15.10.2015, 15:36
Қараулар: 34
«Басты міндет – жұмыла жұмыстану»

«Басты міндет – жұмыла жұмыстану»

1.15.10.15Елбасы бес институционалдық реформа аясында Ұлт жоспарын қабылдап, 100 нақты қадамды айқын түрде белгілеп берді. Осыған орай Елбасының халыққа арнаған Жолдаулары аясында атқарып жатырған іс-қимылдары, келешекте атқаратын жұмыс бағыттары жөнінде «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Исановпен әңгімелескен едік.

Ерболат Исанов,

«Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары— Ерболат Рысқалиұлы, «Нұр Отан» партиясы сайлауалды тұғырнамасының жүзеге асырылуы, бес институционалдық реформа туралы не айтар едіңіз?

— Бүгінгі күні мемлекетіміз тарапынан қазақстандықтарға адами әлеуетті, азаматтық қоғамды одан әрі қалыптастыруға барлық мүмкіндіктер жасалып келеді. Міне, осы орайда барша қазақстандықтарды ортақ мақсатқа ұйытып, жұмған жұдырықтай жұмылдырып отырған, халықтың сеніміне ие болған «Нұр Отан» партиясының ел дамуында орны ерекше екені сөзсіз. «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан.2017 Мақсаттары ұлттық іс-қимыл жоспары» атты сайлауалды тұғырнамасының басты-басты тоғыз бабы лайықты жүзеге асырылып келе жатыр. Бұл жоспардағы білім беру, денсаулық сақтау, халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылды дамыту және әлеуметтік саясат сияқты салаларды басты назарға ұстауымыз қажет. Тұғырнаманың орындалуын барлығымыз, әр саланың мекеме басшылары, мектеп директорлары, партия филиалы жанындағы «Сыбайластық пен жемқорлыққа қарсы әрекет ету» қоғамдық кеңесі, Партиялық бақылау комиссиясы, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, қоғамдық қабылдау бөлмесі, мәслихат депутаттары жіті қадағалап отыруы тиіс. Өйткені, елімізде, облыс, аудан, ауылдық округтерде барлық жасалып жатқан жұмыстар осынау партияның сайлауалды тұғырнамасынан және Елбасының Жолдауларынан, «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, сондай-ақ Қазақстанның барлық азаматтары үшін қазіргі заманғы мемлекет құруға бағытталған бес институционалдық реформаны жүзеге асырудағы 100 нақты қадам Ұлттық іс-қимыл жоспарынан, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясынан, туындап жатқан міндеттер.

—      Бастауыш партия ұйымдары партия саясатын насихаттаудағы ең басты тұлға. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

Партия саясатын, бүгінгі атқарған істері мен болашақ мақсаттарын насихаттау ең алдымен бастауыш партия ұйымдарына жүктелген. Бұл ретте ауданымыздағы 20 бастауыш партия ұйымы халықпен, қоғаммен, әртүрлі бағыттағы үкіметтік емес ұйымдармен байланыс жұмыстарын жылдан-жылға жетілдіріп келеді. Осыдан екі жыл бұрын партия филиалы төрағасының бастамасымен аудан әкімі жанынан әйелдер кеңесі мен жастар ісі жөніндегі кеңесінің қоғамдық органдары құрылса, партия жобалары аясында бірнеше бастамалар көтеріліп, билік пен халықтан қолдау тауып, сәтті жүзеге асырылып келеді. «Біздің ауыл» жобасы аясында туған өлкеміздің тарихын түгендеу мақсатында «Менің кіші Отаным!» атты тарихи экспедиция ұйымдастырылып, нәтижесінде тарихи ескерткіштеріміздің төңірегі қоршалды. Аталмыш экспедицияның биылғы жылы екінші кезеңі «Сырым шыққан төбеден-Сырым бөгетіне дейін» деген атпен Қазақ Хандығының 550 жылдығына орай, 3 облыс, 6 аудан тарихи орындарын қамтып жүзеге асырылды. Халықтың игілігі үшін салынған аудан орталығындағы саябақтағы балалар ойыны алаңында «Бақытты балалық», «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында көптеген шаралар өткізілді. «Біздің ауыл» жобасы аясында өткен жылы Бұлдырты, Жетікөл ауылдарында ашылған спорттық алаңдарда «Кедергісіз келешек», «Жастар – Отанға» жобалары аясында «Бұлдырты», «Жетікөл» бастауыш партия ұйымдарының ұйытқы болуымен түрлі мәдени-спорттық шаралар оздырылып тұрады. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай «Шағырлой», «Бұлан», «Шолақаңқаты», «Өлеңті», «Жетікөл» БПҰ-да «Біздің ауыл», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында ескерткіш-тақталар ашылып, жаңартылды. «Бақытты балалық» жобасының аясында партия жетім балаларға қамқорлық жасау мақсатында олардың атына демеушілер арқылы банктен дербес шот ашып, әрбіреуінің шотына 6000 теңгеден салу бастамасына партия филиалы төрағасынан бастап, келесі партия белсенділері үн қосты: А.Шыныбеков, А.Баяндыков, А.Дүйсенғалиев, А.Балғалиев, Ж.Сатаев, Т.Айтқалиев, Қ.Төлепов, З.Ерғазиева, С.Қыдыралин, Қ.Ғабдешов, Т.Ихсанов, С.Бақтығалиев сондай-ақ, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері болып қолдау жасады. Ата-анасынан қамқорлығынсыз қалған 13 жетім балаға есеп шот ашылса, алдағы уақытта қалған 13 балаға негізгі шот ашу жоспарда бар. Басқа да жобалар шеңберінде түрлі игі істер атқарылып жатыр.

— Ерболат Рысқалиұлы, партияның өткен айлар ішінде атқарған басты жұмыстары қандай деңгейде жүргізілуде?

— Ішкі партиялық жұмыстарға келетін болсақ, аудандық партия филиалы өткен айлар ішінде 2 конференция, 1 саяси кеңестің және 5 саяси кеңес Бюросының және 3 бақылау комиссиясының 1 сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету қоғамдық кеңесінің отырысын өткізді.

Аталмыш филиалдың қабылдау бөлмелеріне тұрғындар  ұсыныс-тілектерімен, көп жағдай­ларда әлеуметтік проблемаларға қатысты арыз-шағымдармен келеді. Мәселен, биылғы жылдың өткен айлары ішінде қоғамдық қабылдауға 134 азамат келді. Олардың ішінде депутаттармен 50 қабылдау болып, 72 азамат қабылданды.

Партия филиалының конференциялары партияның кезектен тыс ХVІ съезінің өтуіне байланысты өткізіліп, онда облыстық конференцияға делегаттар сайланды.

Саяси кеңестің бюроларында партия төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың партияның кезектен тыс ХVІ съезінде сөйлеген сөзінен туындайтын тапсырмаларды орындаудағы аудандық партия филиалының міндеттері, облыстық филиалдың тапсырмаларына сәйкес сыбайлас жемқорлыққа жағдай тудыратын іс-әрекет жасаған партия мүшелерінің партиялық жауапкершілігі, «Тұрғын үй құрылысын дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының орындалуын, сондай-ақ ауыл ішіндегі көше жолдарының жөндеу жұмыстарын қадағалаудағы аудандық партиялық бақылау комиссиясының жұмысы және басқа да мәселелер қаралды.

— Партияның аудан жастарымен байланысы, шараларға қатысуы туралы қандай ой айтар едіңіз?

— Жастардың белсенділігі, күш-қуаты, олардың болашаққа деген батыл ұмтылысы, біздің алға қойған мақсатымыздың табысты кепілі. Бүгінгі таңда «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» жастар қанаты өзінің үлкен саяси күш екенін білдіріп отыр. Ауданда жастардың белсенді қатысуымен жыл сайын «Абаттандыру» айлығы, мәдени-спорттық шаралар, жастар форумы, жұмыссыз жастарға арналған жәрмеңке өткізіледі. Осы жұмыстарды партияның жастар қанаты «Жас Отанның» аудандық бөлімшесі «Сырым жастары» ұйымымен, сондай-ақ құрылғанына бір жыл болған жаңа мекеме жастар ресурстық орталығымен бірлесіп атқарып келеді. Атқарылған жұмыстардың ақпараты «Фэйзбук», «В контакте», «Твиттер» әлеуметтік желілері мен аудандық әкімдіктің және облыстық «Жайық Пресс» сайтында жарық көріп отырады.

— Партиялық ұйымдастыру, саяси бұқаралық жұмысты жандандыру бағытында не айтасыз?

— Филиал жұмысының басты бағыттарының бірі – партиялық ұйымдастыру және саяси бұқаралық жұмысты жақсарта отырып, идеологиялық жұмыстың әдістемелік түрлерін жетілдіруге бағытталған облыстың берген тапсырмаларына сәйкес жүзеге асыру. Бұл ретте филиал партияның ұйымдық жұмысының негізі болып табылатын бастауыш партия ұйымдарының белсенділігіне сүйенеді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясы бүгінгі күні партиялық жұмыста жаңа жолдармен, жаңа принциптермен жұмыс жасауды талап етеді. Бұл орайда жоғарыда аталып өткен партияның ресми түрдегі 13 жобасы. Сондай-ақ, биылғы жылдың «Бастауыш партия ұйымының ішкі мүмкіншіліктеріне баса назар аударамыз. Бізде бастауыш партия ұйымдарының белсенділіктері төмен. Әрине, бәрі емес. Өз жұмыстарын қал-қадірінше атқарып, жоспарлары мен іс-қағаздарын жүргізіп, халықпен жұмыс жасауда көпке танылып, жарналарын уақытылы жинап, алдыңғы қатардан көрініп жүрген бастауыш партия ұйымдары бар. Жақын арада «Үздік БПҰ» республикалық байқауының аудандық кезеңі өткізілді. 16 БПҰ қатысқан байқауға партия филиалының төрағасы Абат Абайұлы төрағалық етіп, облыстық филиалдан өкілдер қатысты. Байқау қорытындысында деңгейлері сараланып, облысқа «Жетікөл» мен «Сырым» БПҰ-ры қатысуға жіберілді. Кейбір бастауыш партия ұйымдарының басында отырған жетекшілері өзінің толық мәнінде атқаратын міндетін білгені жөн. Олар партия қатарын сапалы жағынан толықтыруға көп жұмыстар жүргізу керек және өз округіндегі әлеуметтік-экономикалық, мәдени-қоғамдық мәселелерді көтеруге және оны іске асыруға белсенділік танытулары қажет. Сондай-ақ, аудандық мәслихаттың депутаттарымен, ардагерлер және әйелдер кеңесімен, жастар ұйымдарымен, т.б. ҮЕҰ-мен тығыз байланыста жұмыс жасауын жүйелеген жөн.

— Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, оның алдын алудағы атқарылып жатырған іс-қимылдар қандай деңгейде жүргізілуде?

— Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы әрдайым сыбайлас жемқорлыққа мемлекетімізге қатер төндіретін кесел деп баға бере отырып, бұл бағыттағы жұмысымызды күшейтуді талап етіп келеді. Сондықтан партия мүшелері сыбайлас жемқорлықпен күрестің негізін алдымен өздерінен көріп, жергілікті жерлерде насихат жұмысын күшейту қажет деп есептеймін. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-әрекет жасау үшін партия өз жұмысының бағытын өзгертіп, «Нұр Отан» партиясының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет жөніндегі жаңа Бағдарламасымен жұмыс жасап келеді. Осы бағдарлама шеңберінде партия филиалы «Өзіңнен баста!» республикалық акциясын ІІ жартыжылдықта бастады. Яғни, БПҰ төрағалары, бөлім басшылары өзінің табысын, мүлкін бұқаралық ақпарат құралдарына жариялауы қажет.

— Ерболат Рысқалиұлы, сөз соңында партия қызметіндегі жаңа әдістер, жұмысты тың да жаңа тұрғыда қолға алу бағытында қандай мәселелер ескерілуі тиіс деп білесіз?

— Партия басшылығы осыдан екі жыл бұрын жаңа форматтармен жұмыс жасап келеді. Соның бірі партия қызметінің электрондық партия жобасына көшуі. Қазір облыстағы барлық филиалдар партия мүшелерінің орталықтандырылған электрондық базасына көшті, СИП телефондар орнатылды, барлық құжаттар электронды түрде орындалады. Зимбра, Электронды құжат айналым сияқты арнайы жүйелеріміз бар. Сондықтан партияға қабылдауды да электронды түрде жүзеге асырамыз.

Қазіргі уақытта партия алдында тұғырнамадан туындайтын партия жобалары мен бағдарламаларынан тыс партия төрағасы, Елбасының бес институционалдық реформасын жүзеге асыру мақсатындағы 100 нақты қадамын іске асырумен байланысты ауқымды мақсаттар тұр. Бұл міндеттерді орындау үшін партияның ауызбіршілігін күшейтіп, партияның бастауыш ұйымдары мен мәслихаттардағы депутаттық фракциялардың қызметтерін белсендіріп, қоғамда Елбасының саясатын қолдауға бағытталған ой-сананы қалыптастыруға бірігіп жұмыстануымыз қажет.

— Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет.

 

Сұхбаттасқан М.Әлібекұлы.

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар