29.10.2015, 11:47
Қараулар: 105
Әмбебап қызметкерлер

Әмбебап қызметкерлер

1.29.10.15«Халыққа қызмет етіп, жақсылық жасау үшін ғаламды төңкеріп, бай болып немесе күллі адамзатты басқарып, патша болуымыз міндетті емес». Кейде еңбегіне адал жандарды көріп, ұлы ойшыл Аристотельдің жаңағы сөзі жерде қалмаған екен дейсің. Сөзімізге дәлел ретінде, Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жанындағы мұқтаж азаматтарға үйден қызмет көрсету бөлімшесінің жұмысы туралы айтсақ та жеткілікті.

Осы мекеменің әлеуметтік кеңесшісі Альмира Тілегенованың айтуынша, бұл бөлімшеде 28 әлеуметтік қызметкер бар. Тұтас аудан бойынша есептегенде осылай. Аудан бойынша үйден қызмет көрсету бөлімшесінің жұмысына зәру саны — 124. Олардың 31-і балалар, 34-і жасы 18-ден асқан психоневрологиялық ауруы бар жастар, 59-ы жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар.

Әлеуметтік қызметкерлер қызмет алушылары үшін өте мол мүмкіндіктегі қызметті көрсетеді. Олар – бесаспап. Олар – әмбебап. Олар әлеуметтік-тұрмыстық қызмет барысында мұқтаждардың үй шаруасын жасайды. Олар алғашқы медициналық көмек бере алады. Олар педагог ретінде жасөспірімдердің сауатын ашады, мектеп бағдарламасын меңгеруге қосымша мүмкіндік жасайды, еңбекке баулиды. Себебі, бөлімшенің есебіндегі балалардың дені – денсаулығына байланысты білім алуға қатарластарынан кейін кіріскендер. Әлеуметтік қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді өнерге де ынталандырады, шығармашылық қабілетімен жұмыстанады, қоғамға үйретеді, жетектеп апарып, мәдени шараларға қатыстырады. Қажетіне қарай, құқықтық және экономикалық мәселелер бойынша кеңестер береді. Расына келгенде, көбі әлеуметтік қызметкерлердің осындай жанкешті жұмыстарынан бейхабар.

Бөлімшедегі әлеуметтік қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен адами адалдығының арқасында оңалып, еңбекке жарамды деңгейге жеткен жандар қарасы көп. Жұмыстың жемісі деген сол. Бөлімшенің бейнетті жұмысына берекелі табыс тілейміз.

Б. Шерім,

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар