18.06.2020, 12:24
Қараулар: 43
МЕМҚЫЗМЕТТЕГІ ОН АЛТЫ ЖЫЛ

МЕМҚЫЗМЕТТЕГІ ОН АЛТЫ ЖЫЛ

Берік Жанболсынов – өз міндетіне ұқыпты, көпсөзділіктен гөрі нақты шешім қабылдап, істі оңтайлы шешкенді ұнататын азамат санатынан.

2000 жылы Батыс Қазақстан Мемлекеттік Университетіндегі тарих факультетінде  «Экономика және құқық  негіздері» мамандығы бойынша білім алған Берік Молдахметұлы қолына дипломын алған соң, Орал қаласындағы №36 орта мектепте ұстаздық жолын бастады.

Беріктің одан соңғы қызметтік баспалдағы ауданға қарасты Қызылағаш орта  мектебінде  жалғасып, шәкірттерді білім нәрімен сусындатуға арналды.

Десек те, бір айта кетерлік ерекше жағдайдың бастысы, Беріктің бойына  біткен адами қасиеттермен бірге мемлекеттік қызмет аясындағы заңдарды жібермей оқу, елдегі  саяси ахуалдармен жіті танысып отырудағы өзіндік  ізденісі түптеп келгенде мемлекеттік  қызмет саласына табан тіреуге әкелді.

Өткен күндерге көз жібере қарасақ, Б.Жанболсыновтың мемлекеттік қызметтегі  қызметтік сатысына да он алты жылдың жүзі болыпты. Бүгінде Берік Молдахметұлы аудан әкімі  аппараты  жалпы  бөлімінің басшысы қызметінде.

Әрине, мемлекеттік қызмет саласының атқарарлық өзіндік жүгі салмақты, әрі жауапкершілігі зор екендігі даусыз.

Мәселен, Берік Жанболсынов басшылық ететін бөлімде жиырмаға жуық қызметкер қызмет етсе, олардың арасында үшеуі мемлекеттік қызметші, өзге санаттағылар азаматтық қызметшілер.  Сондай-ақ, аталмыш бөлім басшысының жіті қадағалауы, ұйытқы болуымен аудан әкімінің, орынбасарларының, аппарат басшының тұрғындарды түрлі мәселелерімен қабылдауларын ұйымдастыру, аудан әкімі аппаратындағы кіріс, шығыс құжаттарды уақытылы, заңды түрде тіркеуден өткізу, материалдық-техиникалық базаны қамту, тазалық,  көгалдандыру, гүлдерді баптау сияқты жұмыстар да ұдайы атқарылуда.

–  Күнделікті өмірде түрлі мінезді азаматтармен жүздесіп  жатамыз. Әрине, оларды да түсінуге болады.  Бірі ашулы күйде келсе, енді бірі қай бөлімге барарын білмей, ақыл сұрай келеді. Тұрғындардың басым бөлігі баспана, жұмыс, әлеуметтік көмекке мұқтаждықтан аудан әкімі аппаратына аяқтай келетіндері бар. Келген азаматтарды жылы қабылдап, ашу шақыра келгендерін сабырлыққа шақырып, кеңестерімізді айтып, тиісті сала басшыларына, бөлімдерге жолдап отырамыз,- дейді мемлекеттік қызметші Берік Жанболсынов.

Иә, кейіпкеріміздің  кәсіби мерекесі алды осылайша қалам тербей отыра, Беріктің жас мамандарға  бағыт-бағдар, ақыл-кеңес берерлік  ағалық, ұстаздық деңгейдегі  мәртебесі  бар екендігін де айта кеткеніміз жөн.

Берік – отбасында зайыбы Әселмен екі ұл тәрбиелеп  отырған елге сыйлы, үлгілі отағасы ретінде танымал азамат.

Мүсірбек АЙТАШЕВ