29.10.2015, 11:37
Қараулар: 192
Ұстазға арналған турнир

Ұстазға арналған турнир

4.29.10.15«Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Қазақ ССР «Білім беру ісінің үздігі», «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағының иесі, халықаралық дәрежедегі «Лучшие люди» энциклопедиясына аты енген жерлесіміз Тасболат Сембиевтің есімін өңірімізде білмейтін адам аз. Бұл кісі бүгін арамызда жоқ. Дегенмен, еткен еңбегін ел ұмытпаған екен. Елтай ауылдық округінің орталығы Тасқұдық ауылында Тасболат Сембиевтің рухына арналған ұстаздар арасындағы аудандық волейбол турнирінің өткеніне куә болдық. Турнирді жергілікті басшылық пен Тасқұдық негізгі мектебінің ұжымы ұйымдастырды.

Спорттық шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Төлеген Төреғалиев арнайы қатысты. Төлеген Серікқалиұлы өзінің сайысалды сөйлеген сөзінде, турнир иесінің Сырым ауданының білім беру саласының қалыптасуына үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Шараның шақырулы меймандары Тасболат Сембиевтің жары Лаура Сембиева, ұлы Ербол Сембиев, замандасы Марат Қадыров сөз сөйледі, естелік айтты. Сөз арасында турнирді дәстүрлі ету жөнінде ұсыныстар естілді. Сембиевтер әулеті салтанатты шараның кезінде Тасқұдық негізгі мектебінің оқушыларына оқу құралдарын табыс етті.

Түскі уақытта марқұм Тасболат Сембиевтің рухына арналып ас берілді.

Осы күні алғабастық сазгер Нұрлан Төлеуішовтың «Туған өлкем – Тасқұдық» атты жаңа авторлық әнінің тұсаукесері болды. Тасқұдық ауылына арналған лирикалық туындының сөзін жазған да, орындаушысы да – Нұрлан Төлеуішовтің өзі.

Ұстаздар арасындағы аудандық волейбол турниріне аудан мектептерінен барлығы 8 команда қатысты. Күн  ұзағына созылған ойынның қорытындысы бойынша Аралтөбе орта мектебінің ұжымы жеңімпаз атанды. Волейбол турнирінің сыртында өткен шағын теннис бәсекесінің жеңімпазы болып Жамбыл негізгі мектебі танылды.

Сайысқа жергілікті мекемелер мен «Қарабура» шаруа қожалығы демеушілік жасады.

Бауыржан Ширмединұлы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар