15.06.2020, 11:43
Қараулар: 174
ЖАСТАРДЫҢ БӘРІ НЕКЕЛІ, БОЛСА ЕКЕН БӨПЕЛІ

ЖАСТАРДЫҢ БӘРІ НЕКЕЛІ, БОЛСА ЕКЕН БӨПЕЛІ

Кейбір отбасы мүшелерінің айтуынша, ене мен келін  арасындағы түйіткілдер келіннің сәби сүйе алмауы, дүниеге келген сәбидің күтіміне қатысты да туындап жатады екен.

Қарап отырсақ, қазір жастар қалыңдық жүкті болғаннан кейін ғана шаңырақ көтереді.  Бірнеше жыл бойы қыз бен жігіт болып кездесіп жүріп, сүйіктісі сәби көтере алмаса,  оны тастап, басқаға  үйленіп кететін жағдайлар да өмірде жиі кездесіп жүр. Жігіт болашақ жарының өмірге сәби әкеле алатынына көзі жетсе ғана үйленетіні қалыпты жайтқа айналып бара жатыр. Қазіргі жастар арасында бедеулік өте көп. Ешқандай жүктіліксіз, сүйіп қосылып, үйлі болған жас отбасылардың перзент сүйе алмай жүргендері қаншама?  Келінге деген күйеуінің, ата-ененің көзқарасы өзгеріп, ұсақ-түйек үй-ішілік кикілжіңдер біртіндеп  осыдан туындай бастайды екен.

Жас келіндерде, жалпы әйелдерде бедеулік көп болудың себебін Сырым аудандық ауруханасының гинеколог-дәрігері Айгүл Қабденова былай деп түсіндіреді:

–  Егер ер мен әйел бір жыл бойы аптасына кемінде бір рет тұрақты жыныстық қатынаста болып, сәби көтере алмаса ғана бедеулік бар деп айтуға болады. Бізде бедеулікпен есепте тұрған 24 әйел бар. Бедеуліктің біріншілік және екіншілік  деген түрлері болады. Біріншілік – әйел адамның  тұрмысқа шыққаннан кейін мүлдем бала көтермеуі. Екіншілікте әйел тұңғышын өмірге әкеледі, екінші, үшінші баласын көтере алмай қалады. Мұндай диагнозбен есепте тұрған, емделіп  жүрген әйелдер бізде  өте көп. Бедеулік туа пайда болған жыныс мүшелерінің ақауынан болуы мүмкін. Түрлі жатырға жасалған манипуляциялардан, жатырішілік спиральдан да болуы ықтимал.  Қабыну аурулары  да  жатыр түтікшелерін бітеп тастайды да, сәби сүюге кедергі болады. Жыныс мүшесінің түрлі ісік аурулары салдарынан да бедеулік пайда болады. Қабыну аурулары көбінесе жыныстық жолмен берілетін аурулардан туындайды. Соматикалық аурулар – эндокриндік аурулар, қалқанша безі,  мидағы ісіктер, семіздік те әйелдің бала сүюіне кеселін келтіреді. Шылым шегіп, ішімдік ішкен әйелдер де перзентті болуы бақытынан айырылады.  Әйелдің бүкіл денсаулық жағдайы сәби көтеруіне тікелей әсер етеді.  Уакытылы тексеріліп, емделіп, ем-домның бәрін қабылдаған әйел ана бола алады. Емдеу тиімсіз болса, онда нәзікжандыларды ЭКҰ-ға  (экстракорпоральное оплодотверение) жібереміз. Жылына бір әйел ауданнан  ЭКҰ-ға барып, жүкті болып келеді. Жүктілікті жақсы өткеріп, перзентін аман-есен босанып жатыр.

Арулар арасында тұрмыс құрғанға дейін екіқабат болып, тойлары өткенше, есепке тұрмайтындар бар. Жүктіліктің 5-6 айы өткесін, тойдан кейін ғана есепке тұруға келеді. Негізінде аяғы ауыр әйел 12 аптаға дейін есепке тұруы қажет. Сол кезде оның бүкіл денсаулығын тексерістен өткіземіз.  Мүмкін, ол әйелдің бойында бала көтеруге қарсы көрсетілімдері бар қант диабеті, қатерлі ісік аурулар бар шығар. 10-12 аптада жүкті әйел бірінші ультрадыбыстық зерттеуден өтуі керек. Тұқымқуалаушылық аурулары бар-жоғын анықталады. Түрлі тапсыратын анализдері бар. Екінші ультрадыбыстық  зерттеу 20 аптада жүргізіледі. Соған дейін жүріп қалады кейбір жас әйелдер. Бала сүюге әйел мен ер адам саналы түрде бару керек. Баланың саулығы үшін алдымен өздерінің денсаулықтарын түзеп алуы тиіс. Тұқым қуалаушылық аурулар болмауы үшін үш ай бойы дәрумендер ішкендері абзал. Бірінші сәбиін қыз-келіншектер табиғи заңдылықтарына, ана болуға дайын физиологиялық өзгерістеріне сай 20-25 аралығында босанып алулары керек. Тұңғышын 25-тен кейін көтеру, босану қиын болады.  20  мен 30 жаста бірінші рет босанған әйелді салыстырсақ, 20 жаста босанған ананың жүктілігі де, босануы да жеңіл өтеді. Бірінші сәбиін 20-25 жас аралығында өмірге әкелген ананың 40-45 жасқа дейін бала сүюге мүмкіндігі болады,- дейді Айгүл Зекенқызы.

Иә, бұл сәби өмірге келгенге дейін туындайтын мәселелер.  Аяғы ауыр келіннің жағдайын жасау – енеге сын. Жас келіннің дұрыс, сапалы тамақтануы, іштегі баланың  дені сау боп өмірге келуі, сыртқы ортаның зияны тимеуді ене ғана емес, бүкіл отбасы болып қамтамасыз ету керек. Аяғы ауыр келіннің ішкі, сыртқы дүниесінде болып жатқан өзгерістер тікелей бөпесіне әсер ететіндіктен, оның көңіл-күйі көтеріңкі болуға баса мән беріледі.  Түсік тастамасын деп, ауыр жұмыс жасатпай, қорқып кетпесін деп тысқа түнде жалғыз шығармай, ерекше күтіммен қарайды. Алайда, отбасында сәби дүниеге келгеннен кейін келін аяғы ауыр кезінде жасалған жеңілдіктер мен жақсылықтар үшін дандайсып кетуі дұрыс емес. Ененің мұндай жақсылығын келіндер түсіністікпен қабылдап, кейін оған да солай құрметпен қарағаны жөн. Жас келіндер арасында жүктілік кезінде өзін сырқат ретінде қабылдап, өзінен басқа әйел бала көтермегендей көретіндер де бар екен.

Сәбиді күтіп-баптау кезінде енелер, яғни, әжесі өзінің балаларын бағудағы енесінен алған тәжірибелерімен бөлісіп, көрген-білгенін үйретеді. Қазақы салт-дәстүрге көбірек сүйенеді. Баланы көбірек, мейірлене емізу, емізгенде жалаңбас, шашы қобырап отырмау, шомылдыру кезіндегі кеңестерін келіннің құлағына құйып отырады. Ал, жас келіндер болса, енесі үйреткен «ескіліктің қалдығын» менсінбей, қолындағы телефоны арқылы ғаламтордан оқып-білгенін сәбиіне жасағанды жөн көреді. Перзентін енесінен қызғана бастайды. Енесінен гөрі туған анасының ақылына жүгінгенді қалайды. Осы арада ене мен арасында алауыздық пайда бола бастайды.  Кейбір келіндер жас сәбимен ауыл-елді аралап, қыдырып, қонаққа шабады. Бұл да – жасқа толмаған сәби үшін қолайсыз екенін естен шығармау керек. Ене үшін де, келін үшін де – бастысы шақалақтың дені сау ұрпақ боп өсуі маңызды болуға тиіс.

Жас нәресте күтімі туралы Сырым аудандық орталық ауруханасының жоғары санатты жалпы тәжірибелік дәрігері Ләззат Бөкенбаевадан сұрадық.

–  Жаңа туылған нәресте күтіміне орай жас ана енесінің айтқандарына да құлақ түріп, ғаламтордың мәліметіне де сүйеніп, жақсы, пайдалысын сүзіп алуы керек. Бастысы – бала мен ананың саулығы. Біз, дәрігерлер, медбикемен бірге перзентханадан шыққан жас ананың үйіне міндетті түрде барып, сәбиді қарап, тексереміз. Сол кезде үйдегі сәбиге деген жасалған жағдай қандай екеніне де баса мән береміз. Ол үйде бұрын тек үлкен кісілер тұрып келген болса, үй-іші нәрестеге бөлек жағдай туғызуға бейімделу керек. Ең алдымен, жас ана мен нәрестенің бөлмесі жарық, күн сәулесі молынан түсетін, кеңдеу, ауасы тар болмауы болуы тиіс. Үйдегі ең жақсы бөлме балаға берілу керек. Міндетті түрде термометр қойылып, бөлме температурасы  22-25  градуста сақталады.  Бөбекке арналған  бөлек жататын орын (манеж)  қойылады. Баланы жерге жатқызуға болмайды. Бөпені төменге жатқызса, оның мұрны бітіп қалады. Одан ауызбен демалса, тамағына да салқын тиеді. Одан бронхасы, өкпесіне инфекция түсіп, өрши береді.  Халықаралық стандартқа сай «бала жасындағы ауруларға кешенді кіріспе» мемлекетімізде де енгізілді. Бала туғаннан 5 жасқа дейін қалай күтім жасалу керек, емдеу тәртібі стандартқа сай жүргізіледі. Ұрпағының саулығын ойлаған ана  баласына екпе жасатуға тиіс. Сәбиді бұрын құндақтап, өсірсек, қазір  халықаралық стандартқа сай еркін киіммен өсуі тиіс. Алайда, арасында қазақтың киелі бесігіне бөлеудің де еш әбестігі жоқ. Бесікте сәби жылы, таза жатады.

Әлдиді суға түсіргенде жас анаға көмек көрсетілуі керек. Сәби мазасызданып, түнімен ұйықтамағандықтан, анасы көз ілместен көтеріп жүретін болса, демалмаса, сүті қайтып кетеді. Анасы сүт, айран, ірімшік, сүт қатқан, шай, сорпа ішуі керек. Жеміс-көкөністерді  жеуге  4-5 айға шектеледі. Алты айға дейін тек емшек сүтімен қоректендірген дұрыс. Содан кейін ғана сәбиге жеміс езбелерін беруге болады. Картоп, сәбіз, қызылшаны суға қайнатып пісіріп, үккіштен өткізіп, кішкене ғана шемекі май мен жұмыртқа сарысының төрттен бірін араластырып берген өте пайдалы, әрі табиғи құнары мол.

Бөпені таза ауаға шығарып тұрған дұрыс. Бірінші 3, сосын 5 минутқа шығарып, біртіндеп, таза ауада серуендеу уақытын арттыра береді. Ауаға шыққан бөбектің ұйқысы да, тәбеті де жақсарады. Баланы өте қымтай бермеген дұрыс. Бөлме температурасы 22-ден төмен болса, киімін сәл қалыңдатуға болады.

Жас нәрестесі бар үй мүмкіндігінше, қонақ қарсы алудан бас  тартқаны дұрыс. Түрлі адамдар келеді, олар түрлі инфекция, микробты бірге әкеледі.  Сәбилерді қонаққа апару да дұрыс емес. Барған үйдің температурасы балаға қалыпты емес, салқын болуы мүмкін. Үйде сырқат адам болса, бөпелерге инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары. Қазір түрлі фирмалардың сәбилерді шомылдыруға, киімін жууға арналған сабынсулар, денесіне арналған жақпамайлары көп. Олар жарық дүниеге бейімделіп үлгермеген әлдидің денесінде аллергия туғызып, кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан, қолданбаған жөн. Баланы жуындырғанда бөпелерге арналған кәдімгі иіссіз, ақ сабынды ғана қолдану керек. Баланың киімін тек кір сабынмен жууға кеңес береміз,-дейді дәрігер Ләззат Аязбекқызы.

Баланы қонаққа апармау дегеннен шығады. Қазір жас отбасылар баланы көтеріп алып, қонақтықтан бір-ақ шығады. Қандай үйге бара жатыр? Ол үйдегі атмосфера қандай?  Кейбір жас аналар бірнеше жылдан бері бөпелі бола алмай жүрген үйге сәбиін қонаққа апарып, «балама су әкеп берші», «анау керек, мынау керек» деп, дастархан басындағылардың назарын аудартып,  өзінде ғана бала бардай кейіп танытып жатады. Бұл перзент  сүйе алмай жүрген  шаңыраққа  ауырлау тимей ме? Осы жағын да ұмытпай, ескеріп қойған дұрыс-ау.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА