұқанова нақтылап айтатын болады. Аудандық білім беру бөлімі түлектерді, комиссия мүшелерін бетперде, қолғап, антисептикпен толықтай қамтамасыз етеді.  Егер кірер кезде, тест  кезінде  түлектен ұялы телефон табылса, дереу шығарылып, бір жылға ҰБТ-дан шеттетіледі.  Ер  балаларды ер адамдар, қыз балаларды әйел адамдар тексереді. Биыл комиссия мүшелерінің құрамына қаржы полициясының өкілі енгізілді. Олар аудиторияға кірмейді, бейнабақылау камерасынан қарап, қадағалап отырады. Төртінші тоқсанды оқушылар қашықтан оқығандықтан,  ҰБТ-дан соңғы тоқсанның сұрақтары алынып тасталды, -дейді Т.Есенғалиев.

2020 жылы ең көп грант бөлінген салалар мыналар: инженер мамандығы – 14681,  құрылыс мамандықтары – 2500,  электротехника және энергетика  мамандықтары – 1800,  тау-кен өндірісі – 1702, педагогика – 8243, жаратылыстану, математика және статистика салалары – 4088, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар – 3815, денсаулық сақтау саласы – 2700,  ауыл шаруашылығы – 1565,  іскерлік басқару және заңгерлік мамандықтар –  979 грант.

Биылғы оқу жылының ерекшелігіне орай Сырым орта мектебінің 11 сынып жетекшісі Гауһар Саханованың пікірін білдік.

–  Менің сыныбымда 12 оқушы түлек мектеп бітірді. Карантиндік режимге орай биыл бізде  соңғы қоңырау салтанаты өткен жоқ.  Оқушылар 4 тоқсанды қашықтан оқыды. Наурыз айында өтуге тиіс  байқау тесті де өтпей қалды. Есесіне, байқау тестілері онлайн өтуде.  Мемлекеттік емтихан болған жоқ. Жылдық қорытынды баға аттестатқа түсті. Қашықтан оқу кезінде кейбір оқушылар тапсырмаларды орындап үлгермей, жауаптарын уақытылы жібермегендер болды. ҰБТ-ға қатысуға 10 шәкіртім онлайн өтініш берді. Қазір олар ҰБТ-ға ғаламтор арқылы өздері дайындалып жатыр. Мұғалімдермен телефон, WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тығыз қатынаста.  ҰБТ-ға өз бетімен дайындалу бәрібір пән мұғалімімен бірге дайындалғанға жетпейді. Түлектерім талай «мектепке барып, мұғаліммен дайындалайықшы деп жүрді, -дейді Гауһар Құлсарықызы.

Дидар Сатанғалиева, Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 11 «а» сынып оқушысы Айжан Тұрғалиеваның анасы:

–  Биылғы мектеп бітірушілердің соңғы қоңырау үнін ести алмағаны сәл өкініштілеу. Ұстаздарына концерттік нөмірлер дайындап, мектеппен қоштасу вальсін билеуге әзірленіп жүрген еді. Алайда, жастардың болашақтары алда, өмірлері жаңа басталып жатыр. Ең бастысы грант иегері атанса дейміз. Елдегі жағдайға түсіністікпен қараймыз. Мектеп бітіруші түлектердің сәнді, керемет кеші де өтпейді. Балаларымыз мектеп формасымен ғана аттестат алу рәсіміне барады. Өз басым мектеп формасын өте қолдаймын. Себебі, сәнді көйлек, туфли, макияж, маникюр қалтаға соғатындықтан, кейбір ата-аналарға қиын тиюі мүмкін. Қызым Айжан Тұрғалиева  Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті ерекше аттестатпен аяқтап отыр. Карантиндік режимге байланысты сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өткен үздік оқушылар слетіне бара алмады. Енді шілде айында республикалық пән олимпиадасына қатысады. Олимпиада онлайн түрде өтеді деп күтілуде. Қызым өз бетімен ҰБТ-ға дайындалуда. Ақылы онлайн курстарды оқып жатыр.

 

Түлектерден түйін

Ақбота Балпейсова, ЖББ Бұлдырты орта мектебінің биылғы түлегі, «Алтын белгі» иегері:

–  Биыл соңғы қоңырау салтанаты болған жоқ. WhatsApp арқылы  мұғалімдеріміз, сынып жетекшіміз құттықтады.  Біз алғысымызды білдірдік. Соңғы қоңырау болмағаны өкінішті, бірақ оған аса ренжи қоймадым. «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деген сөз осындайда айтылған шығар.  Есесіне ҰБТ-ға дайындыққа уақытымыз көбейді. Мектеп бітіру кеші де болмайды. Мектеп формасын киіп, лентамызды тағып, шарамызды ұстап, қоңырауымызды соғып, аттестат алып қайтамыз. Жылдық бағамыз аттестатқа қойылды.  Жылдағыдай «Алтын белгі» иегері ретінде ауданға шақырылып,  белгімді аудан әкімінің қолынан алар ма екенбіз? Бәрі ойдағыдай өтіп, грант иегері атансақ дейміз.

Дильназ Сүлейменова, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің 11 сынып түлегі:

–  Биыл біз 59 оқушы мектебімізбен қоштасып отырмыз. Оқу үлгерімдеріміз жақсы. Барлығымыз да мектепте оқып жүрген кезіміздегі бағамен аяқтап жатырмыз.  Бәріміз де ҰБТ-ға қатысамыз деп отырмыз.  ҰБТ-да телефонмен ұсталған түлек  бір жыл ҰБТ-ға қатысу мүмкіндігінен айырылады. Үлкен сынағымызға телефон арқылы, қашықтықтан дайындалып жатырмыз. Мұғалімдер телефон арқылы тапсырма береді, соны орындап жіберіп, міндетті түрде кері байланыс жасаймыз. Мұғалімдерімз қатеміз болса, айтады, сол қатені өзіміз дұрыстап, есте сақтауға тырысамыз. Әрине, мектепте пән мұғалімімен бірге отырып дайындалғанда тіпті жақсы болар еді. Қазіргі кезде онлайн тегін марафондар, курстар бар. Карантин кезінде ондай курстар көбейді. Оқушылар соған қатысып, дайындалуда.  Одан бөлек  ғаламторда 2019 жылғы 70 нұсқалық тегін тест бар, сонымен де дайындаламыз. Бізге ұстаздарымыз ҰБТ-дағы база былтырғыдан 30 пайыз өзгереді деген.

Жанерке Матышева, Бұлдырты орта мектебінің 11 сынып бітірушісі:

–  Шынына келсек,  мектепте өткен сабақ кезінде немқұрайлы қараған пәндерімізді ҰБТ үшін  қашықтан оқу кезінде  аса көңіл бөліп, дұрыстап оқыдық. Оңай деген пәндердің мұғалімдері де тапсырманы уақытылы орындап, жіберуімізді қатаң талап етті. ҰБТ-да талап күшейтілмесе, жеңілдетілмейді деді.  Әркім өз бетінше үйден дайындалған сынып болып,  бірігіп, талдап, дайындалғандай болмайды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА