2.10.2020, 11:54
Қараулар: 118
ҮШ ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ӨТІЛІ БАР ҰСТАЗДАР ДИНАСТИЯСЫ

ҮШ ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ӨТІЛІ БАР ҰСТАЗДАР ДИНАСТИЯСЫ

Қосарал ауылындағы бір бәйтеректен жайылған жапырақ – бір әулеттің ұрпақтары, білім бағбандары Қайдаровтар, Сахановтар, Насиевтер талай буынның санасына білім мен тәрбие дәнін септі. «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын ұстаздыкі» деп, Мағжан Жұмабаев айтқандай, ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып жүрген ұлт ұстындары – ауылдастары арасында сыйлы.

Еңбек өтілі 280 жылды құрайтын  ұстаздар  династиясының бүгінде үлкендері – Есболсын  Қайдаров пен Әлия Есалиева. Ұстаздар мерекесіне орай әулет мұғалімдері осы кісілердің шаңырағында бас қосты.  Үлгі-өнеге тұнған бұл кездесуге біз де куә болдық.

Үлкен-кіші жиылған отырыста Есболсын Нәсиұлы әулеті, өзі жайында былай деді:

–  Менің әкем Саханов Нәси және ағасы Саханов Қапан екі ағайынды, Жаңақала жағынан көшіп келді. Қапан  – Алматыда көрмеге қатысқан атақты шопан болса, әкем Нәси – Ұлы Отан соғысына қатысты, одан кейінгі өмірін ауылдағы есепшілік қызметке арнады. Біз әкеміз Нәси мен анамыз Нәбирадан бес ұл, бір өніп-өстік. Әкеміз ұлдарын әкесінің ағасы Қайдардың, әкесі Саханның атына жаздырыпты. Жалғыз қызын өз атына жаздырған екен. Әкемнің үлкені мен бала күнімнен математикаға жүйрік болдым. Есепке үйреткен ұстазым –  Мұрат Құбаев. Қапсан Құбаев, Раиса Қобдабаева есімді ұстаздардың алдын көрдім. Тапсила, Заукен апайларым бүгінде әлі бар. Ол кісілердің алған тәлімім ғұмырыма жетерлік  рухани азық болды,-деді.

Әлия Есәліқызы:

–  Әулетіміздің мамандығын мақтан етеміз. Ұстаздық – аса үлкен жауапкершілікті талап ететін,  жүктелген жауапкершілік арқылы жетістікке жеткізетін, жетістігіміз арқылы қоғамның белсенді мүшесін дайындайтын мамандық.  Осындай жауапкершілікті біздің балаларымыз да мойнына алды.  Олардың ізімізді басып, мұғалімдік мамандықты таңдағанына біз қуаныштымыз.  Еңбектері жемісті болсын деймін. Өзіміз еңбек еткен  Сырым орта мектебінің әр жетістігіне қуанып отырамыз.  Балаларымызбен  шамамыз келгенше тәжірибелерімізбен бөлісіп отырамыз. Барша ұстаздарға шығармашалық табыс, жемісті еңбек тілеймін,-деп жас ұстаздарға разылығын жеткізді.

Сырым орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі,  оқу ісінің орынбасары,  кәсіподақ комитетінің төрағасы қызметтерін 46 жыл бойы атқарған Есболсын Қайдаров ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы болды. Жары – Әлия Есәліқызы  да тіл-әдебиеттің мұғалімі, қырық төрт жыл  ұстаздық қызмет атқарды, «Қазақ СССР Халық ағарту ісінің  озық қызметкері». Бұл кісілердің ұл-қыздары Айнагүл, Ерболат, Нұрболат, келіні Мейрамгүл де – білім саласында. Есболсын аға мен Әлия апа балаларынан 7 немере, 8 жиен сүйіп отыр. Олардың інілерінің жұбайлары, балалары, келіндері де білім саласында тер төгіп жүр.

Жайылған ақ дастархан  басындағы әңгімелерінде жастары жетпіске тақаған  ардагер ұстаздар:

–  Адам саналы ғұмырындағы қызметі қандай болса, өзінің табиғаты да сондай болады екен. Біз өміріміз балалармен тығыз байланыста өткен соң, баланың жүрегінде із қалдыру үшін оның психологиясын меңгерген соң, өзіміз де бала сияқты боп кеткенбіз. Бала сияқты ойлаймыз, бала сияқты қабылдаймыз. Қазір үйде мектеп жасына дейінгі немере  бағып отырмыз, сол немереміздің тілімен сөйлейміз, қазір тіптен сәби болып кеттік,- дейді.

Есболсын Нәсиұлы мен Әлия Есәліқызы  екеуі бір сыныпта оқыпты.  Ағынан жарыла, естеліктерді айта келе, Есболсын ағадан Әлия апа математикадан көшірсе, Әлия ападан Есболсын аға диктант көшірген кездері болғанын айтып, бір күліп алды.

Бүкіл әулет бас қосқан дастарқанда ұстаздар күніне орай, ақжарма тілектердің тиегі ағытылды, баянның сүйемелдеуімен ән де шырқалды. Отағасы да, отанасы да, ұлдары Ерболат пен Нұрболат та өнерден құралақан емес. Бірінен-соң бірі баянды қолға алып, тіл бітірді.

Бүгінде бұл әулеттің жоғары санатты ұстаздары  – орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі  Қалима  Рахметқызы  (інісі Ұзаққайырдың жұбайы) зейнеткерлікте, бүгінде Орал қаласында.   Қарындасы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің Гүлбадиша Нәсиқызының өмірден өткеніне 6 қазанда үш жыл толады. Сырым орта мектебінде Қалима апай мен Гүлбадиша апайларын жақсы көрмеген бірде-бір шәкірті болмаған шығар. Есболсын ағаның қызы Айнагүл Нәсиева-Ташенова  –  Ақжайық ауданында колледжде оқытушы. Ұстаздар династиясының қалған мұғалімдері бүгінде Сырым орта мектебінде еңбек етіп жүр. Атап айтсақ, олар  –  келіні, інісі Ғабиденнің жары Гүлнар Қалымбетова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, үлкен ұлы Ерболат Қайдаров – химия пәнінің мұғалімі, математика мамандығы бойынша сырттай оқуда. Ерболаттың жары Мейрамгүл Ерғалиева – информатик. Екінші ұлы Нұрболат Қайдаров – тарихшы. Осы әулеттің бір бұтағы – Саханов Қапаннан тараған Думан Саханов оқушыларды спортқа тәрбиелесе, оның жары Шолпан Жұбанова – бастауыш сынып мұғалімі.  Гаухар Сахан – өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі. Гаухар – ауыл жастарының белсендісі, үнемі жастардың басын қосып, алақандай ауылда ауыз толтырып айтарлықтай игі істер жасауға ұйытқы болып жүр.  Есболсын Нәсиұлының інісі Тілекқабылдың ұлы Бекболат Нәсиев – физика-информатика пәнінің мұғалімі,  жас та болса, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, Есболат Нәсиев – география пәнінің мұғалімі, бүгінде мамандығы бойынша магистратурада білім алуда.

Сырым орта мектеп-балабақша кешені директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бекболат Нәсиев былай дейді:

–  «Ұстаздық  –  ұлылық емес, ұлы қасиет» деген ұлылылардан қалған ұлағатты сөз бар. Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің. Ұяда көргенімізді қияда самғатып,  ұстаздық қызметті мойнымызға міндеттеп, атқарып жүрміз. Жалпы білім беретін орта мектеп-балабақша кешенінде физика пәні бойынша сабақ беремін. Династиямыздан бүгінде мектепте түрлі пәндер бойынша 8 мұғалім еңбек етеміз. Олар шәкірттерінің жетістіктері үшін өлшеусіз үлестерін қосуда.

Есболсын ағаның немересі, 4 сыныпта оқитын Гүлмаржан Ерболатқызынан: «Өскенде кім боласың?» деп сұрағанымызда: «Мұғалім боламын»,- деп жауап берді. Әжесінің айтуынша, Гүлмаржан қазірден бастап, бөпесіне мұғалім болып жүр екен.

Иә, бір ауылдың жартысына жуығын құрайтын ұстаздар династиясына мереке қарсаңында керемет көңіл-күй, жемісті еңбек тілеп, сіздер шәкірттердің, шәкірттер сіздердің  мақтанышына айнала беріңіздер дейміз.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА