15.10.2020, 11:46
Қараулар: 40
САРОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ АЙБОЛ ЖАКИЕВ: «ШАҒЫРЛОЙДА ЖАҢАРУДЫҢ ЛЕБІ ЕСЕДІ»

САРОЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ АЙБОЛ ЖАКИЕВ: «ШАҒЫРЛОЙДА ЖАҢАРУДЫҢ ЛЕБІ ЕСЕДІ»

 

Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы бойынша Сарой ауылдық округінде айтуға тұрарлықтай толымды істер бар.

Мұнда несие алып, өз ісін қолға алған, немесе дамытып жатқандар қатары көп. Округте техникалардың қатары жаңарып келеді.

Даласы малға толған қойнауында құт ұйыған Шағырлойдың бүгінгі тыныс тіршілігі турасында Айбол Жакиевпен сұхбаттасқан едік.

  • Айбол Каримоллаұлы, еліміздің экономикалық-әлеуметтік өркендеуі мен халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу жайы қалай?
  • Иә, ауылдық округте тұрғындардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысуы, несие алып, кәсібін ашу бағытындағы оңды жұмыстары көңіл қуантады.

Мәселен, округ бойынша 13 шаруа қожалығы субсидия алуға құжаттарын тапсырып, оларға 15 млн 698 мың теңге көлемінде қаражат төленді.

Сондай-ақ «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 28 млн теңге қаржыға «Рахмет» шаруа қожалығы 3 жаңа дөңгелекті тракторлар, тіркеме, шөп шабу, шөп тайлайтын техника құралдарын сатып алды.

Осы тұрғыда айта кетерлік басты мәселенің бірі «Рахмет» шаруа қожалығында «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 105 млн теңге несиелік қаржыға Ресейден әр басы 750 мың теңгелік 140 бас асыл тұқымды герофорд сиырын сатып әкеліп, бағу қолға алынды.

Мал басын асылдандыру бағытындағы оңды жұмыстар «Жақыбалы», «Бекжан» шаруа қожалықтарында бар екендігін айта кеткен жөн. Шағын және орта кәсіпкерлік саласы жөнінде тоқтала кетер болсақ, округте 29 жеке кәсіпкер «Береке» және «Игілік» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, кәсіптерін жалғастыруда.

  • Округте қыстақ алды мал азығын дайындаудың хал-ахуалы қалай? Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының жай күйіне тоқталып өтсеңіз…
  • Округ негізінен мал шаруашылығы, жемшөп қорын дайындаумен айналысады. Жылма-жыл малдың басы өсуде. Мәселен, қолдағы мәлеметке сәйкесті бүгінде ірі қара малы 5382 басты құрап, 693 басқа, қой мен ешкі 13 456 басты құрап, 1517 басқа, жылқы 3618 басты құрап, 601 басқа өскен. Округте барлығы 29 шаруа қожалығы мен 1 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, жұмыс істеуде. Алдағы мал қыстағына қажетті шөптің қорын дайындау мақсатында округ бойынша шөп шабу науқанына 43 адам, 26 трактор, 36 орақ күші қатысты. Нәтижесінде қыстақ науқанына 132 350 центнер мал азығы дайындалып, тасымалданды.
  • Айбол Каримоллаұлы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы атқарылған жұмыстар, жалпы әлеуметтік, білім, денсаулық, мәдениет салалары бойынша да тоқтала кетсеңіз…
  • Иә, әлеуметтік сала бойынша тоқтала кетер болсақ, округте жыл басынан ақылы қоғамдық жұмыстарға 38 адам, уақытша жұмыстарға 65 адам қатысты. Биылғы жылы ЖББ Абай орта мектеп-балабақша кешенін 400 млн теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстарынан өткізілсе осы мақсатта 50 адам ресми жұмыссыз ретінде тартылып, 4 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Округтегі ЖББ Абай орта мектеп-балабақша кешені мен Көздіқара негізгі мектебінде 48 ұстаз 135 оқушыларға дәріс беруде.

Шағырлой ауылындағы «Айгөлек» балалар бақшасында 25 балалар шағын орталықта 15 балалар, ал Көздіқара негізгі мектебі жанындағы шағын орталықта 18 балалар тәрбиеленуде.

Округте 1 фельдшерлік пункт және 1 фельдшерлік-акушерлік пунктте 3 медицина қызметкері жұмыс жасауда. Бүгінге дейін флюрографиялық тексеруден 467 адам, скринингтен 25-70 жас аралығындағы 214 адам өткізілсе, күндізгі стационарда 124 адам емдер қабылдап, 168 адам тегін дәрі-дәрмекпен толықтай қамтылған.

Мәдениет және спорт саласына тоқтала кетсек 2009 жылы күрделі жөндеуден өткен (мердігер «Атил-Гейх» ЖШС) ауылдың мәдениет үйі мен 2 кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетуде.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кітапханашылардың ұйытқы болуларымен «Кітапхана — рухани жаңғыру орталығы» журналы жасақталып, «Туған өлке — тұнған шежіре» айдары шеңберінде Абай, Әл-Фараби, Мұхтар, Қадыр Мырзалиев, Жайсаң Ақбай,  Асқар Шайхиев сынды ұлы тұлғаларға арналған тағылымды шаралар ұйымдастырылды.

«Туған жерге тағзым» жобасы аясында Шағырлой ауылының 1982 жылғы мектеп бітіруші түлектерінің демеушілігімен «Саябақ» пайдалануға берілсе, 1988 жылғы мектеп түлектері «Менің жүрегім Шағырлой» орнатты.

  • Бюджет және салықтардың орындалу жайы қалай?
  • Ауылдық округ әкімі аппаратының бюджетінің қаржысы өз мақсатында және «Мемлекеттік сатып алу» Заңының аясында белгіленген номенклатура бойынша жүзеге асырылуда. Мемлекеттік сатып алудың электронды базасы жасақталып, жылдық номенклатура мен келісім шарттар базаға енгізілді. Ал, Сарой ауылдық округ әкімі аппаратының бюджеттік бағдарламаларының жылдық жоспары 17 млн 888 мың теңге.

Биылғы жылдың өткен 9 айы ішінде мүлік, жер салығы бойынша 582 мың теңге қаражат түсті.

  • Елді-мекендерді газдандыру, санитарлық тазалықтың хал-ахуалына да тоқтала кетсеңіз…
  • Иә, елді-мекендерді көгілдір отынға қосу жөнінде айтар болсақ Шағырлой ауылында 99 үй, Көздіқара елді мекенінде 33 үй, сондай-ақ әлеуметтік, бюджеттік мекемелер газ желісіне қосылды.

Ал, ауылдағы санитарлық тазалық жұмысына тоқталсақ жыл басталғалы ауыл тұрғындары, шаруа қожалықтарының қатысулары арқасында 6250 тоннадай күл-қоқыс шығарылды.

«Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының техникаларының қатысуымен санитарлық тазалыққа бөлінген 300 мың теңге қаражатқа Шағырлой ауылындағы қоқыс төгетін полигон аймағы толықтай тазартылды.

  • Шынайы әңгімеңіз үшін рахмет!

 

Бет материалдарын дайындаған: Мүсірбек АЙТАШЕВ.

Суреттерді түсірген: Айжан АМАНГЕЛДИНА.