27.05.2020, 16:09
Қараулар: 167
ОЙЫҚТАР БІТЕЛІПТІ

ОЙЫҚТАР БІТЕЛІПТІ

«Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің 8 мамырдағы № 18  санында «Мәселе қайда жатыр?» айдарымен «Апандай ойықтар апатқа себеп болмай ма?» деген мақала басылып, ол жерде Жымпиты – Орал бағытындағы автожолдың бойындағы ойық – шұңқырларды бітеу мәселесі көтеріліп еді. Өйткені, «ямалар» бұған дейін талай жүргізушінің сорын қайнатқан.

dav

Біздер түсірілім жасаған кезде жолда орташа жөндеу жұмыстары басталып, шұңқырлар тереңірек ойылып, жолдың бедері «кетік – кетік» болып жатқан. Бір ойылған жердің айлап бітелмей жататыны бар. Биыл да солай болмаса екен деп, мәселені газетке де жаздық әрі сауал қылып «QazAvtoJol» Ulttyq kompaniasy» АҚ Батыс Қазақстан облыстық филиалына да жолдадық.

Филиал директоры Еркебұлан Жұманов мырза былай деп ресми жауап қайырыпты:

Республикалық маңызды М – 32 автомобиль жолының 330 – 408 шақырымдарын жөндеуге бөлінген қаражаттың көлемі – 660 млн 464 мың теңге. Жөндеу жұмыстары мердігер «БекетСатЖол» ЖШС жүргізуде. Пайдалануға беретін мерзімі – 2020 жыл. 408 – 490 – шы шақырымдардың орташа жөндеуіне 746 миллион 030 640, 32 теңге бөлінді. Мердігер «Асфальт» ЖШС өз міндеттерін орындамағандықтан, келісімшарт сот күшімен үзілген. Жол жамылғысын тиісті қалпына келтіру жұмыстары күтіп ұстау аясында орындалады. Ал, 490 – 526 шақырымдағы учаске 2017 жылы орташа жөндеуден өтіп, пайлалануға берілді. Күтіп ұстау жұмыстарын мердігер «Қазақавтожол» ЖШС – нің № 39 жол пайдалану бөлімі атқарады.

sdr

Қайбір жылы күре жолдың бетіне қабыршақты жабын төселген. Оның не пайдасы бар? Тегіс жолды қабыршаққа айналдырғаннан не шығады? – деген сұрақты да қойғанбыз.

  • Қабыршақты жабын – орташа жөндеу аясында 330 – 526 шақырым аралығында орындалды. Кедір – бұдыр беттік өңдеу – бұл автомобиль дөңгелектерінің жүріс бөлігінің жамылғысының үстіңгі қабатымен ілінуін жақсарту үшін жүргізіледі. Бұл әдіс бұдырлықты, су өткізбеушілікті, тозуға төзімділікті және жабындардың тығыздығын қамтамасыз етеді. Беттік өңдеу алдын ала бұзылудан сақтайды. Жұмыстар нәтижесінде жарықтар мен басқа да зақымдануларды жабатын жоғарғы қорғаныс қабаты қалыптасады, осылайша жол жабынының қызмет ету мерзімі ұзарады. – дейді директор.

Жөндеушілер жолдың көрінген жерін тесіп – кесе бермейді екен. Тапсырыс беруші көлік құралдарының яғни біздің көліктердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жөнделетін учаске үш шақырымнан аспайтын арақашықтықты құрап отырады.

Қазіргі уақытта Бұлан, Жамбыл және Қызылағаш елді мекендерінің тұсындағы ойықтар кесіліп – тесіліп, қайтадан асфальтпен бітелді. Осы жолы мердігерлердің шапшаң қимылдағанына, ойықтарды ала жаздай ашық қалдырмай бітегеніне қуаныштымыз.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ