29.10.2015, 12:05
Қараулар: 133
Аудан күні тойланды

Аудан күні тойланды

5.29.10.15Сырым ауданының орталығы Жымпитыда Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Сырым ауданының күніне арналған салтанатты шара мен ұлттық спорт мерекесі өтті.

Салтанатты шарада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан сала үздіктері марапатталды.

Осы шараның үстінде Сырым ауданы әкімдігінің ұсынысына орай шығарылған аудандық мәслихаттың шешіміне сәйкес, әнші-сазгер Донеділ Қажымовқа, ақын, ардагер-ұстаз Дәмелі Құсайынқызына, ардагер-ұстаз Ким Федянинге және Отарбай Сарғозыұлы, Рауан Үсенов секілді ел азаматтарына «Сырым ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.  Еңбек озаттары бағалы сыйлық, алғыс хаттармен марапатталды. “Сырым елі” газетінің редакторы, ақын М.Қажиахметовті 60 жасымен құттықтап, аудан әкімі шапан жапты.

 *     *      *

Енді,   тойтөбедегі  тыныс-тіршілікке тоқталайық. Ең алдымен жарыс алаңына тайлар жіберілді. Жарыстың бас төрешісі, Сырым аудандық ат спорты федерациясының Президенті Мүтәлі Төреғалиев бұл бәйгені аудан ақыны, мерейлі 60 жастың иесі Махмет Қажиахметовтың құрметіне арнады. Тай жарысының жүлдесін көздіғаралық Серік Мүтиевтің жирен тайы иемденді.

Биылғы жылы Сырым ауданында осымен төртінші ат бәйгесі өтіп отыр. Бұл жолғы бәйгенің басқалардан бөлегі сол, қазақы аттардың аламан бәйгесіне 28 бірдей жүйрік қатысты. Аламан бәйгеде тағы да көздіғаралық Серік Мүтиевтің қазанаттарына қанат бітті. Қатарласа шапқан қос тұлпары тігілген жүлдені жұрттан алғырлықтарымен жұлып алды. Үшінші орынды жосалылық атбегі Алтай Ақшолақовтың Топжарған деген жүйрігі иеленді.

Сырым ауданындағы бәйгеге Батыс Қазақстан облысының аудандарынан бөлек, көршілес Ақтөбе облысының атбегілері де ат қосты. Таза қанды сәйгүліктердің аламан бәйгесінде ақтөбелік Дәулет Ермағанбетовтің Қарақат атты арғымағы алдан көрінді. Ақтөбе облысының Ойыл ауданынан келген Әлібек Бұйриннің Байқасқасы мәрені екінші болып кесті. Таза қандылардың аламан бәйгесіндегі үштікті «Мансұр — Жаһан» шаруа қожалығы баптаған Сарқырама атты сәйгүлігі толықтырды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді аудан әкімі Абат Шыныбеков марапаттады. Бәйгеден келген ат иелеріне құны қымбат тұрмыстық техникалар табыс етілді. Осы күні «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен қол күресі, кір тасын көтеру мен қой көтеру сияқты ұлттық спорттың басқа да  түрлерінен жарыстар өтті.

*     *      *

Түстен кейін Жымпитыдағы дене  шынықтыру және сауықтыру кешенінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен аудан күніне арналған қазақ күресінен «Нұр Отан» партиясының жүлдесі үшін аудандық ашық турнир өтті.

Ірі салмақтағы 13 палуанның бозкілемдегі қарсыласын сайысалды тартылған жеребе анықтады. Палуандар күресіне Артур Шерғалиев және Ержан Шүкіров төрелік етті. Сырым аудандық қазақ күресі федерациясының Президенті Санат Берсебаев  жарыстың бас төрешісі болды.

Турнир қорытындысы бойынша жосалылық Дамир Қалақов жеңімпаз атанды. Жымпитылық Нұрымжан Ғаббасов пен Асхат Нұрмұханов кейінгі орындарды бөлісті.

 

Б.ШИРМЕДИНҰЛЫ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар