21.10.2020, 12:22
Қараулар: 96
ҰРЫЛАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

ҰРЫЛАР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

 

Ағымдағы жылдың қазан айының 14-інен 15-іне қараған түні Бұлдырты ауылында жұбайымен тұратын зейнеткер, ақ адал малымен күн көріп отырған М.Габдуловтың қорасынан екі қойы қолды болды. 15 қазан күні Сырым аудандық полиция бөліміне М.Габдулов қоңырау шалып, болған оқиғаны баяндап, шағым түсірді.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-1 бабы 3 бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиға орнына Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары Б.Қуанов бастаған жедел тергеу тобы жетті. Қылмысты ашу мақсатындағы жедел іздестіру кезінде қылмыс орын алған түні ауылға Орал қаласынан екі азамат келіп кеткені анықталды, қойды сойған орны, өкпе-бауыры табылды. М.Габдуловтың қойларын ұрлаған Бұлдырты ауылының тумасы, Орал қаласында тұратын 1998 жылғы және 1999 жылғы екі азамат ұсталды. Қылмыскерлер қылмысын толық мойындап, 1998 жылғы азамат қамауға алынды. Бүгінгі күні тергеу амалдары жүргізілуде.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 188-1 бап, 3 бөлімі ауыр қылмыс саналады. Аталған бап бойынша қылмыскерге 5-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу көзделген.

Сырым аудандық полиция бөлімі