14.09.2020, 17:18
Қараулар: 45
COVID-19: ЕКІНШІ ТОЛҚЫН БОЛА МА?

COVID-19: ЕКІНШІ ТОЛҚЫН БОЛА МА?

132 адам құлан-таза айығып шықты

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кезінде еліміздің әр қиырынан провизорлық орталықтар ашылған болатын. Біздің ауданымыз да халық үшін вируспен күресте провизорлық орталық ашты. Аталмыш орталықта 1 шілде мен 28 тамыз аралығында 4 дәрігер, 14 медбике, 17 кіші қызметкер еңбек етті. Жалпы аудан бойынша вирус жұқтырған 238 адам тіркелген. Оның 22-сі бала. Провизорлық орталық ашылмас бұрын ауру анықталған 102 науқас қалаға жөнелтілген. – Орталыққа түскен науқастардың басым бөлігі егде жастағы адамдар болғандықтан, барлық ауруды «тәжтажалға» ысыра салуға болмас.

Үлкендік сезіліп, басы ауырып, балтыры сыздаған қарияға вирус жабысса, ағзасын әлсіретіп, соққы беретіні белгілі. Провизорлық орталыққа аталған кезеңде 136 науқас түсіп, 132 адам құлан-таза айығып шықты. Бұлдырты, Тоғанас ауылдық округтерінің екі тұрғыны, өкінішке қарай, жасалған күтім мен ем-домға қарамастан о дүниелік болды. Науқастың ем-домын жасайтын дәрігерлердің жетіспеушілігі қиынға соғып тұр. Атап айтар болсам, Жымпитыға педиатр, Қазақстан ауылдық округіне фельдшер, Алғабас, Аратөбе, Бұлдырты ауылдық округтеріне жалпы тәжірбиелік дәрігер мамандар керек, – дейді аурухана директоры Роза Тахамбетова. Иә, COVID-19-бен күресте алдыңғы сапта болған дәрігерлер А.Анесова, Н.Несіпқалиева, А.Ткатова, А.Елеуғалиев, бас медбике К.Айташова, медбикефельдшерлер Д.Әубәкірова, Р.Сихов, А.Сармурзина, Д.Ихсанова, М.Ким, А.Жұмағұлов, Б.Хатият, Б.Мухатова, Ж.Тойғожиев, А.Қайырғожин, И.Жолдығұлова, А.Таубаева, Г.Төлеуғазиева, кіші қызметкерлер Н.Құбашева, А.Алиева, Г.Райсова, Г.Утешкалиева, З.Қазмұханова, Г.Бисенова, Г.Сәрсенғалиева, В.Тлегенова, А.Молдашева, А.Едіресова, Ш.Молдағалиева, Ш.Утеева, Г.Жанатауова, А.Бекенғалиева, Л.Шуренова, Д.Төлеуова, Н.Ақбасованың еңбектері ерен. Мемлекет басшысының өзі «Дәрігерлер – бүгінгі күннің батырлары» деген болатын. Расымен де олар адам өміріне араша түсіп, қайсарлық таныта білген нағыз батырлар. – Провизорлық орталықта науқастарға тек ем-дом жасамай, оларды сабырға шақырып, психолог та бола білу керек. Науқастың тәні ауырып, ағзасы вируспен, т.б. аурулармен күресіп жатқанда моральдық тұрғыдан қолдау беру біз үшін маңызды. Бойын жайлаған аурудың асқынбауы үшін көңіл күйлері орнықты болуға тиіс. Біз, қарусыз майданның жауынгерлері, өз денсаулығын сеніп тапсырған бұқараның амандығы мен денінің сау болуы үшін басымызды бәйгеге тіге отырып, тәуекелге бел будық. «Ақ халатты абзал жан» деген атты абыроймен алып жүрген барша әріптестеріме ризамын, – дейді медбике Динара Ихсанова. Карантиндік шектеу шаралары Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы басшысы Ләззат Мұқанованың айтуынша, «тәжтажалдың» таралуы бойынша статистикалық деректер күн сайын жақсарып, аудан бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақтанған. 17 тамыздан бастап елімізде карантин шараларын кезең-кезеңімен жеңілдету енгізілді. Алайда бұл жеңілдіктер туған күндер, мерейтойлар немесе үйлену тойлары сияқты отбасылық мерекелерді тойлауға рұқсат етілді деген сөз емес. БҚО бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылдың 16 тамызындағы қаулысы бойынша банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, салтанатты, отбасылық, естелік, салттық және өзге де бұқаралық іс-шараларды (оның ішінде үйде өткізілетін іс-шараларды) өткізуге тыйым салынған. Әр адам өзінің және жақындарының қауіпсіздігі үшін бетперде кию, қолды жиі жуу және әлеуметтік арақашықтықты сақтау сияқты қарапайым санитарлық талаптарды бұзбауға тиіс. Адамдар көп баратын қоғамдық объектілерде санитариялық қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілуде. COVID-19 жұқтырған адаммен қарымқатынаста болған тұлғалардың 14 күнге денсаулығы бақылауға алынуда. Бұл бағытта жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау мамандары жұмыла жұмыс атқаруда. 2020 жылдың 16 тамызындағы Батыс Қазақстан облысы аумағында карантиндік шектеу шараларын кезеңкезеңмен жеңілдету туралы бас санитариялық дәрігердің №27 қаулысына сәйкес InfoKazakhstan.kz cайтынан электрондық форматта берілетін санитариялық нормаларға сәйкестік актісінің негізінде келесі нысандардың: сауда үйлері мен орталықтарының (бутиктер, павильондар), сауда желілерінің, жабық азық-түлік емес және азық-түлік базарларының, сұлулық салондарының, шаштараздардың, косметологиялық қызмет көрсететін нысандардың, ЅРА-орталықтардың, фитнес орталықтардың, спорт және жаттығу залдарының, спорттық-сауықтыру нысандарының, моншалардың, сауналардың, балалар мен ересектерге арналған білім беру орталықтарының, балаларға арналған түзету кабинеттерінің, мектепке дейінгі балалар ұйымдарының кезекші топтарының, қоғамдық тамақтану нысандарының (үй-жайлардағы) қызметін қайта бастауға рұқсат етілді. Аудан бойынша күні бүгін барлығы 51 нысан InfoKazakhstan.kz порталына өтініш түсіріп, электронды түрде хабарлама арқылы 47- сіне рұқсат беріліп, қызметін қайта бастады. Нысандар белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде оларға қызметін қайта бастауға арналған акті электрондық түрде беріледі. 2020 жылдың 30 тамызында БҚО Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің №28 қаулысына сәйкес контингенті 5-тен 180 адамға дейінгі, сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейінгі мектептер, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кезекші сыныптары, 1-4-сыныптар ата-аналарының арызы бойынша сабақтардың толық жиынтығын ескере отырып, 15 баладан аспайтын, арнайы, мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, жалпы интернаттар және дарынды балаларға арналған мектепинтернаттардың жұмыстарын қамтамасыз ету ұсынылды. Коронавирус жұқпасының алдын алу мақсатында облыстық білім беру басқармасы мамандарының қатысуымен мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізілді. Ауданда карантиндік шектеу шараларының орындалуын аудан әкімдігі жанынан құрылған мониторинг топ қадағалайды. Мониторинг топ және аудандық полиция бөлімінен мекемеге жолданған құжаттар негізінде жоғарыда көрсетілген қаулы талаптарын бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің тиісті баптарына сәйкес әкімшілік шаралар алынады. Күні бүгін 5 жеке кәсіпкерлік нысаны қызметкерлеріне және 28 жеке тұлғаға әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Бұл енгізілген шаралар алдымен адам баласының ең басты құндылығы – оның денсаулығын қорғау, ауқымды санитариялықэпидемияға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға арналған.

ДӘРІ-ДӘРМЕК ТАПШЫЛЫҒЫ ЖОҚ

Аудан орталығындағы, ауыл, елді мекендердегі, тіпті еліміздің басқа өңірлеріндегі атқамінер азаматтар жерлестеріне оттегі концентраттары, пульсоксиметр, дәрі-дәрмек және басқа да қажет құрал-жабдықтармен қолдау көрсеткенін бұрын жазған едік. «Ауданға аппараттар қажет, дәрі-дәрмек керек» деп дабыл қаққанда, қолұшын созған еріктілер 15 оттегі концентраторын, 9 дана пульсоксиметр, 6 литрдей антисептик, 6 дана тепловизор мен қажетті дәрілерді, шприцтер, көзәйнек пен медициналық қолғаптар, маскалар жеткізіп, қолдау көрсетсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен Қытай Халық Республикасынан, Ресейден, Өзбекстаннан, «Nur Otan» партиясының аудандық филиалынан, Қазақстан халқы Ассамблеясының Батыс Қазақстан облыстық «ДОС» қоғамдық қорынан гуманитарлық көмек берілді.

ЕКІНШІ ТОЛҚЫН БОЛА МА?

«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, көптің көкейінде жүрген «Екінші толқын бола ма?» деген сауалды аудандық аурухана директорына төтесінен қойдық. – Ауру айтып келмейді, дәл қазір болады яки болмайды деп тап басып ештеңе айта алмаймын. Бірақ анау «бүй» депті деп кез келген қаңқу сөзге ерудің қажеті жоқ. Ауруды болдырмау сіз бен біздің қолымызда. Бүгінгі күнге дейін біраз науқастың өзінің бұрыннан ілесіп жүрген ауруына қоса вирусты жамап алғаны бар. Алайда вирус атаулы күн салқындағанда өршитіндіктен, әр адам өзі үшін, отбасы үшін жылы киініп, уақтылы тамақтанып, ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етіп отырса, қу басын тойға домалатпай, өзінің, туыстарының амандығы үшін көпшілік шоғырланған орталарға бармаса, ешқандай ауру да, вирус та оған жақындай алмайтыны анық. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, алдағы уақытта осы індетке шалдыққан науқас жүгінсе, күндізгі бөлімнің ғимаратында ем-домын жасайтын боламыз. Үлкендер арасында қазір Кавасаки ауруы жайында көп айтылып жүр. Құдай сақтап, ауданда ондай кесел тіркелмеді. Бұл ауру толық анықталмаған, сирек кездесетін синдром, негінен 5 жасқа дейінгі балаларда ұшырасады. Жай қызудан басталатын ауру бес күнге созылып, одан әрі дәрі-дәрмек әсер етпейді. Кавасаки басталғаннан кейінгі үш апта ішінде баланың қолаяғының терісі түсіп, сосын қайта қалпына келе бастайды. Қысқасы, иммундық жүйесі әлсіз балаға ауру атаулы жабысқақ келеді. Оның алдын алуға қазірден кірісу керек, – дейді бас дәрігер.

Айжан АМАНГЕЛДИНА