14.09.2020, 17:27
Қараулар: 104
20 000 теңге ненің құны?

20 000 теңге ненің құны?

 

Сынақ әлсізді сындырады, мықтыны бір қылады. Карантин қазақты біріктіріп еді. Ауылдағы ағайынның бір-бірімен аузындағы асын ғана емес, дәрі-дәрмегін де бөліскенін көзіміз көрді. Ас пен дәрі былай тұрсын, халық науқас адамға «ауаны да» тауып беріп жатты. Ауру өршіген шақта азаматтардың бір-бір оттегі аппаратын құшақтап, ауылына қарай алып ұшқанын қалай ұмытасың? Осы көріністің бәрі тебірентеді. Халықтың биігіне бас иесің, бірлігіне сүйсінесің. Жұрт арасындағы жап-жақсы жанашырлық, тәп-тәтті татулық жоғалмағай деп жүр едік. Абылай армандап кеткен асыл мұрат емес пе еді бұл бірлік? «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты!» дегендей, сөйтіп жүргенде ел арасында «Жасырын той жасағандар туралы хабар берген адамға 20 000 теңге сыйақы беріледі екен!» деген жаңалық шықты.

Әзіл шығар деп ойладық. Өйткені дәрідәрмекке, коронавируспен күрестегі дәрігерлердің өтемақысына қаражат жетпей жатқанда, тегіннен-тегін хабар бердің екен деп ақша үлестірмейді ғой. Сөйтсек, шын екен. Басқа облыста баламасы жоқ бұл «тамаша идеяны» біздің Батыс Қазақстан облысы ойлап тауыпты. Sputniknews.кz былай дейді: «Батыс Қазақстан облысында шектеуге қарамастан той мен ас өткізетіндерді анықтаудың тың жолы қарастырылып отыр. Көпшілік көп жиналған шара туралы хабар берген тұрғындарға сыйақы төленеді. Бұл туралы өңір басшысы Ғали Есқалиев мәлімдеді. – Бізде көпшілік шараларды өткізу жайттарын анықтауға көмектескендерге сыйақы төлеу тетігі бар. Біреулер оны «сөз жеткізу, сөз тасу» деп атайтын шығар. Бірақ олай емес. Бұл қоғамға көрсетілген көмек, қолдау. Сол үшін ақша қарастырылып отыр, – деді Ғ.Есқалиев коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі шұғыл штабтың отырысында. Комиссия сыйақының мөлшері мен дәлел келтіру тәртібін анықтайды. Ал заңсыз той өткізу туралы хабарларды Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы пен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолдауға не болмаса полиция департаментіне хабарласуға болады». Әрине, әкімді де түсінуге тырыстық. Халыққа той керек, ал әкімге халқының ауырмағаны, сау болғаны керек. Сондықтан көпшілікті шоғырланудан, жиналудан тыяды да. Жарайды, ескертсін, ескертуге қарамай той жасағандардың тойының үстінен түссін, тоқтатсын. Елді таратсын. Айыппұл салсын. Қарсылық жоқ. Бірақ ақша береміз деп халықты бірін-бірі аңдуға, айып-кінәсін ашуға үйретуге бола ма? «Nur Otan» партиясының баса маңыз берген басымдығы – саяси бедел не болмаса жаппай билік емес, бірлік. Партияның 2016 жылы іске қосылған сайлауалды бағдарламасы да «Қазақстан 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» деп аталады. Яғни бірлік болмаса, тұрақтылық жоқ, тұрақтылық жоқ жерде жасампаздық жоқ. Ал енді сұрақ: бір-бірін айдап салып, артын бағып, күндеп, ақша үшін айыбын ашқан бірлікпен ел қалай тұрақты болады, қалай жасампаз болады? Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделі деп бағаланған Қазақстан халқы Ассамблеясы да Қазақстан Республикасындағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру үшін құрылған. Ұлттар тату болғаны жақсы. Ал қазақ пен қазақ ше? Бір қазақ бір қазақтың үстінен шағым түсіріп, екеуі араз болғаны кімге жақсы? Ұлтаралық татулық керек те, қазақаралық татулық керек емес пе? «Жасырын той туралы хабарлағанға 20000 теңге сыйақы беру» мәселесі облыс басындағы коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі шұғыл штабтың отырысында қабылданыпты. Әдетте ұсыныс талқыланып, сосын қабылданатын еді. Бұл мәселе талқыланбағанға ұқсайды. Әйтпесе штабқа мүше болған қырғын адамның ішінде бір адам сыйақының сыйластықты бұзарын, тұрғын мен тұрғын арасына жік саларын, осындай кері салдарын ойлар еді ғой. «Бұл – сөз тасу емес, бұл – қолдау, көмек!» Иә, кезінде ХХ ғасырдың басында ел ішінде мешіт пен имам ұстап, бала оқытып отырған байлардың мүлкін тәркілеуге атсалысқанда, шариғат шамын жаққан молдалар мен ишан, хазіреттерді ұстап бергенде, қазақ ұлтының дербес мемлекеттілігін ойлап, тәуелсіздік туын көтергісі келген Алаш арыстарын айдауға салып бергенде қазақ өзіме зиян етіп жатырмын деп емес, қызыл үкіметке көмектесіп жатырмын деп ойлаған. Сол үшін олар 20 000 теңге алмаған, бірақ шеншекпен алған. Соңы не болды? Сексеуіл сексеуілмен сынды, қазақ қазақтың қолымен құртылды. Өзімнің ойым – өзімдікі. Жұрт бұл жайлы не дейді екен? Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшамызға «Жасырын той туралы хабарлап, 20 мың алғандар бар ма? Кім береді оны? «Бірлік! Татулық!» деп ұрандаймыз. Ал қазақ қазақты 20 мың теңгеге сатып жатыр» деген жазба жариялап, елдің ойын білгіміз келді. Ел мынадай пікір айтты. «Осы әдісті естігенде бірден немістердің партизандардың жасырынған жерін айтқан адамға ақша береміз дегені есіме түсті. Атаулы әлеуметтік көмектің арқасында жалқаулық, масылдық артып, адамгершіліктен айырыла бастадық. Бір қазаннан тамақ ішкен көршісін болмаса ауылдасын ақша үшін сатқанды көрген ұрпақ не болады? Осыны көрген ұрпақ ертең Отанын сатпай ма?» – деді бір ағамыз. Тағы бір зиялы қауым өкілі: «Карантин кезінде той жасағандарды әшкерелеуге көмектескендерге ақша беру – бірлікке сына қағу. Бұл – дені дұрыс жұмыс емес. Сылтаулары коронавирус екен. Абай болайық, ағайын! Індет кетер. Ал бір қазақ бір қазақты ұстап беріп, мінез өзгерсе, ол жүректі қарайтады. Сүйекке таңба салады. Ол таңба, із кетпей қояды. Мұның басқа жолы – сақтық шараларын дұрыс түсіндіру. Бала үйленбей, қыз ұзамай отыра алмайды. Сол ақшаны жас жанұяға берсе ғой!» – деді. Дұрыс ұсыныс екен. Халық еріккеннен той жасап жатпағанын да білу керек. Әрине, «….диірмен тартып», мейрамханаларды аштырып, артқы есіктен кіріп, той жасағандарға жаза лайық. 40, 50, 60 жас түгілі, Абайдың 175 жасы да тойланбай жатыр ғой. Ал үйінде, ауласында баласына бата бергені үшін ауыл қазақтарын жазғыруға болмайтын секілді. Қазір той өзгерді. Бұрынғыдай аста-төк ысырапшылдық, ұзын-сонар тост жоқ! Екі сағатта екі ел құда болып, екі жас табысып кетіп жатыр. Сырым ауданы әкімдігінен алған мәліметке сүйенсек, ауданда карантин шектеулеріне бағынбай, үйінде той жасағаны үшін 14 адамға айыппұл салынған. Оның қаншасын мониторингтік топ анықтады екен, қаншасын ауылдасы айтып қойды екен? Білмедік. Бұл мақала билік басындағылардан гөрі халыққа арналады. Тарихтан көрдік қой, бәрі ауысады, кетеді, жаңарады, ал халық қалады. Коронавирус кетер, біз қалармыз. Исламда «Егер кімде-кім біреудің айыбын ашса, Алла Тағала оның да айыбын ашады!» деген бар. Біреудің айыбын ашуға, кінәсін көрсетуге үйір болмайық. 20 мың ненің құны? Сыйақының құны ма, арымыздың құны ма? Ойланайық!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ