29.10.2015, 11:44
Қараулар: 136
Балалардың сүйіспеншілігіне бөленген

Балалардың сүйіспеншілігіне бөленген

OСветлана Қуанышқызы Наурызғалиева Орал қаласындағы медициналық училищенің «Фельдшер»  мамандығын   бітірі­сімен Жымпиты ауданының Алғабас ауылының Ақсай ІІ бөлімшесіне (ол кезде осылай аталған) мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Бұл 1986 жыл болатын. Өз мамандығы бойынша жұмыс атқарып, 1987 жылы осы ауылдың жігітімен жұптары жарасады. 1987-1992 жылдары Орал қаласында қызметін жалғастырып, осы жылдары отағасының жұмыс барысымен ауылға қоныс аударды. 2007 жылдан бері Алғабас ауылындағы үйде қызмет көрсету бөлімшесі жанынан ашылған мүмкіндігі шектеулі балалармен әлеуметтік қызметкер болып бар ынта-жігерін арнап, еңбек етіп келеді. Психо-неврологиялық ауытқуы бар балалармен жұмыс жасау оңай шаруа емес. Қанша төзім, сүйіспеншілік, қамқорлық, мейірбандық, табандылық Светлана апаның бойынан табылады. Қарамағында 18 жасқа дейінгі 5 бала бар. Осы балалардың 2-еуі үйден білім алса, 3-еуі оқуға жарамсыз. Бұл кісі өз балаларын қалай жақсы көрсе, осы балаларға да солай жанын беруге даяр.

Оларға барынша әуен ырғағымен, би қимылдарын арнайы кабинетте түрлі-түсті қағаздармен апликация құрастыруды, кептірілген жапырақ, ермексаздан бұйымдар жасауды үйретеді. Балаларға логикалық, дидактикалық ойындар ойнатып, олардың ойлау, есте сақтау қабілеттерін арттыруда күш-жігерін аямай  жұмыстануда. Аудан көлемінде өткізілетін шараларға Светлана Қуанышқызының тәрбиелейтін балалары  белсенді қатысып келеді. Өткен 2013 жылы «Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз» фестивалінде Ғалымжан Нұрбек бақ сынап, облыста өнерін шыңдай түсіп, Алғыс хатқа ие болып қайтты.

Светлана балаларға қалай қамқор болса, олар да апайларына үнемі жаны ашып тұрады. Үнемі жүрегі  таза, пейілі кең, жайдары жүзді  Светлана Қуанышқызы – өзі әлеуметтік қызмет көрсететін бала жүректердің сүйіспеншілігіне ие болған жан.

Мәншүк Мәлікқызы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар