21.10.2020, 12:06
Қараулар: 64
Мен даланың ұлымын – даналықпын

Мен даланың ұлымын – даналықпын

Махмет Мүтиұлы Қажиахметов – айтыскер ақын, «Сырым ауданының  құрметті азаматы», суретші, аңшы,  қолөнер шебері. Жасынан сурет салу, өлең жазуға, қолөнермен айналысуға қатты қызыққан. Өлеңдері «Қазақстан пионері» газетінде  кейін аудандық «Қызыл ту», облыстық «Орал өңірі», «Айна», республикалық «Жалын» журналы, «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жарияланып тұрған.

Сырым елі ақындарының «Жыр өзегі – Жымпиты» жинағына, «Айтыстың 40 жылдығы», «Жайық айтысына 50 жыл» кітаптарына өлеңдері енгізілген. «Көгершін көңіл» атты  жыр жинағы жарық көрді. Сырым аудандық газетінің редакциясында ұзақ жылдар қызмет атқарған Махмет Мүтиұлы бүгінде зейнеткерлік демалыста. Айтқандайын, қазан айының 23-і жаңасында әріптесіміз Махмет Мүтиұлы  65  жастың қырқасына  шығып отыр. Әріптесімізді  мерейлі жасымен  құттықтай отырып, соңғы кездері жазылған бір топ өлеңдерін оқырман қауымның назарына ұсынғанды жөн көрдік.

 

 

 

«Дала демі» кітабынан үзінді

ДАЛАЛЫҚПЫН

Мен даланың ұлымын – даналықпын,

Далам – анам, мен содан жаралыппын.

Құндақталып құмына өскеннен соң,

Дала берген мінзеден нәр алыппын.

 

Далам маған далиған пейіл берген,

Мәрттігінен мұншама мейірленгем.

Табиғат тәлім берді. Салтқа үйреткен

Даладағы кемпір-шал кейін көрген.

 

Даламда мен пейіштей күн кешемін,

Далам көшсе, ғаламнан бір көшемін.

Жусанының жұпарын жұтып тұрып,

Самалымен сыбырлап тілдесемін.

 

Күні түгіл даламның түні керім,

Санама содан сырды сіңіремін.

Айдың салқар нұрынан жыр мүсіндеп,

Жұлдыздарға жүрекпен үңілемін.

 

Адастырмай даладан алған үлгім,

Тыныштығын тілеймін таңдарымның.

Далам берген дәрісті беске жаттап,

Даланың дипломын алған ұлмын,

 

Тұсауымды кескенмен дархан далам,

Қабағын бермей жүр ғой тарпаң қоғам.

Жарауымды түсіріп, жусап тұрмын,

Шідерленген қалпымда арқандаған.

 

Мұңымды айтсам, айтамын қайманаға,

Содан менің  қажырым қайрала ма?

Босап қалған далада боздап жүрген

Боз атандай лағамын айдалада.

 

 

ІРІЛІК ІЗДЕУ

Миыма сыймай адамзат деген ұлы ұғым,

Мәңгіріп жүрген мінәйі жанның бірімін.

Тірілік  маған боп барад түкке тұрғысыз,

Ісіне зар боп ізеттік қылған ірінің.

 

Қушыкеш пенде ішіне құрық бойламас,

Айтқаны ақша, асап бір сосын тойған ас.

Салт-дәстүрменен ұлт тілі жайлы уайым жоқ,

Оясыз кілең олжадан басқа ойламас.

 

Серейген  сүлде сезімін аттай желдірген,

Ермектен ада, есерсоқ сана кем мүлдем.

Өсектен бастап төсекке дейін түсінік,

Опасыз кино есептер кетіп телмірген.

 

Қазақпыз дейді, қай жері қазақ бұлардың?

Иесі қайда  иман мен ұят, шын ардың?!

Қазына кеуде  қарттарым, қайда кеттіңдер,

Қалдырмай бізге  бізге қасиетін қара тұмардың?

 

 

КҮЗ

Саудырап жапырақтар,

Сары түске боялды атырап бар.

Бұлдыр тұман ішінде бұлт жылайды,

Қараша берді қыстан батыл ақпар.

 

Маңайдан көрік кетіп қыр мұңайды,

Түнерген төңіректі бүрді қайғы.

Өксіген қыр өзегін суық қарып,

Мзегілдің момын көзі тұнжырайды.

 

Қара суық қаңғып жүр қазан ұрған,

Қара қыс қатал солай жаза ылған.

Үп еткен үттің желі мен емес деп,

Аяз ғана азынап аза қылған.

 

Қара ағаш қалтырайды қар аңсаған,

Қарын қамын қиялдап қан аңсаған.

Тебінге  түнде жанап терістіктен,

Жортады түзде бөрі салаң-салаң.

 

Жасаураған жанарға жас тығып кіл,

Тоқсан соңы, тосырқап қас қылып тұр.

Қатал сынақ алатын қарт ұстаздай,

Күз де енді қысқа емтихан тапсырып тұр.

 

ҚАРА ШАЛДЫҢ ҚАНЫ БАРДА ТАМЫРДА

 

Тірлігім жоқ, жалғандықтпен боялған,

Тілімменен салтым үшін ой алаң.

Кірпігіме үміт іліп ұйықтаймын,

Таңда таза тілекпенен оянам.

 

Сөзге қонақ берген жанмын задымда,

Салтымызды талпынамын тануға.

Дәстүр үшін намысыма жүгінсем,

Қара шалдың қаны бар ғой тамырда.

 

Тағылымды сөзін естіп шалдардың,

Ар-иманның ақ дертімен арбалдым.

Арман болмас құдіретті сол дерттен

Айыға алмай кетер болсам қалған күн.

 

Кесек сөзді, қадірлі еді-ау қарт бабам,

Бүгінгілер бабасына тартпаған,

Жалғыз сөзбен ата жауын ықтырып,

Тауып айтқан бір-ақ сөзге тоқтаған.

 

Тыйымменен қыз өсіріп ибалы,

Әжелердің кәміл еді иманы.

Жаһанданып, бейәдепке бой ұрып,

Бүгінгі ұрпақ уланғаны-ай милары.

 

Алаң болар арман қалды артымда,

Қанша тұрам аңтарылған қалпымда,

Көрсеқызар болу емес қазақтық,

Қазақтығым  тілімменен салтымда.

 

Анам мені әлдиледі балам деп,

Бесік жырмен тарихыма қанам көп.

Ұлт жандымын ұлысымды сүйемін,

Тектілікті  сол дәстүрден табам деп.

Махмет ҚАЖИАХМЕТОВ