29.10.2015, 12:03
Қараулар: 169
Театр фестивалі мәресіне жетті

Театр фестивалі мәресіне жетті

6.29.10.15Сырым ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен аудан күніне орай өткен аймақтық халықтық театрлардың байқауы өзінің мәресіне жетті. Байқауға Батыс Қазақстан облысының Сырым, Ақжайық және Тасқала аудандарының халықтық театрлары, Атырау облысының Индер және Құрманғазы аудандарының  театрлары және көршілес Ақтөбе облысынан Алға ауданының халықтық театры қатысты.

Театрлардың өнеріне баға беруші қазылық құрамға ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, режиссер Айман Қуатова жетекшілік етті. Қазылар алқасының мүшелік құрамында облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі, режиссер Арайлым Ихсанова, А.Н.Островский атындағы орыс драма театрының труппа меңгерушісі Илья Таранов, осы театрдың режиссері, актер Насим Мамедов, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекет­тік университетінің оқытушысы, «Мұрагер» театрының жетекшісі Индира Ысқақова бар.

Екі күнге созылған фестиваль барысында көрермендер алты бірдей қойылымды тамашалады.

Қорытынды шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков пен облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медғат Қамбетов арнайы қатысты.

Қазылар алқасы халықтық театрлардың еңбегін барынша жан-жақты саралады. Сәйкесінше, қорытындыда көп аталымды қамтыды.

Тасқала аудандық халық театры сахналаған Ш.Айтматовтың «Ана – Жер – Ана» драмасы өзінің сапалы әртістік құрамымен әрі көпжанрлығымен ерекшеленді. Театр фестивалінің бас жүлдесі Тасқала аудандық театрына осы үшін берілді. Қалған орындар Сырым ауданының халық театры мен Атырау облысынан келген қос театрға бұйырды.

Ақтөбе облысының Алға аудандық халық театрының жас әртістері Қалиев Жанарыс пен Ақарыс «Ең үздік жас актер» болып танылды. Сырым аудандық Жымпиты халық театрының актрисасы Ақерке Әжіғалиева «Көрермен көзайымы» аталымымен, «Ең үздік жас актриса» аталымымен Атырау облысы, Индер ауданынан келген «Ақжайық» театрының актрисасы Айкөркем Нұрсұлтанова, «Ең үздік әйел — ана бейнесі» осы театрдың режиссері Шайда Оразғалиева, «Ең үздік ер адам рөлі» аталымымен Атырау облысының Құрманғазы аудандық «Киров» халық театрының актері Самат Саламатов марапатталды.  БҚО Ақжайық аудандық халық театрының режиссері Гүлім Ғұмарова фестивальдің «Үздік режиссер» аталымын иемденді. «Ең үздік қойылым» аталымына лайық өнер көрсеткен Ақтөбе облысының Алға аудандық «Заман-ай!» халық театры  Сырым ауданы әкімінің арнайы сыйлығымен марапатталды.

Фестивальге қатысушы барлық театрға дипломант атағы берілді.

Бауыржан Ширмединұлы,

Жымпиты ауылы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар