18.06.2020, 12:26
Қараулар: 58
ҚОҢЫРДЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

ҚОҢЫРДЫҢ ТӨЛ ПЕРЗЕНТІ

Қобыланды Ғабдешов батыр, дауылпаз ақын Абдолла Жұмағалиевтің кіндік қаны тамған Қоңыр ауылының тумасы. Осы киелі мекенде дүниеге келген Қобыланды А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебін 1981 жылы тәмәмдады.Білімде зеректігімен танылған Қ.Ғабдешов А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының физика-математика факультетін ойдағыдай аяқтап, алғашқы ұстаздық жолын 1989 жылы Тасқұдық кеңшарындағы Тінәлі орталау мектебінде бастады.

Өскен өңірдің тылсым күші ме, әлде тағдырдың жазуының әсері де болуы мүмкін 1991 жылы оның ендігі қызметтік баспалдағы А.Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебінде заңды жалғасын тапты.
Заңды дегеннен шығады әуелден газет-журнал, ақын-жазушылардың кітабын жата-жастанып оқуға әуес Қобыланды елдегі саяси ахуал, мемлекет аясындағы заң тармақтарымен жіті танысып отыруға да уақытын табатын.
Міне, әңгіменің ендігі әуеніне орайластырып айтарымыз да 20 жыл ұстаздық салада қызмет атқарған Қобыланды Ғабдешұлы одан соңғы жылдар еншісінде 13 жыл бойы ауыл әкімі ретінде халқына әбден таныс, «қолда өскен бала» ретінде танылуда.

Үнемі тығыз шаруа, қарбалас үстінде жүретін Жосалы ауылдық округінің әкімі Қ.Ғабдешовты кездестіріп, әңгіме-дүкен құруымызға да бар болғаны 10-15 минуттай уақытымыз кетіпті.

  • Әкім болып тағайындалған соң, халқың саған сенім артып, отыратындықтан қолдағы бар мүмкіндікті сала еңбек ету керек. Өз басым осы қағиданы әуелден берік ұстап келемін.
    Тұрғындарды өтініштерімен қабылдау кестесі аптаның бейсенбі күніне белгіленсе де оған қарап отырған мен жоқ.
    Жұмыс бөлмеге бас сұққан адамдар болса «қош келдің» айтып қабылдап, шаруаларын шешіп, реті келмей жатса күте тұруға тура келетіндігін ескертіп шығарып салатын кездер болады,-дейді Қ.Ғабдешов ағынан жарыла.

Иә, туған жерінің төл перзенті, елжанды азамат Қ.Ғабдешовтен сөз суыртпақтай келе көп жағдайға да қанықтық. Мысалы, өзгелерін сөз етпегеннің өзінде ауыл орталығында тау бола үйіліп жатқан, кеңес заманынан қалғанына 40 жыл болған қоқысты 2007-2008 жылдары арнайы орынға тасымалдауды аяқтау, тұрғындардың малдары су ішетін орындарды бөгеттерді бөгеп жасақтау, 2017 жылы ауылға «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз судың қосылуы, 2015 жылы тұрғындардың көгілдір отынның игілігін көруге қол жеткізуі, ауылдық округтегі көшелерге елге белгілі ұлы тұлғалардың есімдерінің берілуі, көшелердің тазалығы, көгалдандыру, гүл отырғызу, көше шамдарын орнатуды көбейту, бақша баптау тағы басқалай да мәселелерді жүзеге асыруда әкім ғана емес азамат ретінде Қобыланды Ғабдешовтың қосып отырған үлесі бір төбе дер едік.

Пәлі, жоғарыда айтып өткеніміздей ақын-жазушылардың том-том кітаптарын оқып, басылымдарға да көзәйнегімен шұқшиып шолып шығатын ол мемлекеттік бағдарлама аясындағы қабылданып жатырған заң тармақтарын үнемі қойын кітапшасына жазып отыратын ғадеті бар.

Ал, осындай таланты дәстүріне берік енгізе білген Қобыландының қызметтен сәл босай қалған кездері футбол ойнап, шаңғы тебуді, атқа мініп серуендеуді жаны қалайтындығын көбіміздің біле бермейтіндігіміз рас.
Немесе, әр жылы облыста өткізіліп жүрген қазақы ұлттық ойын тоғызқұмалақта ауыл әкімі Қ.Ғабдешовтың мемлекеттік қызметшілер арасындағы сайыста жүлдегер танылып жүргендігі де зор мәртебе емес пе?! ҚР мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында ауыл әкімі Қ.Ғабдешов жөнінде осылайша сыр шерттік.

«Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген қағиданы берік ұстанған ауыл перзентінің үмітті ақтағандығы да осы.

Мүсірбек АЙТАШЕВ