23.10.2020, 16:03
Қараулар: 76
ОМЫРАУ ОБЫРЫ ОПЫҚ ЖЕГІЗБЕСІН!

ОМЫРАУ ОБЫРЫ ОПЫҚ ЖЕГІЗБЕСІН!

Сүт безі обыры – әйелдердің арасында жиі кездесетін онкологиялық ауру. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сүйенсек, сүт безі обырының көрсеткіші жоғары. Азия, Африка елдерінде көрсеткіш төмен екен, Орта Азия елдерінде бұл аурудың ең төменгі көрсеткіші Түрікменстанда. Сүт безі обырының салдарынан болатн өлімнің көбеюі ең өзекті мәселеге айналып отыр. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше осы аурумен ауырғандар 250 мың нәзік жанды өмірден өтеді екен.  Ал, біздің елімізде жылына 4000 әйел-аналар сүт безінің обырымен есепке тұрады екен. Ғалымдар бұл аурудың жылдан-жылға ажасарып келетінін айтады.

Нәзік жандыларды жалмаған сырқаттың аудан бойынша ахуалы қандай екені бізді алаңдатпай қоймады. Сырым аудандық ауруханасының жоғары санатты хирург-маммолог дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Асхат Дүйсенғалиевтің есігін қақтық.

Асхат Ғабделғазезұлы омырау обыры туралы:

–    Ауданда 7980 әйел болса, оның ішінде туу жасындағылар 3339, 40 пен 70 жас аралығындағы жаулықтылар –  3180. Маммография бойынша  осы жастағы әйел-аналар жіті бақылауға алынады. 70-тен жоғары әжелер саны – 590. 2020 жылы 1635 нәзікжанды скрининг өту жасында. Яғни, 40 пен 70 жас аралығындағы аналардың жұп жылдары дүниеге келгендері скринингтен өтеді. Ал, келесі жылы тақ жылдарда туған әйелдер тексеріледі. Жоспар бойынша 1122 әйелді скринингтен өтеді. Маммографиядан өтуге тиісті әйелдердің 70  пайызы бүгінде  аппаратқа түсірілді. Жылда осы мезгілде әйелдерді толық тексеріп бітетінбіз, алайда биылғы, карантинге байланысты 70 пайызын ғана қамтып отырмыз, жыл соңына дейін қалған 400  әйел-аналар тексеріп бітеді.   Ауылдық округтер мен елді мекендердегә әйелдер түсірілді аудан орталығы ғана қалды. Әйелдерді Орал қаласына апарып,  аппаратқа  түсіру тегін.  Сүт безі обырымен ауыратындар жыл сайын көбейіп келеді. Өйткені, медицинаның материалдық-техникалық базасы, тексеру әдістері, жаңа аппаратуралар  шығып, скрининг өту енгізіліп,  ауруларды анықтау артуда. Біздің ауданда сүт безі обырымен бүгінгі күні 21 әйел есепте тұр. Сүт безі қатерлі ісігінің бірінші, екінші кезеңінде 19 адам болса,  үшінші төртінші сатыда 2 әйел бар. Олар осыдан үш-төрт жыл бұрын анықталған. Қазіргі жағдайлары жақсы.  Былтыр скринингтің қорытындысымен, әйел-аналардың өздерінің келулерімен 5 адам сүт безі қатерлі ісігімен есепке алынды. Маммографияға түсіп, ауру анықталған соң,  науқасты қалаға  диагнозын нақтылау үшін жібереміз. Қаладан ультрадыбыстық зерттеу аппаратына түсіп,  биопсия (аурудың сипатын анықтау үшін зақымданған тінін кесіп алып, морфологиялық әдіспен тексеру) алынады, цитологиямен қатерлі ісік жасушасы бар екендігі гестологиялық түрде расталады, содан кейін  біз ол әйелді есепке аламыз. Отаға дайындап, жібереміз. Ота жасалып келген әйел біздің қадағалауымызда болады. Жылына екі рет тексереміз, тиісті дәрі-дәрмегін береміз. 21 науқастың бәрі де отадан өтіп,  бір омыраулары алынып тасталған, бүгінде жағдайлары жақсы. Бұл 21 әйелдің сыртында, қатерлі ісік алдындағы  киста, талшықты аденоз, фиброаденома,  полип,  мастопатия секілді қатерсіз ісіктері бар науқастар да   бізде диспансерлік есепте. Мұндай аурулармен 121 нәзікжанды есепке алынды. Оларды да жылына екі рет шақыртып, ем-домдарын береміз, қосымша тексерістерден өткіземіз. Ультрадыбыстық зерттеу қорытындысы «сау» деп берілсе, есептен шығарамыз.  Фиброденома, киста, басқа да қатерсіз ісіктер отасыз емделеді. Омырау обыры негізінен жасқа қарамайды, алайда 40-70 жас аралығындағылардың дертке шалдығуы жиі кездеседі. Сүт безінің қатерлі ісігіне әкелетін себептер көп.  Қыздарда етеккірдің 12 жастан бұрын келуі, етеккірдің 50-ден асып, 60-қа жақындағанда тоқтауы, әйелдердің бала көтермеуі,  жыныстық қатынаста жиі, уақытылы болмауы, нейрогуморальды себептерге орай  стресске ұшырап,  прогестерон, эстроген гормандарының тепе-теңдігінің бұзылуы, баланы екі жасқа дейін емізбеу, созылмалы гепатит, бауыр аурулары,  қант диабеті, семіздік,  жатыр мен  аналық бездегі созылмалы аурулар,  шылым шегу  сүт безінің обырына әкеп соғады. Бұл ауру тұқым қуалайды. Әйел адам өз денсаулығына мұқият қарап, келіп, тексеріліп,  уақытылы емделген болса,  аурудың алдын алуға да, емделуге де болады,- дейді.

Маммолог-дәрігердің айтуынша, әйел-аналардың көбі денсаулықтан гөрі, отбасындағы тірлікті алдыға қойып,  әбден жанына батқанша, дәрігерге көрінбейді екен. Ол кезде омырауына обырдың орнығып алуы мүмкін.  Қатерлі ісік жасушалары миға, қанға, сүйекке, өкпеге, бауырға тарап кетпей тұрғанда, емделеді. Асқынған жағдайда химиялық терапиямен, сәулелі терапиямен емеделеді, мұндай әйелдердің өмір жасы қысқарақ болып келеді.

Сүт безінің алдын алу мақсатында мемлекетіміз маммографиялық аппарат алу, мамандарды оқыту сияқты істерге көп қаржы жұмсауда.  2008 жылы маммогафия аппараты ауданымызға да келді. Маммографиялық тексерістер, үгіт-насихат жүргізу, лекциялар оқып,  брошюралар тарату жұмыстары да жиі ұйымдастырылуда.

Күнделікті тамақтану да әйел адамдардың гормондарына қатты әсерін тигізеді екен. Сүт безі обырының алдын алудың бірден-бір жолы дұрыс тамақтану болса керек. Жаулықтылардың саулығы үшін ұсынылатын  мәзір мынадай: аптасына 5-6 рет майсыз ет,  йодқа бай  майшабақ, ақсерке, асшаян, кальмар,  мидияны салатқа қосылған түрінде және дербес тағам ретінде  аптасына 3-4 ет жеу керек.  Майсыз сүзбе,  қатты ірімшік, қышқыл сүт өнімдері, сүт; жұмыртқаны ақуызы, зәйтүн, күнбағыс, мақта майлары,  кебек қосылған ұн өнімдері, бидай өнімдері, дәнді дақылдарды тұтастай және үгітілген түрлерін, қарақұмық, қара бидай, қоңыр күріш ботқалары, күнделікті, шектеусіз жемістер мен көкөністерді тұтынуы керек. Сусындар әйел-аналарға ұсынылатыны – көк шай,  жеміс-көкөніс шырындары, бұлақ суы,  минералды-емдік сулар. Тәттіні ұнататын нәзікжандылар үшін тек қана  бал, кептірілген жемістер, балғын жемістер мен жидектер секілді табиғи тәттілерді жеуге ғана рұқсат етіледі. Ал, сүт безі қатерлі ісігінің алдын алу үшін  қыз-келіншектерге мыналарды жеуге болмайды:  шошқа, үйрек еті,  шұжық өнімдері,  қуырылған балық,  тәтті йогурт, тәтті сусындар, сары май, қаймақ, жұмыртқаның саруызы, жануарлардың майы, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, торт,  алкоголь, кез-келген тәтті, газдалған сусындар,  қою шай мен кофе, шоколад, какао, шектен тыс тұз бен қант.  Тағамдарды тепе-теңдікте тұтыну әйелдердің прогестерон және эстроген гормондарын қалыпты ұстайды.

Омыраудағы обырды әйелдер өздері тексере алады. Айына бір рет етеккірден кейін емшектің жұмсаратын 6-7 күндері  айнаның алдында тұрып,   екі қолын төмен түсіріп, екі омыраудың терісінің түстері бірдей ме, қызарып тұрған жоқ па,  емшектің ұштары бір түзудің бойында тұр ма,  омыраудың асты бір сызықтың бойымен тұр ма, ассимметриясы бірдей ме, қарауы керек.  Екі қолын жоғары көтеріп қарағаны жөн. Егер, қолды көтергенде, емшекте ісік болса, ісік без, теріні жинап алып, жиырылып, тері тартылып,  ішке қарай ойық боп тұрады.  Омырауды жоғары жағынан басып, қолға артық ештеңе білінбей ме, түйнек жоқ па, ұстап көруі керек.  Шалқасынан да жатып тексеруге тиіс. Жатқанда, омырау жайылып, ісіктің бар-жоғын қолмен байқауға болады. Егер, қатерлі ісік жасушалары болса, теріде тыртықтар, жаралар, жарақаттар пайда болады, апельсин қабығы сияқты тесіктер болады, ісінеді, қызарады.

Әйел-аналар – ұлт саулығына жауапты жандар. Басты байлық денсаулық болса, ақ жаулық – екінші байлық. Сондықтан, алдымен аналардың, қыз-келіншектердің саулығын ойлау – әркімге міндет. Аналарымыз аман болғай!

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА