18.06.2020, 12:42
Қараулар: 446
ТІЛСІЗ ЖАУҒА ТЕХНИКА ДАЙЫН ЕМЕС, ШАРУАҒА ОЛ НЕГЕ УАЙЫМ ЕМЕС?

ТІЛСІЗ ЖАУҒА ТЕХНИКА ДАЙЫН ЕМЕС, ШАРУАҒА ОЛ НЕГЕ УАЙЫМ ЕМЕС?

 

Жер аяғы кеңіп, күн ыси бастаса болды, далаға да қауіп төне бастайтыны анық. Ыстық өртті өршітеді. Жаз басталғанша да ауданда 5 өрт оқиғасы Талдыбұлақ, Аралтөбе, Жосалы, Бұлан ауылдық округтерінде тіркелген. Оның ішінде дала жанулары, шабындық алқаптары, көлік өртену фактілері бар. Осы мақаланы дайындап жүргенімізде Жымпиты да қоқыстың салдарынан алтыншы өрт оқиғасы тіркелді.

ЕРІКТІЛЕРДІҢ ҚАУІПСІЗДІГІН КІМ МОЙЫНЫНА АЛАДЫ?

Өрттің қалай, қашан шығарын ешкім білмейді. Бірақ, ауыздықтауды, өрт жағдайында әрекет етуді білеміз бе? Сырым аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Сағдат Әнеске жолығып, сауалдарымызға жауап алып, аудандағы ахуалдың бүгінгі жайын білдік.

  • Ауыл әкімдеріне, еріктілерге қауіпсіздік шараларын сақтау, өрт кезінде қимылдау туралы алдын — ала түсінік жұмыстары жүргізілді. Шыққан өрттерді, әсіресе дала жануларын ауыздықтауда әкімдер мен еріктілер алдарына жан салмай, іске лезде кірісетіндігі қуантады. Алайда, біз жергілікті билікті, ерікті азаматты тілсіз жаумен күреске жұмылдырғанмен,олардың өмірін сақтандыруда шарасыз болып отырмыз. Олай дейтініміз, республика бойынша «Ерікті өртке қарсы құрылым» штабы жоқ. Әрине, әкімдер де, бұқара да кез келген жағдайға дайын болып, тілсіз жауға тойтарыс беруде қол қусырып қалып жатқан жоқ. Бірақ, өртке қарсы күресу сауатын меңгеріп, арнайы киім – кешекпен қамтылса, қауіпсіздік туралы айтуға болатын еді. Аудан орталығында өрт сөндіруге арналған 4 көлік болса, оның екеуі — жеңіл көлік. Сонда негізгі жұмысты жасайтын – екі көлік. Олар да тозып тұр. Жануды сөндіргеннен гөрі болдырмаған оңай. Жану орын алғанда лезде қимылдаған ұтады. Сондықтан, ауыл әкімдеріне қандай салмақ жүктеліп тұрғанын түсінуге болады. Қай оқиғада да хабар беретін де, жұмысты ұйымдастыратын да, алғашқы амалдарды қолданатын да, тіпті түбегейлі шешетін де – солар. — дейді Сағдат Қайратұлы.

—   Маусым айының басында жай түсудің салдарынан Жосалыда дала өртенді. Ауылдың ерікті азаматтары жұдырықтай жұмылып, «Сырым» мемлекеттік коммуналдық мекемесі техникалық көмек көрсетіп, ауыздықтадық. Трактор соқамен жер жыртып, біраз шабындықты жалыннан арашалап қалды. Соның өзінде 200 гектарға жуық жерді от шарпыды.- дейді ауыл әкімі Қобыланды Ғабдешов.

Тағы бір көлемді жану фактісі Аралтөбе ауылдық округінде тіркелген еді. Өткен аптада округтің батыс жақ бетінен дала өрті шығып, «1-ші бригада» деген жерге 1500 га, «Матсай» деген жерде 1500, «Масалыкөл» деген жерде 1500, барлығы 4500 га шабындық және жайылым отқа оранды.Бірер күн бұрын Орал қаласында тұратын аралтөбелік азамат жеке көлігімен ауылға келе жатады. Күннің аптап ыстығы көліктің қызуына себеп болған. Мәшинесін желге қарсы қойып, суытамын деп, онымен қызған көліктен жалын ұшқындай бастаған секілді.Сол жалын шабындық шөпке жайылған. Абырой болғанда, көлік жүргізуші көлікті тастап, алысырақ кетіп үлгерген. Ешкім жапа шекпеген. Ал, ВАЗ Lada 2110 маркалы жеңіл көлік түгел жанып кеткен. Оны кейін барып көзімізбен де көріп, суретке түсіріп қайттық.

  • Өрт қатты болды. Ауыл азаматтары болып ауыздықтағандай болдық. Араға күн салып жалын тағы көтерілді. Екі күн қатарынан өрт дес бермей, қосымша күштер жұмылдырылып қанатоқтата алдық.-дейді ауыл азаматы, біздің газеттің штаттан тыс тілшісі Рашид Байров.

ТРАКТОРЛАРДЫҢ 22 ПАЙЫЗЫ ҒАНА ТЕКСЕРІЛГЕН.

Байқап отырғанымыздай, адам күші өз алдына, өртті сөндіруде техника үлкен маңыз алады. Демек, тілсіз жаумен күресу үшін, мінсіз техника керек. Ауылшаруашылық техникаларының тексерісі өтті ме? Қалай өтті? Оны Сырым ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі мемлекеттік мекемесінің бас маманы Айшолпан Жанатаудан сұрадық.

Жоспарға сай ауылдық округтер бойынша техникалық байқау өткізу кестесін алдын ала құрып, 12 округте тексеріс жұмыстарын өткізген.

Батырлар жырында қазақтың баһадүрлерін «суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын» деп суреттемеушіме еді. Сол секілді, өрт келсе жер жыртатын, су таситын, қар қаптаса, аршитын ауылдағы ағайынның сенімді «досы» — тракторлар. Айшолпан Жолдыбайқызының айтуынша, былтыр 30 пайыздан астам трактор техникалық тексерістен өтсе, биылғы көрсеткіш бұл пайызға да жетпеген. 2020 жылы тек 22 пайызтрактор техникалық байқауда «бой көрсеткен»Санмен, нақтылап айтсақ, аудандағы барлық ауылдық округ бойынша 703 трактор болса, тек қана 107 трактордың техникалық жарамдылығы тексерілген. Тракторлардың бәрі жаңа деп тағы мақтана алмаймыз. 2018-2020 жылдары алынған жаңа тракторлар саны — 49 болса, ескісі – 654 дана.

Техтексеру барлық округте өткен, бірақ тек 107 трактор тексерілген. Демек, қалғандары сақадай сай немесе орынынан қозғала алмайтын «ауыр халде». Жазғы далалық жұмыстар болса басталды. Ол кезде «жағдайы нашар» техникалар да әупірімдер болса да жүріп, еңбек етеді. Бұл — шабындыққа, алқапқа тексерілмеген, қауіпті – қауіпсіз екендігі анықталмаған 654 трактор кіреді деген сөз. Соның біреуінен өрт шықса болды ғой. Күкірттей болған шөпті жанудан сақтап көп.
Түсінгеніміз, техникалық байқауға шаруашылық иелері техникаларын әкелуде салғырттық танытып отыр. Белгіленген талаптарға сайланған, өрт сөндіру құралдарын жинақтаған, яғни шөп шапқыш жәшігіндегі құм, техникада сыпырғыш, күрек, киіз, сапалақ құралдармен жарақтанған шаруашылықтар аз. Сондықтан, бұл жұмысты тағы бір қолға алмаса болмайды.

ТҮЙІН.

Апат айтып келмейді. Айтып келмегені үшін де тілсіз дейміз. Әрине, өрт жайласа ешкім қарап отырмас. Мүмкіндігінше техникасымен жәрдем жасап, өз басын тәуекелге тігер бүгінгі күннің аптал азаматтары бары бар ғой, бірақ, олардың қауіпсіздігі сақтандырылмай тұрғаны қынжылтады. Әйтпесе, 2017 жылы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Сулыкөл ауылында дала өртін сөндіруге барған ауыл әкімі мен мұғалім тірілей жанып кеткен жоқ па? Үшінші адам да ауыр халде деген. Оның тағдыры не болғаны белгісіз.

Аудандағы өрт сөндіру бөлімінің көлігі жаңартылса деген де тілек бар.

Тас түскен жеріне ауыр дегендей, ауыл маңы өртенсе, күш әкім мен шаруашылыққа түсетінін тағы да қайталап айтамыз. Сондықтан, қамсыз отырмайық!

Айжан АМАНГЕЛДИНА