15.10.2020, 11:55
Қараулар: 42
ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Бүгінде заман ағымына сай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, әсіресе, етті бағыттағы ірі қара өсіруге, мал басын асылдандыруға барынша көңіл бөлуде.

Мәселен, Сарой ауылдық округіне қарасты «Рахмет» және «Хайзолла» шаруа қожалығында осындай оңды үрдіс жақсы қалыптасқан. Қожалық ағайындылар Алмаз және Асхат Рахметовтер жетекшілік етуде.

Округтің «Ахметжан», «Батпақкөл» нүктесінен шаруа қожалығын ашқан кезеңнен бері мұнда мал басы да көбейген. Яғни, қожалықтың еншісінде 3500 гектар шабындық, жайылымдық жер болса, 600 еділбай қойы, 250 ірі қара, 500 жылқы бағымда.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған ағайынды Рахметовтер «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы несиелік қаражат алып, 3 жаңа дөңгелекті тракторлар мен шаруашылық техникаларын,  сондай-ақ Ресейден асыл тұқымды 140 бас герофорд сиырын сатып алғандарын әңгімеледі.

Туған өңіріне деген сүйіспеншілігін үнемі танытып жүретін Алмаз және Асхат Рахметовтер көп балалы отбасыларға, мұқтаж жандарға қаржылай қолдауын көрсетіп жүрген жомарт жандар.

Олардың тағы бір ерекшелігі Орал қаласының іргесінен арнайы жерді заңдастарып, 30 бас биені жаз, қыс бойы сауып, қалалықтарға қымыз, саумал ішуге жағдай жасап, өнімдерін саттыққа шығаруда.

  • Соңғы жылдары тоғандарға су келмей, малды суғару жағы қиын түйінге айналған соң қожалықтан 11 құдық қаздық.

Бағымдағы қазақтың ақбас және герофорд тұқымдас сиырлары, еділбай қойлары төлдеп, мал басы көбеюде. Қыстаққа қамданыс ойдағыдай, 2500 бума шөп дайындадық, өткен жылдан қорда қалған 1500 бума шөп үюлі тұр,-дейді А.Рахметов.

Ағайынды Рахметовтердің қолға алған игі бастамаларына жерлестері бек риза көңілдерін білдіруде.

Мүсірбек АЙТАШЕВ