4.02.2015, 7:39
Қараулар: 181
Елбасы және ТӘУЕЛСІЗДІК

Елбасы және ТӘУЕЛСІЗДІК

DMS_0800


Кеше облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Елбасы және Тәуелсіздік» залының тұсаукесері  өтті.


-Астана күні қарсаңындағы бұл игі істің символдық мәні зор, – деді салтанатты шараға қатысқан облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Иночкин. – Еуразия кеңістігінде орын алған Астана өзіндік қайталанбас өрнегімен, сән-сәулетімен баршаны тамсандыруда. Бас қаланың мәртебесі асқақтауына негіз болған Елбасының еңбегі ерен. Ұлт көшбасшысының сарабдал саясаты мен қарымды қайраткерлігінің арқасында еліміз егемендік алған жылдан бері еңсесін тіктеп, өзге мемлекеттер ғасырлап жете алмаған белестерді бағындыруда. Сондықтан біз үшін «Елбасы», «Тәуелсіздік», «Астана» ұғымдары мақтан тұтар басты брендімізге айналды.

Одан әрі сөз кезегін спорт саласының ардагері Темірболат Құбашев жалғастырды. Ол 1960-1962 жылдары Қазақстан магниткасының құрылысын қалаған құрыш қолдар қатарында Елбасымен бірге еңбек еткенін атап өтті. Ал «Ару аналар» ансамблінің жетекшісі Клара Саржанова 1962 жылы Финляндияда өткен  жастардың VІІІ дүниежүзілік фестивалінде Нұрсұлтан Назарбаевтың жалынды сөз сөйлегенін, жерлестермен танысқандағы қарапайым болмысын айтты.

Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Вячеслав Иночкин мен ардагер Темірболат Құбашев «Елбасы және Тәуелсіздік» залының алдында лента қию рәсімін жасағаннан кейін музей экскурсоводы Гүлбөбек Қалешова залдағы жәдігерлерді көпшілікке таныстырды. Мұнда Мемлекет басшысының балалық шағынан бастап, қайраткерлік өсу жолы, отбасылық өмірі, саяси тұлғаға  айналуы, маңызды оқиғалар көрінісін, өңірімізге жасаған іссапарын айғақтайтын фотосуреттер қойылған. Президенттің күнделік, қойын дәптерінің, марапат қағаздары мен құттықтау хаттарының, іс-құжаттардың көшірмелері, кітаптары, «Қазақ елі», «Бәйтерек» коллаждары – барлық жәдігер 12 әйнек сөреге жинақы жүйеленген. Осындағы бұйымдар арасында Елбасының 2003 жылы Қарашығанақ кенішіне келген сапарында өз қолтаңбасын қалдырған мұнайгаз саласы қызметкерінің дулығасы (каскасы) айрықша көзге түседі.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар