21.09.2020, 11:35
Қараулар: 67
«ҚАПШАҒАЙҒА АҚЖАЙЫҚ ҚҰЙҒАН КҮН»

«ҚАПШАҒАЙҒА АҚЖАЙЫҚ ҚҰЙҒАН КҮН»

 

Алатау баурайындағы Алматы іргесінде Қапшағай қаласында «Ақжайық» демалыс кешенінде «Қадыр» қоғамдық қорының ұйытқы болуымен ұлтымыздың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әлидің 85 жасқа толу құрметіне ескерткіш-бюст ашылды.

Мәдени шараға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған зиялы қауым өкілдері мен ақынның туған жерінен бір қауым ел қатысты. Шарада Қадыр ақынның отбасы да құрметті қонақтар қатарынан орын алды.

Жазушы Қали Сәрсенбайдың «Қазақтың Қадыры» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты.

Батыс Қазақстан облыстық Қадыр атындағы мәдениет және өнер орталығының басшысы Бауыржан Халиолла ақынның жары Салтанат ханымға елдің сәлемін жеткізіп, құшағын гүлге толтырды.   Шараны ұйымдастыушы меценат Құндыз Нуповқа  алғыс хат табыстап, иығына шапан жапты.

Шара жайында Бауыржан Халиолла әлеуметтік желідегі парақшасныда былай дейді: «Ұйымдастыру жұмыстарын жүргізген «Қадыр» қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымов ағамыз аяғынан тік тұрып қызмет қылып, елдің ықыласына бөленді. Ақын Ұлықбек Есдәулет ағамыз айтқандай, «Қапшағайға Ақжайық келіп құйғандай» күн болды. Алдағы күндері ақын мерейтойы туған жерінде жалғасады».

Қадырдың туған топырақтан, яғни, Сырым ауданынан барған делегация құрамында аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева,  аудандық балаларсаз мектебінің Амангелді Ғұбайдуллин атындағы  дәстүрлі ән сыныбының оқытушысы,  республикалық  ән байқауларының лауреаты Дархан Қажығалиев, Ж.Досмұхамедов атындағы  жоғары педагогикалық колледжінің студенті, І республикалық Қадыр оқуларының байқауның жеңімпазы Береке Орынбасар  бар.

Қадыр ақын ұлықталған күн жайлы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева байлай дейді:

–  Қапшағай қаласында жаңадан ашылған «Ақ Жайық демалыс орнында қазақтың ұлы ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына арналған мәдени шара өтіп, ескерткіш бюсты ашылды. Шараға ақынның жары Салтанат апамыздан бастап ұлдары-келіндері, немерелері, Жазушылар Одағынан Ұлықбек Есдаулетов, Мереке Құлкен, Ғарифолла Әнес, Айсұлу Қадырбаева, Бауыржан Халиолла, Мәдениет және спорт министрінің вице министрі Нұрғиса Дәуешов, Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов, ақынның досы Ғ. Қапанов, Суретшілер одағынан А.Ақанаев, Орал қаласының оқушылары мен Сырым ауданынан ақынның 350 өлеңін жатқа оқитын Береке Орынбасар және тағы да басқа көптеген зиялы қауым өкілдері қатысты. Көптеген жазушы ағаларымыздың үйіндегі апаларымызды көріп, танысу мүмкіндігіне ие болдық. Сағи Жиенбаевтың, Бек Тоғысбаевтың, Әшірбек Сығайдың, Райымбек Сейтметовтың, Қали Сәрсенбайдың үйіндегі апайлармен кездесіп әңгімелесу бақытына ие болдық. Жақсы адаммен айтылған жарты сағат әңгіме жарты ғұмырыңа азық болады, деген сөз бар. Рухани кештен алған әсер жас ұрпаққа алтындай азық болары анық. Бүгін ақынның бір аунап түскен күні болды. Қапшағайға Жайықтың жарты жұрты көшіп келген күн болды. Қалың қазаққа Қ. Сәрсенбайдың «Қазақтың Қадырын» қайтартқан күні болды. Яғни жаңа кітап оқырманға жол тартты. Қаймана қазақ Қадыр жырымен қауышқан күн болды. Осы кешті ұйымдастырған Қазақстан Композиторлар Одағының мүшесі, Сырым ауданының құрметті азаматы Донеділ Қажымовқа, демеуші ғана емес ақынның қанаттас інісі Құндыз Нуповқа, ескерткіштің авторы Тимур бауырымызға алғысымыз шексіз,- дейді Айнагүл Мағауияқызы.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА