3.11.2020, 12:10
Қараулар: 81
БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІКТІҢ ШАПАҒАТЫ

БЕРЕКЕЛІ ТІРЛІКТІҢ ШАПАҒАТЫ

Бұлан ауылы 1969 жылы құрылып, сол кезеңнен бергі жылдар бойы ырысы мен ынтымағын, бірлігін жоғалтып көрмеген қасиетті өңір.
Өзіндік тарихи орындарына бай өлкенің өткені мен бүгінгісі, атқарылған жетістіктері жөнінде Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Берікұлы Кубаев (суретте) төмендегіше әңгімелейді.


Ауылдық округ негізінен ауыл шаруашылығына бағытталған, соның ішінде мал шаруашылығы.

Округ бойынша 11 шаруа қожалығы тіркелсе, соның оны мал шаруашылығымен, біреуі бау-бақшамен айналысады.

Округте өткен 9 айда ірі қара 2588 бас, (алынған бұзау 782 бас), ұсақ мал  4994 бас,  (алынған төл 1937 бас), жылқы  763 бас,  (алынған құлын 188 бас), құс саны – 1242,  ал, шаруа қожалықтары бойынша ірі қара 1357 бас, (алынған бұзау 432 бас), ұсақ мал 2459 бас, (алынған төл 741 бас), жылқы малы 574 бас, (алынған құлын 139 бас) болды.
«Муса» шаруа қожалығы 6 га жерге картоп, 4 га жерге көкөніс, 4 га жерге бақша егіп, алынған асқабақ, қызанақ, қияр, қауын, қарбыз, қырыққабат жергілікті тұрғындарға қолайлы бағамен сатылды.
Мал басын бірдейлендіру, түрлі аурулардың алдын алу бағытында округте жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Мал басын асылдандыру бағытында «Жаңаталап», «Қайсар», «Мендібай», «Жалғас» шаруа қожалықтары тым-тәуір жұмыстар атқаруда болса, округ бойынша 9 шаруа қожалығының мал шаруашылығындағы субсидия өтінімдері қанағаттандырылып, 9 млн 138 мың теңгенің қаражаты төленді.

Сондай-ақ, «Жаңаталап», «Жалғас», «Меңдібай», «Солих», «Берекет» шаруа қожалықтары инвестициялық субсидия арқылы күн панелдерін, электрогенераторлар, насостар сатып алды.

Округте мал азығын дайындауға 17 трактор, 23орақ, 25 адам қатысып, жоспар бойынша қыстаққа 4.2 тонна мал азығы дайындалып, жоспар 100 пайызға орындалды.

 

Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қолдау көрсету бағытындағы оңды істер округте де қолға алынған.
Округ бойынша 11 шаруа қожалығы, 17 жеке кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, ауыл тұрғындарын «Хамза», «А.Бержанова» атты дүкендер азық-түлікпен тұрақты қамтуда.

«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  2017-2021 жылдарға  арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрғындар несиелік қаржымен қамтылуда. Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы  2 жеке кәсіпкер несие алып ірі қара малын бордақылаумен айналысуда.

Ал, «Jas project» жастар бағдарламасы бойынша 3 ауыл жастары 1 000 000 теңге қайтарымсыз несие алып «Шідерті наны» жобасы бойынша грант иеленді.

Биылғы жылы «Еңбек» бағдарламасымен қайтарымсыз грант иеленген Нұрболат Өтегенов 330 мың теңгеге құс сатып алып жұмыстануда.

 

Округ бойынша 2 елді мекенде 912 адам немесе 250 отбасы тұрады.

2019 жылдан бастап  бүгінге дейін   4 көп балалы және 2 аз қамтылған отбасыларына 505 000 және 300 000 теңгеден қайтарымсыз грант беріліп, алынған  қаржыға мал сатып алынып, өсірілуде.

Жыл басынан  округ бойынша оздырылған «Мейірбандық күндері»  қайырымдылық айлығы  аясында  Бұлан ауылының тұрғыны Гүлбағида Нуфтиеваға 2005 жылғы мектеп түлектері 250000 теңге көлемінде жинаған қаражаттарына тұрғын үйінің ішіне жылыту жүйелерін орнатса, жалғыз басты қария Жамиға Кайрова әжейге 2000 жылғы мектеп түлектері 250 000 теңге көлеміндегі қаражаттарына тұрғын үйінің төбесін жөндеп, шатырын ауыстырып берді.

Немесе, аз қамтылған Ж.Хасеновтер отбасының  тұрғын үйіне «Бұлан» шаруа қожалығының жетекшісі М.Досалиев 400000(төрт жүз мың) теңге қаражат бөліп, көгілдір отын өткізіп берді.

Жалпы округте аз қамтылған  және көп балалы 24 отбасы  392 000 мың теңге көлемінде азық түлік, мал азығымен қамтамасыз етілді.

COVID-19 індеті кезінде «Бұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Досалиев аз қамтылған 5 отбасына 100 мың теңгеге азық-түлікпен көмектессе, «Солих» шаруа қожалығының жетекшісі Әділбек Кайырлиев аз қамтылған Бұлан ауылының 5 отбасына, Жамбыл ауылының 6 отбасына 220 мың теңгенің азық-түлігі мен бір бас ірі қара малының етін таратып берді.

Үйден әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің қарамағында 4 жалғызбасты  қария және 2 мүгедек  бала тіркеліп, 2 әлеуметтік қызметкер  қызмет көрсетуде.

Биылғы жылы елімізде мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсарту, орта білім беру жүйесінде негізгі бағыттардың орындалуына баса назар аудару бағытында шаралар тұрақты жүзеге асырылуда.

Округ бойынша жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінде 24 мұғалім, Жамбыл негізгі мектебінде 21 мұғалім шәкірттерге білім беруде.

Жалпы білім беретін  Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінде-13 бала, шағын орталықта-15  бала, 4 тәрбиеші қызмет етеді. Жамбыл негізгі мектебі жанындағы  шағын орталықта -12 бала тәрбиеленуде, 1тәрбиеші және 1 тәрбиешінің көмекшісі қызмет етеді.

Округ бойынша «Мектепке жол» акциясы  аясында  2020 жылы Бұлан ауылынан  23  балаға 121200 теңгеге, Жамбыл ауылынан 27 балаға 263615 теңгеге киім-кешек, оқу құралдарымен қамтамасыз етілді.

Ауылдық округте 1 фельдшерлік-акушерлік пункт,1 медициналық пункт жұмыс жасайды және 2 мед.фельдшер, 1-медбике қызмет көрсетеді. Жыл  басынан күндізгі емдеу бөлімінде —  275   ауыл тұрғыны ем алса,  17 науқас үйден күндізгі стационарлық  ем алды.

 

Округте 1 мәдениет үйі, 1 клуб, 2 кітапхана,1 «Қайсар» спорт клубы жұмыс істейді. Екі кітапханадағы кітап қоры 18 881 дана, оқырман саны 407адам.                Кітапханалар мен мәдениет үйлерінде ақындардың  атаулы мерей тойлары мен мерекелер онлайн формат  түрінде   өткізілуде.

Мәдениет үйі жанынан 2008 жылы «Ару-ана» әжелер алқасы құрылса, бүгінде алқа құрамы он әжеден тұрады (Жетекшісі Гүлнар Зайдоллақызы). «Ару-Ана» әжелер алқасы  аудандағы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Әжелер ән әлемінде» атты байқаудан жүлделі 1ші орын, 2017 жылы  «Қайран біздің әжелер арды ойлаған» атты аудандық байқаудан бас жүлде, аймақтық кезеңнен де бас жүлде, облыстық кезеңінен жүлделі екінші орын алса, 2018 жылы Астана қаласының 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Асқақтатқан Астана» атты аудандық байқаудан 2-ші орын, 2020 жыл аудандық «Әжелер ән әлемінде» атты онлайн байқауында бас жүлдеге ие болғандығын мақтанышпен айтқан жөн. Бұлан ауылында 107 тұрғын үй және Жамбыл ауылында 36 тұрғын үй барлық әлеуметтік нысандар көгілдір отынмен толықтай қамтылған.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында округ көлемінде 2018 жылы Жамбыл ауылында ауыл тумасы, жеке кәсіпкер Ә.Қайырлиевтің тікелей демеушілігімен және ауыл азаматтарының қаржысына жазғы спорт алаңы және «Street Work Out» алаңы ашылып, пайдалануға берілді.

Ауыл перзенті, «Бұлан» ШҚ-ның жетекшісі М.Досалиевтің бастамасы және тікелей қаржылық демеушілігімен Бұлан ауылында саябақ ашылып, 250 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Сондай-ақ, «Бұлан-Болашақ» ауылшаруашылық кооперативінің қаржысына балалар ойын алаңы жасалып, саябақ ауласына орнатылды.

Сондай-ақ өткен жылы «Қайсар»ШҚ жетекшісі Сайлау Көлбаев, жеке кәсіпкер Асылхан Мыңжасаровтың бастамасы, ауылымызда туып өскен, қазіргі уақытта еліміздің әр қиырында жүрген ел азаматтарының демеушілігімен Бұлан ауылына кіре берістегі белгі жазбасы жаңартылды.

1 қыркүйек-Білім күні қарсаңында Бұлан ауылының тумасы бүгінде Алматы қаласының тұрғыны, Артур Байбуловтың демеушілігімен республикалық «Мектепке домбыра сыйла» акциясы аясында жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешеніне 3 домбыра сыйға тартылды.

Жеке кәсіпкер Ә.Қайырлиевтің қаржылық демеушілігімен Жамбыл ауылына кіре беріске латын әліпбиімен жазылған белгі орнатылды.

«Қасиетті Қазақстан» бағыты бойынша округіміздегі Тайлақ батыр зиратының айналасы тазартылып, сенбілік жұмыстары жүргізілді. Жалпы білім беретін Бұлан орта мектеп-балабақша кешенінің ұйымдастыруымен мектеп оқушыларының қатысуымен «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында Жамбыл ауылының іргесіндегі Тайлақ батыр қорымына веложорық ұйымдастырылды.

Бұлан және Жамбыл ауылының көшелеріндегі электр бағандарына 20 дана жарық үнемдегіш шамдар қойылып ауыл көшелерін бүгінгі заман талғамына сәйкесті абаттандыру жұмысы да қарқынды жүргізілуде.