14.09.2020, 17:36
Қараулар: 89
Аққудың киесі

Аққудың киесі

Таң тыныштығын гүрс еткен мылтық дауысы тасталқан етті. Іле-шала ауылға іргелес жатқан көлден құстардың қанаттарын сабалап аспанға дүркірей көтерілгені, ызы-қиқы үні құлаққа жетті. Иығына күртешесін желең жамылған күйде сыртқа жүгіре шыққан Құспан қария көзін көлегейлей көл жаққа қарап еді, мылтығын сүйретіп ауылға беттеп келе жатқан кенже ұлы Мирасты көрді. Қарияның іші қылп етіп, бір сұмдықтың болғанын сезе қойды.

«Құрмағыр, бірдеңені бүлдіріп тастамаса жарар еді, жүрісі көңілге күдікті екен» деген ойдың жетегімен ақсақал ұлына қарай бет алды. Аяғын әр жерден басып, қарияға ентелей жеткен ұлы өксіп-өксіп жылап жіберді.

– Көке, мені қара басты… Торы ала қазға бағыттаған бытыраның аққуға тигенін байқамай қалдым. Не істеймін, обалына қалдым ғой аққудың? – деп ұлы жүрелей отыра кетті.

– Қап, әттеген-ай, балам, саған осы құс атуды қойсайшы дегенімді құлағыңа ілмедің-ау…

Құс төресі аққуға обал болды ғой. Болар іс болыпты. Тұр енді, көл жаққа барайық, өзің атқан аққуды жер қойнына бермесек, қазақылығымызға сын болып жүрер. Мешітке барып, Алла алдында жасаған күнәміз үшін дұға етіп, кешірім сұрамасақ, аққудың киесіне қалып жүрерміз, – деген Құспан қария ұлымен көлге бет алды. Көлдің шетіне қос қанатын жайып, ұзын мойнын соза құлаған аққудың жансыз денесін сыңары көктен қимастықпен сұңқылдап құлдилап, жанап өтіп ұшып жүр. Мамығы бұрқырап, қанға бөккен аққуды ақырын жағаға қойған Құспан қария жанары жасқа тола күбірлеп дұғасын оқыды.

…Көп ұзамай көлден сәл әрірек жерде бір төмпешік пайда болды. Ажалы екі аяқтыдан болған құс төресі аққуды жер қойнына тапсырып, кері оралған әкесі мен баласы соңдарына қарағанда өздері үйген төмпешіктің үстінде отырған сыңар аққуды көрді. Анда-санда сыңси сұңқылдаған жалғыз аққудың үні құлақтарына келгенде қос пенденің алға басқан қадамдары кері кетіп, тізелері дірілдеп, үйлеріне әрең жетті. Келе кереуетіне құлай кеткен Құспан қарияның ойы сан-саққа бөлініп, көз алдына сонау бір жылдары болған оқиға оралды.

* * *

Ол кезде де осындай жаз айы еді. Пішеншілер қырлықтың шөбін шауып болған соң, көлдікке орақ салуға ауылға оралды. Шіркін, ол кездегі шөптің шығымдылығы ерекше еді ғой… Тізеден асатын көк майса, көлде шоршыған балықтар мен тербеле жүзген құстар көрген жанның көңілін көтеріп тастайтын әдемі көрініс қой. Осындай тамылжыған күндердің бірінде қырлықтағы дала қосынан емес, үйден қатынап жұмыс істеуге көшкен пішеншілердің арасында «Құс атып, балық сорпасын ішіп, бір демалыс ұйымдастырайық» деген әңгіменің шеті шықты. Бұл ұсынысты дуылдап қолдаушылар да табыла кетті. Демалысты ұйымдастыруға сөзі де, икемі де бар Құспан, балық аулауға Құмар мен Сапар, құс атуға Таңатар бөлінді. Дастарқан дала төсінде жайылады деп бірауыздан келісілді. …Күткен шақ та келді. Қолдары босаған жігіттер көк майса үстіне дастарқан жайды. Бәрі бар, арасында мойны қылқиған бөтелкелер де тұр. Отырыс қызып жүре берді. Шаңқай түсте дастарқан басына жиылған жігіттердің әңгімесі таусылар емес. Әсіресе жасы отызға иек артып үйленген Таңатарға әзіл-шыны араласқан уытты сөздер қарша борауда. – Біздің Тәкеңнің құс атуда ғана емес, қыз-қырқынға деген мергендігі де алапат қой. Үйдегі сұлуын да көп қыздың ортасынан таңдап жүріп, мергендігімен «атып» алды емес пе? – деп өзін «балықшымын» деп кеудесін соғатын Сапар қарқылдай күлді. Бұл шымшыма әзілге өзге жігіттер де рақаттана, даурығыса күліп жатты. Көңілді отырыспен жігіттер күннің кешкіргенін де байқамапты.

– Жігіттер, мал бар, жан бар дегендей, күн батуға таяу, үйімізге жиналайық. Жақсы отырыс болды, алда әлі де күн бар ғой. Тағы да талай басқосуға Алла нәсіп етсін, – деп Құспан жігіттерге үлкендігін таныта ұсыныс айтты.

– Жөн сөз, үйімізге жиналайық, – деп жігіттер де бұл сөзді құп көріп, дастарқандағы жабдықтарды жинаудың тірлігіне кірісті. Осындай сәтте Таңатар:

– Аға, өзіңізге айтқалы жүрген бір сырым бар еді, сәл құлақ түрсеңіз, – деп жігіттерден мұны оқшау шығарып, Құспанға өзімсіне қарап.

– Иә, ол қандай сыр, айта ғой?

– Әкем марқұм кезінде аңшы, құсбегі болыпты. Өзінің айтуынша, достары да көп болғанға ұқсайды. Орыс ұлтының өкілдері де жиі келеді екен, – деп бастады әңгімесін Таңатар.

– Бірде осындай достарға жайылған кең дастарқан үстінде ішімдіктің буына желпінгендер арасында көлдегі құстарды аспанға ұшырып барып атудан өзара бәсекелестік туады. Бәсекелестіктің шарты – көкке көтерілген қаз, үйректі қол мергендікпен атып түсіру. Бірінен-бірі озған мергендер арасындағы құс ату бәсекесінде әкемнің оғына кездейсоқ аққу ілігеді. Оны абайсызда атып алған әкем бармағын тістеп қатты өкініпті. Осы жағдайға бола «Аққудың киесі ұрмаса жарар еді» деп ылғи уайымдаған. «Киелі құстың киесі бірде болмаса, бірде соғады» деген рас екен. Әкем осы оқиғадан кейін көп ұзамай сал болып, төсек тартып, қиналып көз жұмды. Ақырғы демі таусылар шақта мені ымдап қасына шақырып алып: «Соңымда қалып бара жатқан тұяғымсың ғой, біреудің ала жібін аттамағайсың, адамға, мал екеш малға қиянат жасама. Малдың да, құстың да киесі болатындығы рас екен. Балам, мені аққудың киесі ұрды», – деген әке сөзі әлі күнге құлағымда жаңғырып тұр, – деп Таңатар сөзін аяқтады.

* * *

Таңатардың сол әңгімесін есіне алған Құспан қария кереуетінде дөңбекшіп, ұйықтай алмады. Таң біліне көзі ілініп барады екен, құлағына сұңқылдаған аққудың үні келгендей болып селк етіп оянып кетті. Ұйқының жөні енді болмасын сезген қария кереуетінен жаймен тұрып, сыртқа бет алды. Түн түндігін түріп, төңірек таң нұрымен арайлана жарқырап келеді. Таңғы салқын денесін тоңазытып жіберді ме, ақсақал иығына жамыла салған күртешесінің ілгектерін салып, төңірекке жанарын жүгіртті. Кенет баласы екеуі аққуды көметін төмпешік көз алдына келіп тұра қалды. Үстінде әлдене ағараңдай ма-ау, қозғала ма? Денесі дір ете түскен қария көл жанындағы төмпешікке қарай адымдай бет алғанын өзі де байқамады. Келді де, қалт тұрып қалды. Төмпешік. Төмпешіктің үстінде қос қанатын жайып жіберіп аққу жатыр… Сыңарының қасына көктен құлаған аққу…

* * *

Осы оқиға үркердей ғана ауыл ішінде көпке дейін әңгіме болды. Оқиға куәгері Құспан қария өмірден өткелі қай заман. Ал қарияның ұлы Мирас жүйке ауруына ұшырап, ертелі-кеш тентіреп жүретін халге душар болды. Ауылдастары «Жазған баланы аққудың киесі ұрған» деседі…

Мүсірбек АЙТАШЕВ