9.11.2020, 18:20
Қараулар: 95
МЕДІРЕС БАЛАСЫ ӨТЕГЕННІҢ ЖЫРЫН БІЛЕТІНДЕР БАР МА ЕКЕН?

МЕДІРЕС БАЛАСЫ ӨТЕГЕННІҢ ЖЫРЫН БІЛЕТІНДЕР БАР МА ЕКЕН?

 

Мәдениет саласының ардагері, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасының иегері Төлеген Есмұқанов редакциямызға келді. Аман-саулықтан кейін шаруасын айтты.

–  Осыдан төрт-бес жыл бұрын жаз айында Жаңақала ауданындағы емдеу-сауықтыру орталығында болдым. Сол кезде Атырау обысы Есбол ауданы Мерей ауылынан емделуге келген Қара Тоқай Берік руынан болатын Жәрдем Елеукенұлы деген ақсақалмен таныстым. 1926 жылғы, сол кезде жасы тоқсанды алқымдаған абыздың көзі ашық, көкірегі тұнған шежіре екен. Қарт  маған Жаңақала өңірінде, Нарынның құмында өмір сүрген  Жиенбет Тана Медірес баласы Өтеген деген кісінің өткенін, 1928 жылдары конфискацияға ұшырағанын әңгімеледі. Медірес баласы Өтегеннің жырын  жасында жатқа білген екен. Соны маған жырлап берген болатын. Тоқсанға келген қарияға жыр айту оңай емес, әйтсе де есінде қалғанын жеткізді. Мен қағазға түсіріп алдым. Бір өкініштісі, Жәрдем Елеукенұлы жырды ұмытыңқырап қалған. Сол Өтегеннің жырын жатқа білетіндер, естіп өскендер немесе Өтеген Медіресұлының  ұрпақтары болса, хабарласса екен, -деді Төлеген Мінафиұлы.

Өтегеннің жыры төмендегіше. Патша үкіметінің отарлау саясатындағы  елдің жанайқайы суреттеледі екен.  Бұл  да бір – тарих қой. Әрі жыраулар әдебиетінің сынығы. Жырды оқығанда, есіне түскен, білетіндер болса, редакцияға хабарласуларыңызды сұраймыз.

 

Бисмилла сөзін бастайын,

Қағазға жазып тастайын.

Шежіре шешен емеспін,

Қайғыланып, шерленіп,

Бозжорға тай тербеліп,

Бұрынғыдай тең көріп.

Мен бір қоян бұл күнде

Көрінгенге жем болған.

Сөйлемейін деп едім.

Заманың кетті өзгеріп.

Әрі де бері сөйлейтін

Заманымның түрінен

Мысал етіп қарайын,

Есімді білген күнімен.

Қазағымның ішінен

Шабыңдар деп байларды,

Қанды жүйрік ұл туды,

Жігерленіп, бел буды.

Түбінде бізге кеселдей

Мұсылманның баласы.

Інісі мен ағасы,

Жиен менен нағашы,

Ұйыққан иттей топырлап,

Белсенділер қамады.

Кееледі қағаз ауданнан

Байды жойды арадан.

Мықты нәрсе жоқ екен

Советтің басқан мөріндей.

Мұңымызды ескер деп,

Жоғымызды тексер деп,

Бригада болдым деп,

Атқа мініп оңдым деп,

Киіз қаптың түбіне

Екі елі қағаз салады.

Шаш ал десе, бас алып,

Өз керегін қоса алып,

Байға қарай шабады.

Қатыннан болды басқарма,

Айтып үгіт жастарға,

Желкесіне томпайтып,

Шашын түйіп, тараған.

Тарға айналды заманым,

Сақтамаса құдайым

Таупих пәле-қазадан.

Меншіктейді әркімге,

Байтақ жатқан даланы,

Әр жерінен бөгеді

Су келетін саланы.

16-шы жыл келіп,

Болшебек  деген алыстан

Хабар шықты емескі.

Жыл жарымдай соғысып,

Оралменен егесті.

Бағынып Орал көнген соң,

Таратты елге кеңесті.

Кеңескенде не десті?

Кейінгі бала тел өсті,

Тілі жаңа шыққан соң,

«Здравствуй, товарищ,

Давай рука» деп өсті.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА