10.09.2020, 12:04
Қараулар: 31
СЫРЫМДА ЕРСАРЫ БАТЫРҒА КЕСЕНЕ ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

СЫРЫМДА ЕРСАРЫ БАТЫРҒА КЕСЕНЕ ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

Сырым ауданында Ерсары батырға тұрғызылған кесене ашылды.
Ерсары Бегетайұлы 1757 жылы дүниеге келген. Ол 1783 – 1797 жылдар аралығында Ресей патшасының озбырлығына, хан – сұлтандардың әділетсіздігіне қарсы Сырым Датұлы бастаған ұлт – азаттық көтерілістің басты қаһармандарының бірі. Мерген әрі мықты найзагер Ерсары батыр шебер қолбасшылық та жасап, Сырым сарбаздарының алғы шебін ұстаған. Батырдың інілері Қойсары, Елтоқ, Жантоқ, Сегізбай Бегетайұлдары да Сырыммен қарулас болған.
1785 – 1813 жылдар барысындағы Ерсары батырдың өміріне қатысты деректер мол. Онда Шолан батырдың шөбересі Жайық бойындағы казак – орыс бекіністеріне соққы бергендігі, Еділ бойындағы қалмақтарды ойсыратып, оларды тұтқынға алғандығы айтылады. Ерсары 1790 жылы Кіші жүздің саяси өмірінде болған оқиғалардың ортасында жүріп, қазақ – орыс қатынастарының негізгі мәселелері талқыланған Кіші жүзде өткен қазақ старшындарының сиезіне қатысқан. 1812 Кіші жүз ханы Шерғазы Айшуақұлы патша үкіметіне Ерсары Бегетайұлына «тархан» атағын беру туралы ұсыныс жасайды.
Батыр 1813 жылы шайқас үстінде қаза тапқан. Өзінің аманаты бойынша Шолақаңқаты өзенінің сағасына жерленіпті. Бірақ, осы кезге дейін батырдың бейітінің нақты қай жерде екенін ешкім білмеген. Сырым ауданы, Шолақаңқаты ауылдық округіндегі Жұмағазы хазірет жатқан қорымға келген өлкетанушы, журналист Қазыбек Құттымұратұлы әулие кесенесінің маңынан араб жазуы бар ескі құлпытастарды байқайды. Қазыбек Құттымұратұлы шеткері жатқан тастың бедерінен «Байбақты руы, Шолан тайпасы, Ерсары Бегетайұлы опат болды 1813 жылы әсеттің басында. Бұны қойған: баласы Мұқан» мырза деген жазуды оқиды. Бұл 2016 жылдың болатын 31 мамыры күні болатын. Осылайша, Ерсары Бегетайұлы тарих бетінде қайтадан «тірілді».
Батыр шайқас үстінде қаза тапты дедік. Соңғы шайқасында жараланып, ат үстінде тұрған күйі, найзасын жерге шаншып, бауыры Елтоққа: Өлсем, осы жерге жерге жерлеңдер. Топырақ бұйырып тұрған шығар. – дейді. Сонда Елтоқ ағасы:
Қайырлы болсын Ерсеке – ау,
Найзаның кірген жарасы.
Алланың жазған тағдыры,
Болған іске не шара,
Аман – сау болғай арттағы,
Он екі ата Байұлы,
Сұлтансиық баласы. – деп жұбатыпты деседі.
Елтоқ «аман – сау болғай арттағы…» деп сенген Шолан батырдың Түкішінен тараған бүгінгі ұрпақтар бабалар арманының туын құлатпады. Ерсарының есімі жоғалмасын, тұлғасы тозбасын, батырлық бейнесі болашаққа аман жетсін деп, кесене тұрғызған солар еді. Диаметрі 5 метр, ұзындығы 7 метр болатын алып дулыға секілді кесене Сырымның даласында ерліктің ескерткішіндей болып тұр. Кесене қабырғалары Маңғыстаудан әкелінген теңіз тасынан қашалыпты. Шеберлер де сол жақтан алдырылған. Құрылыс жұмыстарына батырдың ұрпақтары 8 млн теңге қаражат жұмсаған.
Кесененің басында әуелі Сырым аудандық орталық мешітінің бас имамы Әділхан Наурызбай құран оқып, батыр рухына дұға бағышталды. Кейін жиын басталды. Шарада Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, М. Өтемісов атындағы БҚУ – нің аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО меншікті тілшісі, журналист, өлкетанушы Қазыбек Құттымұратқұлы, Ерсары батыр ұрпақтарының атынан ақтөбелік Тілек Тілеуғалиұлы сөз сөйледі.
Газетке сұхбат берген кесене құрылысын қаржыландырушылардың бірі, батыр ұрпағы Нұрлан Ермұханов мырза осындай істер үшін Е. Бегетайұлы атындағы қоғамдық қор құрылғандығын, қор өз жұмысын осы бағытта жалғастыра беретінін, анықталып жатса Түкіш руынан шыққан басқа да тұлғалардың басына кесене тұрғызу жоспарда бар екенін айтты.
Әрине, жерлестер мен руластар бірігіп, ел үшін, тарих үшін іс қылса жақсы ғой. Бірақ, бұл іс тарихқа құрмет және келешекке үлгі деген екі қазықтан ұзамағаны жақсы. Дәріптеу дандайсуға, мәртебе көру мақтанышқа ұласып кетсе бірлікке сызат түсіреді. Ерсары батырдың ұрпақтарына ризамыз, осылай бірлікте болып, дардай шаруалар тындыра беруіне тілекшіміз. Е. Бегетайұлы атындағы қор алдағы уақытта ауыл балаларының білім алуына гранттар тағайындаса да ұтылмас еді. Мәселен, бір кесенеге кеткен қаражатқа табысы төмен жанұядан шыққан 8 баланы жоғарғы оқу орынында тегін оқытуға болады екен.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ