29.09.2020, 16:11
Қараулар: 51
ҚАРАШАДА ЖОБАҒА СОҢҒЫ НҮКТЕ!

ҚАРАШАДА ЖОБАҒА СОҢҒЫ НҮКТЕ!

Өткен сенбіде аудан әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков және «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының инженері Тұрарбек Нұрғалиевпен аудан халқы үшін күрделі жобаның бастысы Кеңащы-Жымпиты бағытындағы су құбыры құрылысының жағдайымен кеңінен танысты.
Айта кету керек аталмыш жобаның да қаржысы тым қомақты, яғни 2 млрд 100 млн теңгені құрайды.
Көзі қарақты оқырманға жақсы таныс болуы керек аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінде (№ 32. 14.08.20ж), «Кеңащының игілігін көрер кез таяу» атты мақала жарияланған болатын.
Міне, ардақты ағайын, Кеңащының сарқырай аққан мол суының игілігін көретін кез де жақын қалғандығын осы ақжолтай хабарымызда хабардар еткелі отырмыз.
Сонымен аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтың өзі баса назар аударған осы сапар кезінде Кеңащы жерасты су кенінен аудан орталығына құбыр тарту жұмыстарымен айналысатын жобаның мердігері «Мелиоратор» ЖШС-нің участок басшысы Нұрлан Өмірбаев, инженері Бауыржан Омаров, құрылыс маманы (прораб) Бекенәлі Күмісбаев басқалай да мамандар бірге болып, жүргізіліп жатырған құрылыстың жағдайларына көңіл бөлінді.
Мәселен, бүгінгі таңда аудан орталығына іргелес орналасқан Мұқай елді мекеніндегі Данил су нүктесі Кеңащы жерасты су кен орны аралығындағы 77 шақырымдық аралықтағы су құбырларын жер астына орналастыру толықтай аяқталған.
Сондай-ақ Данил су нүктесіндегі ауыз суды тазартудан өткізетін станса әзірлік сапында болса, Кеңащының басындағы тереңдігі 80 метрлікте қазылған үш су айдау құрылғылары (насостар) әзір. Бұйыртса, Кеңащы жер асты кен орнынан су айдау құрылғылары арқылы күніне 1000 текше метр су жіберілуге толықтай мүмкіндік бар екендігін мамандардан естіп, білдік.
Ал, осы су айдау құрылғылары арқылы аудан халқына су берілудің жай-күйін күнделікті бақылап отыратын оператор мамандар үшін жайлы қоныс-тұрғын үйдің салынуын Қоңыр ауылының құрылысшы жігіттері өздерінің міндеттеріне алған.
Жалпы, Кеңащының ауыз суын аудан орталығындағы тұрғындарға жедел жеткізе білу мақсатында 15 техника, 20 жұмысшы жұмыла еңбек етуде.
Кеңащы нүктесіне электр желілерін тарту аяқталса, жер асты су қорының төңірегін абаттандыру, асфальттау, тегістеу жұмыстары қолға алынған.
— Жұмысты жеделдете жүргізіп, бұйыртса алдағы қараша айында басты жобамызға нүкте қойғалы отырмыз.
Бүгінде қазақы әдетпен айтар болсақ » ұсақ-түйек» жұмыстар ғана қалды.
Тәуелсіздік тойы қарсаңында халықты таза ауыз сумен толықтай қамтып, қуантсақ деген ойдамыз,- деді участоктың басшысы Н. Өмірбаев.
Аудан әкімі Т.Төреғалиев сапар барысында Кеңащыдан тартылар ауыз судың құрылысында кемшіліктерге жол берілмеуіне баса назар аударылып, уақытты тиімділікпен пайдалана білу қажеттігін жауапты тұлғаларға шегелеп айтты.
Мүсірбек Әлібекұлы