18.06.2020, 16:24
Қараулар: 247
ҚОРАДАҒЫ АЙҚАЙ

ҚОРАДАҒЫ АЙҚАЙ

(әзіл әңгіме)

 

Ауыл кеші. Өрістен мал келіп болған. Үп еткен жел жоқ. Көшенің төбесінде шаң көтеріліп тұр. Іздеген қойын ауылдың екінші бір шетіндегі үйден тапқан бозбала саулықты жүк салғышына салып алды да, өкіртіп газды басып, салдырлаған «15 — тікпен» ызғытып өте шықты. Көшеде тұтасып тұрған шаңға барып тағы бір қабат тұнды.

Жаңыл әжей сиырларын сауып болып, соңғы шелек сүтіп алып, қора жақтан шықты. Әжейдің шығып кеткенін бағып тұрған ала ешкі ағаш есік жабылып, шеге қайырылысымен айқайға басты:

  • Оййй, сорладық! Біттік! Құрыдық! Енді күніміз не болмақ? Беееее….
  • Не болды сонша? Өзіміз күні бойы жүріп – жүріп, демалайын десек. Бір тыныштық бермедің ғой бажылдап. – деп ренжіді сиыр.
  • Қалай бажылдамаймын? Айтшы, қалай бажылдамаймын? Ойбай – ай! Сұмдық болғалы жатыр?
  • Ол не сұмдық! Бруцеллез келе жатыр ма? – деді сиыр күйісін тоқтатып.
  • Одан да жаман? Одан да!
  • Дауысың неткен ащы еді — ай? Секең – секең етпей, дұрыстап түсіндіріп айтшы енді.
  • Ой, сорлы сиырым – ай? Ертең, қасыңа қорсылдаған шошқа келсе, менің ащы дауысым саған әншінің фонограммасындай болып естілер. Ай, қадірімді білмейсің, білмейсің…
  • Шошқасы нес?
  • Естіген жоқсыңдар ма не? Үкімет көпбалалы аналардың жағдайын ойлап болып, енді көпторайлы шошқаларды жарылқамақ. Әрбір шошқаға жүз қырық мың теңгеден береді екен! Жүүүүз қыыырыыыық мыыың! Болды, біздің дәурен бітті. Ертең бәрімізді сойып тастайды. Сосын мына қораға шошқалар келеді.
  • Қайдағыны соғып сенде. О заман да, бұ заман? Шошқа қаптағаны нес. Оны кім айтты саған? Сен де бір. Бір өсектің басын, бір өсектің аяғын тыңдайсың да, екеуін қосып, елді дүрліктіресің!
  • Шын айтам! Сақалды басыммен өтірік айтып не көрінді маған? Мана далада жүргенде орыс Пашаның қойларын көрдім. Солар айтты. Ертең тапсырылуға кетеді екен. Жылап, қоштасты. Олардың орынына Паша шошқа сатып алмақ.
  • Мәссаған…

Манағыдай емес, сиырды ешкінің сөзі ойландырып тастады. Бар сүтін бұзауына берместен, әуелі адамға саудыратын. «Ақ мол болсын!» дейтін қазақтың ағы соның сүтінен жасалмай ма? Қазақтың дастарханы қаймақ – майдан, айран – көжеден, құрт – ірімшіктен босап еді. Соның бәрі сиырдың арқасы емес пе? Сол еңбегі үшін қазақтың айтқан рахметі осы ма? Бруцеллез бір қырады, ұры екі. Енді шошқа! Шошқамен бір қорада тұрғанша, сойса, сойып тастасын! Бірақ, өсіп келе жатқан бұзауын қимады. Осының тым болмаса баспақ болған күнін бір көрсе…

Ала ешкі енді қасындағы қойға ұрынды.

  • Бәрі сенің кесірің! – деді қойға?
  • Мен не істедім?
  • Сен не істемедің? Өзіңнің пікірің жоқ! Үндемейсің, бәріне көне бересің. Сосын адамдар басынады.
  • Бізді Алла адамның қажеті үшін жаратқан. – деді қой сабырлы кейіппен.
  • Ой, осы сенің тақуалығың – ай! Айтпақшы, ол құрметтен де қағылдым дей бер. Сен осы Құрбан Айтқа жетпейтін боларсың! Кетесің! – деп ешкі мүйізімен қойдың тамағын сызып өтті.
  • Неге?
  • Болды. Сенен, менен құтылады. Құрбандыққа шошқа шалып жүрмесін деп тіле.
  • Қайдағыны айтпа! Қазақтар – мұсылмандар! Олар өлсе де, шошқа асырамайды. Оның еті – арам.
  • Ал ақшасы ше?
  • Арамды сатқаннан түскен пайда да – арам!
  • Ай білмеймін! Адам сатып жүрген адамдар, шошқа сатқаннан қысылады деп ойламаймын.

Ала ешкі қойдың көп егеске бармайтынын түсінді. Тұяқтарымен тіреп, екі аяқпен тұрып айналаға қарап еді, қой ауланың сырт жағында тұрған жылқыға көзі түсті.

  • Қайырлы кеш! Жылқы мырза! Амансыз ба?
  • Қайырлы кеш, ешкі ханым?
  • Жылқыеке! Айтыңызшы, осы сіздерді алғаш қолға үйреткен қазақтар емес пе?
  • Иә!
  • Сол қазақтарға, батыр қазақтарға жауға шапқанда айнымас адал серік, жолға шықса, жолдас болған, аяғын жерге тигізбес көмекші болған сіздер ме, әлде шошқалар ма?
  • Сен не оттап тұрсың, ешкі? Не қазақтар жауға шошқамен шапты дейсің бе?
  • Онда неге үкімет асыл тұқымды бір айғырға 100 мың теңге ғана береді. Ал әр шошқаға 140 мың теңге, көрінген әр торайға 40 мың теңге беремін деп отыр? Қазақ сені сыйласа, сені құрметтесе, құлыныңа бермей ме ал? – деп от жаға түсті ешкі.

Жылқының қаны басына шапты. Тұяғымен жер тарпып, кісінеп жіберді.

  • Сен олай, айдастырма! Қазақта ердің құны мен жердің құны, аттың құны мен тақтың құны тең!
  • Қазір заман басқа! Шошқаның құны мен ақшаның құны тең! – деп тілі мен жағына сүйеніп ешкі де қоймады.
  • Қазір ауызыңнан бір тебем!

Аулаға артылып тұрған ала ешкі кері түсіп, орынына тұра қойды.

Иә, кеше қорада осындай айқай болды. Қайта бұл жаңалықты, бұл дауды түйе естімей қалды. Көшпенді жұрттың киіз үйі мен шаңырағын көтеріп, керуенде жүрген түйе малы қазір азайды. Мынаны естісе, тіпті қапаланар еді. Асан Қайғының заманында неге қалып қоймадым дер еді.

Өзін – өзі қанша сабырға шақырса да, жылқы тыныштала алмады. Көзін жұмса сайын дала, жалпақ жазирасында жайылып жүрген доңыздар елестеп, шошыды.

  • Шошқасы нес? Үкіметтің ақшасы көп болса, шошқаға шашпай, үй – үйге бір – бір есек алып берсін одан да. Еті – арам болғанмен, еңбегі адал ғой жарықтықтардың. Аттан артылған қанша шаруаны есектер емес пе жасап келген? Қожанасыр болса, солай жасар еді. Біздің билік Қожанасыр құрлы болмай тұр ма сонда? Атқамінерлерлерміз дейді…Тфу…Атқа міну қайда сендерге?

Шошқалар жақсы жаңалықты қуана қабылдапты. «Күніміз туды!» — деп тұяқтарын – тұяқтарына соғып, қуанып жатқан көрінеді. Бақыттан басы айналған біреуі:

  • Қазақстан – көпұлтты ғана емес, көпмалды мемлекет. Жылқының да, қойдың да, шошқаның құқы заң алдында тең! Бәріміз бір қораның астында тату – тәтті ғұмыр кешеміз. Қазақстан халқы Ассамблеясы жасасын! – деп сұхбат беріп жіберіпті.

Ел аман, қора тыныш болсын!

 

Оқиға орынынан: Бауыржан Шерім