15.10.2020, 12:05
Қараулар: 43
ШАҒЫРЛОЙДА ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ БАР

ШАҒЫРЛОЙДА ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕ БАР

Күнделікті тірліктің қамданысымен күн өткеріп жатырған Шағырлой ауылында түйткілді мәселелер де баршылық екендігін аңғардық. Соның ең бастысы деуге болады ауыл іргесіндегі жылда малдар суғарылатын тоғандардың жоғарыдан су келмеген соң әбден аңқасы кеуіп, құрғап қалуы еді.

Ауыл әкімі Айбол Жакиевтың айтуынша соңғы 2-3 жыл бойы Өлеңті өзенінен бастау алатын судың «Аша» және «Мұқтар» су бағандарына құйылмауы себепті тоғандар құрғап кеткен. Әрі бұған жылда қардың аз мөлшерде болуы да себепкер болған сияқты.

Биылғы жылғы аптап ыстық күндері тоғанда су болмағандықтан жекелер мен қожалық иелерінің малдарын суару әбден қиындыққа тірелді. Осының салдарынан иістеніп, әбден сасып кеткен суды ішкен жылқылар мен сиырлардың шығынға ұшырауы да кейбір нүктелерде кездесті.

Міне, осындай қиыншылықтар кездескен соң ауыл тұрғындары қол қусыра қарап отырмай тірліктің қамын жасауға көшті. Сөйтіп, қолдағы малды аман сақтап қалу үшін 14 шаруа қожалығының иелері жеке кәсіпкерлердің көмегімен 25-35 метрлік тереңдікте қазылған құдықтарға әрқайсысы 300 мың теңгедей қаржыларын бөлді.

Ал, ауылдағы 30-ға жуық жеке тұрғындар да тереңдігі 3,5-4 метрлік құдықтарды қазып, бүгінде электр қуаты арқылы малдарын суарып отыр.

Шағырлойлықтар бүгінде ауылдан 11 шақырым жердегі «Аққолқа» нүктесіндегі тартылған ауыз суды пайдалануда.

Бұл нүктедегі 25 метр тереңдікте қазылған 3 су айдау құрылғысы (насостар) арқылы күніне 15-20 текше метр су жіберілгенмен, ауыл іргесіндегі ауыз суды тазарту орнынан өткізген 7 тоннадайы, яғни 3,1 көлемі полигонға кетеді екен.

Бұл әрине ойландыратын жағдай.

Міне, осы тапшылықты жою мақсатында аудандық бюджеттен 3 млн 400 мың теңге қаражат бөлініп, қосымша ретінде 1 су айдау құрылғысы (насос) іске қосылмақ.

Бүгінде ауыл тұрғындарына ауыл іргесіндегі 7 су мұнарасына жиналған ауыз суды орталықта орнатылған 5 су жіберу нүктесі арқылы толықтай қамтамасыз ету ұйымдастырылған.

Келешекте Кеңащы жерасты суын аудан орталығына тарту жобасы жүзеге асқан жағдайда Шағырлойға да таза судың қосылғандығы жөніндегі құжаттың жобасы жасалынуда екендігін тілге тиек еткен жөн.

Шағырлой ауылы өткен жылдан тірек ауылы қатарына енгізіліп,  қаржылай қолдау көрсету, ауылдың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын оңтайландырудың көш басында тұр.

Сондықтан да келешекте округке қарасты «Жаңа қоныс» , «Қызыл таң» елді мекендерін көгілдір отынға қосу, Көздіқара ауылының жолын күрделі жөндеуден өткізу, Шағырлой ауылына бұрылыс жолда асфальттауды ауыл тұрғындарының күтіп отырғандары айқын нәрсе.

 

Мүсірбек ӘЛІБЕКҰЛЫ