15.10.2020, 13:19
Қараулар: 51
Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаев: «Малына немқұрайлы қараған жауапқа тартылады»

Сырым аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Кенжебек Қоспаев: «Малына немқұрайлы қараған жауапқа тартылады»

«Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы»  дейтін халықпыз. Төрт түлік – ауыл халқының күнкөрісі, берекесі, нәпақасы. Нарықта ет бағасы өскен сайын, мал басы да артуда. Бүгінде өзгенің өрісіндегі түлікке көз тіккен, оңай олжаға қарық болғысы келетін екіаяқты қасқырлар көбеюде. Мал сайда саны, құмда ізі қалмай, ұшты-күйлі жоғалуда. Күз болып, мал қоңданып, көтерілген шағында соғымға деп сайлап қойған жануарынан айырылып, сан соғып жатқандар көп.

Мал ұрлау кәсіпке айналып баратыны өкінішті. Біреудің ақ адал малының арқасында жеңіл дәулетке қол жеткізгісі келетіндер көп. Мал барымталауға бір адамның қауқары жетпейді. Арам пиғылды әрекетті жасау үшін малы шығарып беретін, тасымалдайтын, соятын, жалған құжат жасайтын адамдары болады екен.  Сол себепті мал ұрлығы елімізде ауыр қылмысқа жатқызылды. Қазақстанда мал ұрлығының жартысына жуығы ашылмайды екен.

Мазаны алған мал ұрлығы жайында, аудандағы қылмыстық ахуал хақында Сырым аудандық  полиция бөлімі бастығының  міндетін атқарушы, полиция подколнигі Кенжебек Қоспаевпен сұқбаттастық.

–  Кенжебек Сүйеужанұлы, биыл ауданда қанша қылмыс тіркелді? Өткен жылмен салыстырғандағы қылмыс деңгейі қандай?

–  Ағымдағы жылдың 9 ай ішінде  Сырым ауданы бойынша  барлығы 72 қылмыс тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір төмендеп отыр.  Былтыр тоғыз айда 116 қылмыс тіркелген болатын. Бұл қылмыстарды талдай кетер болсақ, басым бөлігі – бөтеннің мүлкін ұрлау болып отыр. Биыл тіркелген 72 қылмыстың 57-сі ұрлық. Ал, былтырғы қылмыстың 87-сінде мүлік қолды болған.  Былтырғыға қарағанды қылмыс та, ұрлық та екі есеге азайды. Алайда, ол үшін тоқмейілсуге болмайды. Заң бұзушылықтың алдын алу, онымен ымырасыз күрес жалғаса береді.  Біреудің мүлкін жымқырудың ішінде  «бір төбе» боп тұрғаны – мал ұрлығы.

 –  Мал ұрлығы бойынша қанша факті тіркеліп отыр? Өрістегі малды барымталаудың көбеюінің себебі неде? Мал ұрлығының ашылу деңгейі қалай?

–  Мал ұрлығы бүгінгі күні аудандағы өзекті мәселенің бірі. Аудан халықаралық маңызы бар Самара-Шымкент тас жолы бойында орналасқан. Жолдың бойы – қараусыз, қадағалаусыз мал. Өз мүлкін қарау, күту, ұқыпты ұстауға әркім өзі міндеттігі екендігіне халық мән бермеуде. Мұны халықтың санасына сіңіру мүмкін болмай отыр. Бағымсыз мал – кез келген ұрыға оңай олжа. Былтыр мал ұрлығы бойынша 40-тың үстінде факті тіркелген болса, биыл 20-дан аса мал барымтасы орын алды. Бір айдың ішінде мал ұрлығы қылмысынан бес факті тіркелді. Соңғы тіркелген  қылмыс – Аралтөбе ауылдық округіндегі Тіксай елдімекенінен  арыз берушінің айтуынша, 35 герефорд асылтұқымды мал ұрланған. Бұл  ірі қараның бәрі де еркін жайылымнан қолды болған. Түліктердің бәрі бір мезетте ұрланды ма, жоқ әлде, біртіндеп жаз бойы ұрланып келді ме, оны мал иесінің өзі де айта алмай отыр. Айтуынша, малдарының ен-таңбасы бар екенін, жалпы санын ғана біледі.  Бұл қылмыстар бойынша тергеу аламдары жүргізілуде. Барлық жорамал-болжам бойынша  тексеріліп жатыр. Малы жоғалған адам малды суреттеп, түсін түстеп, неше жасар, ен-таңбасы, құлағында сырғасының нөмірін білуге тиіс.  Ал, соңғы тіркелген факті бойынша иесі мұның бірін де білмейді. Бұл мал иесінің түлігіне немқұрайлы қарап, өріске бағымсыз жібергенін көрсетеді.

Жыл басынан бері ауданда мал ұрлығымен айналысып келген бірнеше қылмыстық топ ұсталды. Қылмыскерлер бас бостандығынан айыру орындарына жіберіліп жатыр. Осыдан үш жыл бұрын мал ұрлығын жасап, 28 бас ірі қараны барымталап кеткен ұйымдасқан топтың қылмысы биыл ашылып, жәбірленушіге келтірілген залалын қайтарды және қазан айының басында сот үкімі шығып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ақжайық полиция бөлімінің аумағында ұсталған мал ұрлаған қылмыскерлер  Сырым ауданында  да 7 ұрлық жасағаны анықталды.    Бүгінгі күні бұл қылмыстық іс сотқа жолданды.

Полиция қызметкерінің жұмысы – қылмыскерді табу ғана емес, озбырлық әрекеттердің алдын алу, болдырмау.  Ал, тұрғындардың түсінігінде  полиция – жоғалған малды тауып беруші. Бұл – жаңсақ түсінік. Нақты мал ұрлығы фактісі болған жағдайда біз қылмысты ашуға, қылмыскерді іздестіруге міндеттіміз. Бүгін таңертең өріске айдап жіберіп, кеште мал келмей қалса, оны полиция қызметкері іздесін деу дұрыс емес.

–  Малды қараусыз, қадағалаусыз қалдырғандар  үшін қандай жауапкершілік бар?

–  Қыркүйектің 2-сі күні Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының қаулысы шықты. Қаулыға сәйкес ауылшаруашылық малдарын ұстау бағу, оларды жаю жөнінде 37-3 ереже бекітілген болатын. Ереже бойынша мал иелеріне жергілікті атқарушы орган ауылдық округтердің төңірегінде мал бағатын жерді белгілейді, малдарды өз еркіне жіберуге тыйым салынады. Кешкі уақытта малды қораларына қамап ұстаулары тиіс. 2020 жылдың қаңтар айында  ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408 бабының  1, 2 бөліктеріне қосымшалар енгізілді. Қосымшада көрсетілгендей, ауылшаруашылық  малдарын, үй жануарларын  ұстау және бағу жөніндегі ережесін бұзған үшін  жауапкершілік көзделген. 11 қыркүйектен бастап, ереже күшіне енетіні туралы «Сырым елі» газеті арқылы халыққа ескерткенбіз. Бүгінгі күнге дейін ескертулер жасап келдік, енді шарасын алып жатырмыз.  Барлық ауылдық округтер бойынша түлігін бақпай, еркін жайылымға жіберген 19 мал иесі 408 бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып отыр. Аталған бап бойынша ескерту немесе айыппұл салынады.  408 баптың 1 бөлімі бойынша ережеде көрсетілген талаптарды бұзған үшін,  2 бөлімінде ереженің талаптарын бұза отырып,  басқа адамдарын залал келтірсе, жауапқа тартылады.  Яғни, малы басқа біреудің шөбіне,  егістігіне түсіп, залал келтірсе, екінші бөліммен заң алдында  иесі жауап береді, бұл бөлімде 5 а    йлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл көзделген. Мал иелерінің мүлкіне бей-жай, немқұрайлы қарап, өріске қадағалаусыз жіберуімен – ұрының алдына айдап апарып бергендей боп отыр. Малдың соңында азаннан кешке дейін бақташы жүрсе, оны ешкім де ұрлай алмайды. Көп жағдайда малды даладан сойып кетіп жатыр, із-түссіз жоқ боп кетіп жатыр. Қыркүйек айында Алғабас ауылының 3 тұрғыны малым жоқ деп арызданып келді. Үшеуінің малы табылды, далада өліп қалған. Өздерінің аумағында өліп жатқан малды іздеп таппай, уачаскелік полиция инспекторына жүктеді. Учаскелік полиция иснпекторы қылмыспен күресіп, алдын алудың орнына бақташы боп, мал іздеді.

Ұрлықты ауыздықтап, жолын тыю үшін алдымен  мал иелері мүлкіне ұқыпты болуы керек.  Малды бақташысыз далаға жібермеуі тиіс.  Кешке дейін бағып, кешкісін аулаларына қамаулары керек. Сол кезде ғана мал ұрлығын бірден сексен пайызға төмендетуге мүмкіндігіміз болады. Мал ұрылығының 80 пайызында жануарлар даладан кетіп жатыр.

–  Ауданда малға соғылу салдарынан орын алған жол-көлік оқиғалары да көп кездеседі. Ол жайында не айтасыз?

–    Малды бақпай далаға жіберіп қойғанның ұрлықтан басқа тағы бір залалы бар. Түнгі уақытта жолдың бойындажүрген  ірі қара, жылқы малдары жол-көлік оқиғаларының орын алуына әкеп соғуда. Қуанышқа орай, қаза тапқандар жоқ, алайда, автокөлік иелеріне 600-700 мың теңге төңірегінде едәуір шығын әкеліп отыр. Мал иелерін табу бізге қиынға соғып тұр. Өйткені, жылқылардың ені, таңбасы жоқ, ірі қаралардың құлағында сырғалары жоқ. Бұл жерде малды бірдейлендіру ауылдық округтердегі ветеринария мамандарының жұмысының салғырттығын көрсетеді. Малды бірдейлендіріп, идентификациядан өткізу – иесінің міндеті. Бір айдың ішінде аудан төңірегінде  8 малға соғылу жол-көлік оқиғасы орын алды.

–   Әңгімемізді әкімшілік құқықбұзушылыққа қарай ойыстырсақ?

–  Әкімшілік құқықбұзушылыққа келсек, оның қылмысқа қарағанда қоғамға тигізер кесірі сәл аздау. Аудан бойынша тоғыз айдың ішінде 942 әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді.  Соның ішінде 139-ы сотқа жіберілді. 430-ы бойынша хаттама толтырылып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Бұл хаттама бойынша 4 млн 800 мың теңге  салынып, соның 4 млн 130 мыңы өндірілді. Өндірілмеген 17 айыппұл сот орындаушыларына жолданды. Әкімшілік құқықбұзушылықтардың ішінде қылмыстардың алдын алатын баптарды айтатын болсақ, отбасылық-тұрмыстық қарым-қатынаста жиі кездесетін құқықбұзушылық,  ұсақ бұзақылық,  автокөлікті мас күйінде  басқару. Соңғы аптада 4 автокөлік жүргізушісі мас күйінде басқарғаны үшін  жауапкершілікке тартып, соттың қаулысымен, 3 жүргізуші 15 тәулікке, 1-еуі 20 тәулікке қамауға алынды.  Көлікті басқару куәліктері алынып, басқару құқықтарынан айырылады.

Халықтан ең бірінші сұрайтынымыз, өз мүлкіне аса мұқият болу.  Қылмыстың алдын алу жалғыз ғана полицияның күшімен  жүзеге асуы мүмкін емес. Халықпен бірлесіп, бір адамдай қылмысқа қарсы тұрсақ қана, қылмысты болдырмауға болады. Қылмыскер даладан келмейді, өз ортамыздан шығады. Қылмыс – қоғамдағы әлеуметтік індет. Біреудің жаман әрекетіне көз жұма қарамай, тоқтау салсақ, үлкендеріміз жастарға «тәйт» деп отырса деймін.

 –  Қазір қашықтан оқыту,  онлайн сабақ болғандықтан, студенттер мен оқушылар үйлерінде, көп уақыты бос. Олардың арасында заң бұзушылық өскен жоқ па?

–  Карантин кезінде, карантиндік шаралар жартылай алынған  қазіргі кезде  жасөспірімдер мен жастар арасында  құқық бұзушылық, қылмыс мүлде тіркелген жоқ.  Жұма, сенбі күндері учаскелік полиция инспекторлары  күшімен көшелерде рейдтік  шаралар, патрульдер ұйымдастырып отырмыз. Өзім тікелей бақылап отырамын. Көше тып-тыныш.  Орталық алаңда  22:00-22:30-ға дейін  жастар келіп отырады.  Бірақ, тентектік жасап немесе  ішімдік ішкен жастарды кездескен емес.

–  Төтенше жағдай кезінде, той жасау, қонақ шақыру, түнгі 23:00-ден  кейін жүрмеу, басқа да карантиндік шектеулерді бұзу фактілері кездесті ме?

–  Қазір түнгі 23:00-ден дейін көшеде жүрмеу керек деген шектеу алынды. Карантин басталғаннан бері аудандық полиция қызметкерлерімен 57 құқықбұзушылық анықталып, біз тек материалды жинап бердік. Аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің  сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Оларға хаттама толтырылып, айыппұл салынып, шарасы алынды.  Ал, тойға келсек, апта сайын, тойлар өтіп жатыр.  Біздің учаскелік полиция қызметкерлері қай жерде той болып жатыр, анықтайды, сол үйге барады.  Үй иелері біздің қызметкерлерге ренжіп жатады. алайда, біздің  міндетіміз – заңның бұзылмауын қадағалау. Тойларда адамдардың арасындағы ара қашықтық, санитарлық талаптар сақталмайды.            Тұрғындар той жасайды, айыппұлын дайындап отырады. Бұл жерде әркімнің азаматтық жауапкершілігі рөл ойнайды.

Әңгімелескен: Шынар  МОЛДАНИЯЗОВА