18.06.2020, 12:33
Қараулар: 403
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ АНА

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕГІ АНА

«Мемлекеттік қызметші – жергілікті жерде мемлекеттік қызметті жүзеге асыратын адамдар. Жұмысымыз халықпен тығыз байланысты. Әр мемлекеттік қызметшінің мақсаты – қарапайым халықтың алғысына бөлену, әріптестермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау»,- деп санайтын Кенжегүл Есмұқанқызы Сырым ауданындағы бірінші қызметін аудан прокуратурасында бастады. Одан кейін аудан әкімшілігіндегі бос лауазымға құжат тапсырып, құқық бөліміне бас маман болып жұмысқа орналасты. 2012 жылдан бері аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру жұмыстары және мемлекеттік қызметтер мониторингі бөлімінің басшысы болып қызмет етіп келеді.


– Мемлекетті қызметке қызығушылығым өте жоғары. Өз жұмысымнан шаршап, жалығып көрген сәтім болған емес. Әйел адамға мемлекеттік қызмет қиын емес пе деп жатады көпшілік. Алайда жұмыс тәжірибемде қиындық кездескен емес. Мемлекеттік қызмет нәзік жандыларға, ер азаматтарға деп арнап бөлінетін жұмыс емес. Міндетіміз – тек халыққа адал қызмет ету ғана. Үй шаруасы мен жұмысқа бірдей үлгеру, ұрпақ тәрбиесі мен олардың сабағы, тамағы, тазалығы – кез-келген әйел-анаға тән міндет. «Ананың көңілі – балада» дегендей, балаларыма деген ықыласым тәуліктің жиырма төрт сағатында да басқа нәрсеге аумайды. Балаларым менің жұмысқа ерте кететінімді, кеш келетінімді біледі, соған қалыптасқан, үнемі маған көмектесуге бейім тұрады. Жұмыстан келген соң, сабақтарын тексеруді ұмытпаймын. Кабинетіме кірген соң, отбасымнан гөрі қызметімді көбірек ойлауға тырысамын. Үйге келгесін, жұмысты ойламай, өзімді үй-ішіме арнаймын. Сыртымнан жұмысымның қауырт екенін көрген жандар аяушылық білдіріп, қиын емес пе деп жатады. Жұмысымды қиналып жасаған күнім болған емес. Не жасасам да, шын жүректен беріліп жасағанды, бастаған ісімді аяғына дейін жеткізгенді ұнатамын. Бір жұмысты екі күнге бөліп атқармаймын. Түрлі қызметте жүрген қыз-келіншектердің қолдаушысы – ең алдымен отағасы. Отбасының тірегі саналатын ерінен қолдау болмаса, әйел адамның жұмысқа бар ынта-жігерімен кірісуі мүмкін болмайды. Жұмысқа ерте кетіп, кеш келіп жататын күндерімде азаматым қабақ шытпай, түсіністікпен қарайды.
Кенжегүл Есмұқанқызы басшылық ететін бөлімде басшы, маман деп бөліну жоқ. Олар басшы да – маман, маман да – маман деп санайды. Кейіпкеріміз «мен басшымын» демей, өзін қызметкерлерімен тең ұстайды. Бөлімдегілер біріне-бір қол ұшын созып, демеп, жұмысты санаспай атқара береді.
Қызметіне адал, іскер Кенжегүл ханымды көбісі қызу жұмыста жүрген бейнесін, мемлекеттік қызметтің сардары ретінде таниды. Оның жаны бала күнінен поэзияға құмар екенін екінің бірі біле бермейді. Мектепте оқып жүргенінде тіл-әдебиетті сүйіп оқыды. Бүгінде сансыз баяндамалар дайындап жүрген бөлім басшысының тілге сауаттылығы, сөздік қорының байлығы мектеп кезінде іргетасының берік қалануынан шығар. Ақын-жазушылардың мықты патриоттық рух беретін шығармаларынан рухани азық, демалыс алады. Үлкен ұлы болашақта анасы секілді мемлекеттік қызметші болуды армандайды екен.
«Аға буын бізді мемлекеттік қызметке қызықтыра білгендей, біз де қызметімізге деген сүйіспеншілігімізбен, ізгі істерімізбен жас буынды мемлекеттік қызметке тарта білуіміз қажет. Әріптестерімді мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын»,- дейді Кенжегүл Исатаева.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

#мемлекеттік_қызметшілер_күні