21.10.2020, 12:34
Қараулар: 251
  Қамкөңіл жандардың қамқоршысы

  Қамкөңіл жандардың қамқоршысы

25 қазан – Әлеуметтік сала қызметкерлер күні!

 

                                             

Қазан айының соңғы жексенбісі  халықты  әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерінің мерекесі. Осы тұрғыда  күн сайын қарапайым халыққа әлеуметтік қолдау көрсетіп келе жатырған осы маман иелерінің қажырлы еңбегі өлшеусіз. Елтай ауылдық округіне қарасты әлеуметтік қызметкер Бахытжамал Сагидуллақызы Каримгалиева осы салада он алты жылдан астам еңбек етіп келе жатырған жан.

Әлеуметтік қызметкер – бұл тек кәсіп иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жан. Халықты әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қорғау Елбасы мен Үкіметіміз жүргізіп отырған сындарлы саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сондықтан да, біздің елімізде қарттар мен аз қамтылған отбасыларды, мүгедектер мен балаларды қорғаудың нақты жүйесі қалыптасқан.


Бүгінде кімнен сұрасаңда Бахытжамал Сагидуллақызының еңбекқорлығын, үлкен кісілерге деген қамқорлығын жалпы адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда абзал жүректі адал жан екенін айтады. Үлкеннен алғыс алудың бір жолы осы болса сауапты қызметте жүріп талай жанның жарасына дәру болып, мұң мұқтажын тыңдап әрі педагог, әрі психолог болып кеткеніңді өзің байқамайсың. Әлеуметтік қызметкер болу үшін темірдей төзім, салмақты сабыр мен үлкен жүрек керек. Көмекке ғана емес, қарапайым әңгімеге зәру жандардың жанынан табылып, алғашқы көмек көрсетіп, тамағын дайындап, кір – қоңын жуып, қызмет көрсету нағыз еңбек болып табылады. Бахытжамал Сагидуллақызының алғашқы мамандығы фельдшер лаборант болса, кейіннен педагог – психолог мамандығын игергеннағыз кәсіби маман. Қоғамдағы әлжуаз топтармен етене жақын араласып, олардың жоқ – жітігін жетістіріп, қолынан келгенше қанатымен су сепкен қарылғаштай еңбек етіп жүрген, Б.Каримгалиева нағыз еңбек адамы.

 

Айнагүл ОЙШЫБАЕВА,

Газеттің штаттан тыс тілшісі

Тасқұдық ауылы