15.06.2020, 12:07
Қараулар: 245
ЕРЛІК ПЕНЕН ЕҢБЕКТЕН ДАҢҒЫЛ САЛҒАН…

ЕРЛІК ПЕНЕН ЕҢБЕКТЕН ДАҢҒЫЛ САЛҒАН…

Жиенқұл Мұқанғалиев 1926 жылы бұрынғы «Қызыл ту» колхозы (қазіргі Алғабас ауылдық округі), Ақсуат ауылында дүниеге келді. 1941 жылы фашистік Германия Кеңес Одағына шабуыл жасаған кезде ол 15 жаста болатын. Тек 7 сыныптық білім алып үлгерді. Жасы жетпегендіктен соғысқа алынбады.Колхозда еңбек етті. Алайда, Махамбеттің «Ереуіл атқа ер салмай, Ерлердің ісі бітер ме?» — дегеніндей, Жиенқұлға мылтық асынбай, майданға кірмей іс бітпейтіндей болып көрінді.

Жиенқұл Мұқанғалиев елге келгеннен кейін өмір өрнектерін сол қалпында қағазға түсіріпті. Ондағы ниеті – кейінгі ұрпаққа өнеге, артынан іздеушілеріне дерек болсын дегені ғой. Жазу стиліне қарап, Жиенқұл атамыздың сөз ұстаған қазақ екенін байқадық. Өмірбаянын құр сандармен толтырмай, нақты деректермен нығыздап, әдеби суреттеулермен байытқан. Майдангердің өз қолымен жазған сол өмірбаяны расымен де, осы мақаланың негізгі азығы болып отыр. Оны бізге ұлы Алтай Мұқанғалиев берді.

МЕНІ «СЫНОК!» — ДЕП АТАЙТЫН!

Ендігі жерде негізінен Жиенқұл Мұқанғалиевтің ұрпаққа жазған хаты – өмірбаяны сөйлеп отырады.

  • 1944 жылдың қаңтарында Жымпиты аудандық комиссариат арқылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылдым. Ол кезде 17 – де едім. Сөйтіп, ауылдағы ағайын – тумалармен қоштасып, Отан қорғау жолында соғысқа кете бардым.

Жаңадан келген жауынгерлер майданға жіберілмес бұрын әскери дайындықтан өтеді. Мен де, алдымен Орынбор облысы, Троецк қаласындағы №365 оқу атқыштар полкында 2 – 3 айлық әскери дайындықтан өттім. Содан кейін І Белорусь майданының 120 – сыншы гвардия дивизиясының №344 гвардия атқыштар полкінің І взвод, №1 бөлімшесіне жіберілдім.

Майданға аттанғанда өз ауылымАқсуаттан құрдастарым Жәлел Әбілов пен Сақтаған Махметов болған еді. Туған жерден құрдастарыммен бірге аттануым көңілге сәл де болса медеу болды. Ал, өз облысымыздың Тайпақ ауданынан Тұқпат Әбдірахманов және Зеленов ауданынан Ғабдуш Айбековпен бірге аттандық.

Пойыздың тауар тиеген вагонында майданға аттанып бара жатқанда неміс фашистерінің ұшағының назарына ілініп, пойызда мезгілсіз дабыл қағылды. Түсу туралы бұйрық берілді. Түн ортасы еді. Түскен жеріміз қалың тоғайдың іші болатын.

Бізді 20 шақты офицер күтіп алып, бөліп – бөліп алып кетті. Ауылдас құрдастарымнан сол жерде бөлініп қала бердім. Тұқпат пен Ғабдуш менімен бірге кетті.

Түн ішінде жапан далада түсіп қалғандықтан, қандай елді мекенге келгеніміз, қай орманда жүргеніміз біз үшін беймәлім еді. Алғашқы күні – ақ Ғабдуштың көзіне оқ тиіп, оны госпитальға алып кетті. Әбдірахманов Тұқпат ПТР – дің атқышы болып тағайындалды, мен танк пулеметінің екінші пулеметшісі болдым.

Біздің бөлімде Сухареври, Ливатов есімді рота командирлері болған еді. 17 – 18 – дегі жасөспірім шағым ғой, мені командирлерім «сынок» деп атайтын.

ЖЕҢІСКЕ БАСТАҒАН ОДЕР

Соғыс өлім мен өмірдің, қиындық пен сәттіліктің, батырлық пен қорқақтықтың беттесетін жері. Өлім мен өмірді беттестірген, батырлықты сынаған мына оқиға Жиенқұл Мұқанғалиевтің есінде ерекше қалыпты:

  • Одер өзенінің жағасындамыз. Келесі бетке өтуге тиістіміз. Күндіз өту қиын. Жау әскері байқап қалады. Сондықтан арғы бетке түн ішінде жетіп алатын болып шештік. Айналаны қою қараңғылық басқан. Немістердің жан – жақтан атқылауына қарамастан, арнайы керілген сым арқылы қару – жарағымызды арқалап, әрең дегенде Одер өзенінің арғы жағасына өттік. Бұл өзен арқылы біз жаңа жеңістерге қадам бастық. Басқа қалаларды, селоларды азат етуге қатыстық, барлауда болдық.

Менің Германия жерінде қол гранатасын лақтырып, бір жау танкісін жойған кезім де болды. Неміс экипажы күл – талқан болды. Маған да оңай тимеді. Ауыр жарақаттанып, есімді жия алмай қалдым. – дейді майдангер.

Осы сәт туралы оның қаруласы Тұқпат Әбдірахманов та естелік қалдырыпты:

  • Түс ауа орманның ішінде тағы бір село үшін ұрыс басталды. Біздің қасымызда станокты пулемет «Максим» орналасқан. Көзді ашып – жұмғанша біздің 2 адамымыз, одан кейін тағы әскеріміз оққа ұшты. Бақсақ, фашист мергені ағаш басында отыр екен. Оны біздің мерген көріп қалып, бір оқпен жоқ қылды.

Осы сәтте түсі қара, азиялық бір кішкентай солдатты старшина қолтықтап, біздің қасымызға әкеліп: «Мынау сіздің жерлестеріңіз!» — деп тастап кетті. Әлі солдаттың құлағы естімей қалған, сөйлейтін хәлі де жоқ. Амал жоқ, ыммен түсінісе бастадық. Құжаттарын тексергенде, ол жымпитылық Жиенқұл Мұқанғалиев болып шықты. Оны бізге жеткізген командирдің көмекшісі Бубнов жолдас болатын.

Осылайша, ол майдандастарының арқасында ажал ауызынан аман қалды.

  • Аяқ астынан кісі өлімі, айналамызда жаудың атылған снарядтарының жарқыншақтары жарылады да жатады. Балаң кезіміз болған соң ба, тіпті бұл соғыстан тірі қаламыз, елге қайтамыз деген ой қаперімізге кіріп шыққан жоқ. Бірнеше күн ас – сусыз, ұйқысыз айдалада жүрген кездеріміз де көп болды. Қатты ашықтық та. Бірақ, алға қойған мақсатымыз – жауды жеңу болғандықтан, қанша ауыр болса да мойымадық. Сөйтіп, «Отан үшін!» деген ұранмен қашан да ілгері жылжып, жеңісті де жақындаттық.

Жиенқұл Мұқанғалиев соғыстағы әскери тапсырмаларды ойдағыдай орындағаны әрі ерлік көрсеткені үшін  ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен марапатталды. 1945 жылы 2 мамырда Германияның астанасы – Берлинді алып, ту тікті.

Соғыс 8 мамыр күні түнімен жалғасты. Таңда командирлердің «Біз жеңдік!» — деген көтеріңкі дауысы, жарқын үндері естілді. Соғыс біткенін жауынгерлер сол кезде түсінді. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 9 мамырдағы бұйрығымен «Берлинді алғаны үшін» медалі кеудесіне тағылды. Жиенқұл батыр соғысты 9 мамыр күні Бранденбург қаласында аяқтады. Кейін Минск маңындағы «Красный ручей» деген әскери қалашыққа келді. Осы қалада 1 жыл болған ол келесі жылы Белоруссияның Гродно қаласында Кеңес Армиясы қатарында №05610 А әскери бөлімшесінде қызмет етті. 1950 жылы 20 сәуірде КСРО Министрлер Кеңесінің шешімімен туған елге оралды.

ІШКІ ІСТЕР САЛАСЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ

Жиенқұл Мұқанғалиев елге келгеннен, Жымпиты аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен ішкі істер бөліміне жұмысқа жіберілді. Осылайша, оның өмірінде ерліктің тағы бір парағы ашылды.

Оның майдандағы көргені, соғыстағы білім – білігінің өзі ауданның тәртібін қамтамасыз етуге жететін еді. Бірақ, Жиенқұл тоқмейілсімеді. Оқу керек екендігін түсінді. Татарстандағы Елабұға қаласындағы арнайы милиция мектебін, кейін Алматыдағы жоғары милиция мектебін тамамдады.

Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің архивтік құжатында Жиенқұл Мұқанғалиевтің ішкі істер органдарында 30 жыл еңбек еткені, оның ішінде Жымпиты, Фурман (қазіргі Қазталов ауданы, Жалпақтал), Қаратөбе аудандарында қылмыстық – іздестіру, тергеу сияқты күрделі салалардақызмет қылғаны, тіпті күніндегі дүркіреген ОБХСС – тің (Әлеуметтік мүлікті тонауға қарсы күрес бөлімі) жедел уәкілі болғаны, сан рет марапат – медаль алғаны сайрап тұр.

«АВТОБУС» ОПЕРАЦИЯСЫ

Майдангер – милиционердің ұлы Алтай ағамыздың әкесі жайлы мына естелігі Жиенқұл Мұқанғалиевтың батырлық бедерін аша түседі.

  • 1967 – 68 жылдардың шамасы. Облыстық ішкі істер басқармасына Атыраудағы, сол кездегі Гурьев қаласындағы түрмелердің бірінен қылмыскер қашып шыққаны, оның Оралға қарай бағыт алғаны жайлы ақпарат келеді. Қылмыскердің ізін кесіп, тұтқындау туралы тапсырма тәжірибелі милиционер Жиенқұл Мұқанғалиевке жүктеледі. Ол формасын тастап, қарапайым тұрғынның киімімен жолға шығады. Жолай қылмыскер отырған автобусқа мінеді. Тапсырма бойынша оны Орал қаласына 15 – 20 шақырым қалғанда құрықтау керек. Әкем шағын болса да, шымыр еді. Спортқа, соның ішінде самбо күресіне жақсы болды. Үйде «Самбо» деген кітап та болған. Содан, әлгі қашқын Оралға жетпей бір аялдамадан түседі. Әкем де бірге түсіп, іле – шала тұтқындайды. Қылмыскер қарулы екен. Бірақ, әкем оны жалаң қолымен алады. Ол аздай, қайтадан автобусқа салып, басқармаға жеткізіпті. – дейді Алтай Мұқанғалиев.

ТҮЙІН

Жиенқұл Мұқанғалиев жоғарыда айтылғандай майдандағы ерлігі үшін ІІІ Дәрежелі Даңқ орденімен, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің, Кеңес Армия Флотының, КСРО Қарулы күштерінің мерейтойлық медальдарымен марапатталды. Ішкі істер саласындағы еңбегі үшін І,ІІ, ІІІ дәрежелі «Ішкі істер бөліміндегі адал еңбегі үшін», «Ұзақ жылғы еңбегі үшін!» медальдарын, «Үздік тергеуші», «Милиция үздігі» атақтарын алды. Жоғары квалификациялық заңгер, полковник Жиенқұл Мұқанғалиев 1995 жылы Қазақстанның сол кездегі астанасы – Алматы қаласында Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай өткен  республикалық салтанатты шараға қатысты. Зейнетке шыққаннан кейін аудандық соғыс ардагерлері кеңесінің, мүмкіндігі шектеулі жандардың ұйымының аудандық Кеңесінің төрағалары қызметтерін атқарды. Жары Назым анамызбен жарты ғасыр отасып, 10 перзентті тәрбиелеп өсірді. Батыр 2003 жылы дүние салды. Бірақ, артында ерлік пен еңбектің даңғылы қалды. Немерелері аталарының жолын қуды. Алтай ағамыздың ұлы Мұқанғалиев Нұрман Ұлттық Қауіпсіздік комитетінде, ал Нұрланұлы Мирбол ішкі істер саласында еңбек етуде.

Иә, біздің ауданда осындай даңқты майдангер туған. Ал, Жымпитыда бір кездері Берлинге ту тіккен батыр, жалаң қолмен қарулы қылмыскерді ұстаған милиционер, жоғары квалификациялық заңгер тұрғанын кім біледі? Бірен – саран адам білер, бәрі білмейді. Бәрі білу керек. Біз осындай адамдармен мақтануға тиістіміз. Олардың өмірін өнеге ету – ұрпақтың парызы. Ұлы Жеңістің даңқы 9 мамырмен аяқталмайды. Жеңіс тойының құрметіне әрі алдағы Қазақстан Полициясының кәсіби мерекесіне орай Ә. Молдағұлова көшесіндегі № 20  үйге ескерткіш тақта орнатса артық болмас еді. Бұл үй — Жиенқұл Мұқанғалиевтің 20 жылдай тұрған, сүйегі шыққан қара шаңырағы. Бұл ұсынысқа біздің қоғам, атамыздың ізбасарлары – Сырым аудандық полициясы не дер екен?

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы