26.11.2015, 11:44
Қараулар: 242
Жетікөлде өткен жарты күн

Жетікөлде өткен жарты күн

7.26.11.15Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жетікөл ауылдық округіне жұмыс сапарымен барады деген хабарды естідік. Аудан басшысының жанына аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиевтің ере шығатынынан да хабардармыз. Жұмыс сапары барысында аудан әкімі шаруашылықтардың басында болады, еңбек адамдарымен кездеседі  дегенді құлағымыз шалғасын, қызметтік көлігімізбен біз де жолға аттандық.

«Біздің ауыл» жобасы аясында сапарымыз Жетікөл ауылдық округіндегі «Қарақұдық» шаруа қожалығының иелігіндегі мал қыстағынан басталды. Мал қыстағы жалпағынан қараған адамға жып-жинақы көрінеді. Дуалдары бейне зауыттың ауласы сияқты. Қысқы орынның сыртқы көрінісін фотоаппаратқа сырт-сырт еткіздік те, ішке қарай ендік. Ауланың іші әжептеуір кең екен. Қос жағыңда ішектей созылған екі бірдей баз тұр. Баздың теңіз тасынан қаланған қабырғалары суға желінбейді, мал сүйкенсе де қыңқ етпейді, тұра береді.  Қоражайдың шатыры да ерекшелеу. Шиферден жабылған екі қанаттың ортасына шаруашылық иелері  полиркорбонат деген жабынды тұтуды жөн көрген. Поликорбонат дегеніміз – әдетте жылыжай салуға қолданылатын мөлдір материал.  Поликорбонат шатырдан күннің сәулесі тез өтеді, әрі жарық жақсы түседі. Нәтижесінде қораның іші жарық, жылы. Мал иелері шатыр жабудың технологиясын жаңартқанда осы тиімділікті көздеген.

Қыстақ басында қысқы мал азығы қоры ретіндегі 2000 бума шөп текшелеулі тұр.

Сонымен аулаға кірдік. Ауланың ішінде осы жылдың басындағы бұзаулар жүр екен. Бұзаулардың бұзау деген аты ғана, тұрқы деген баспақ басардай. Шетінен ірі. Ірі болуы заңды да бір жағынан. Бұлар – «Қарақұдық» шаруа қожалығына былтыр Орынбор жақтан әкелінген асыл тұқымды 95 бас ірі қараның биыл берген төлдері.

Естеріңізде болса, «Қарақұдық» шаруа қожалығы былтыр өз қаражаты есебінен Ресей Федерациясының Орынбор облысы жағынан 95 бас аналық асыл тұқымды ірі қара алып келіп еді. Оның 45-і қашар, ал 50-і құнажын. 2014 жылдың қарашасында келген қазақтың ақбас сиырлары жайылымдық маусымға үлгермеді, сондықтан бірден қыстаққа қоныстандырылды.  Жаз шыға қожалыққа Астана қаласынан маман алдырылды. Осы маманның жетекшілігімен қожалықта 1 ай бойына қолдан ұрықтандыру жұмыстары жасалды. Биыл жаңағы асыл тұқымды 95 бас аналық ірі  қарадан 45 бұзау алынды. Шаруашылық жетекшісі Рүстем Есенғалиевтен қожалықтағы мал басын асылдандыру жұмыстары жайлы біздің естігеніміз – осындай ақпарат. Құлақпен естіген, көзбен көргендей болмайды ғой. Сол себепті, Рүстемнен жаңағы «басты кейіпкерлерді» көрсетуді сұрадық. Ол келісті де, өзі жол бастап, әкімдер жайғасқан көлік бар, біздің редакцияның машинасы бар, екі-үш көлік құйрық тістесіп, жайылымға қарай беттей жөнелдік.

Ірі қаралардың жүрген жері Жетікөл ауылдық округінің Қарақұдық нүктесінен алып бара жатқандай алыс емес екен. Бақташы біздің баратынымыздан хабардар болды ма екен, көліктер көріне салысымен, қырқаның жонында жүрген ірі қараларды қайыра айдап, төменге қарай түсірді. Қызыл күрең сиырлар сары далаға әбден ет төсеп алған екен. Тіпті, туған мекендерінде жүргендей маңғаздануды біледі.

– Мал шаруашылығы – қазақтың ата кәсібі ғой. Біздің қожалық осы ата кәсіпті дамытқысы келеді. Мал асырағасын, түлігің сапалы болғаны жақсы. Осыны ескеріп, ірі қараны, ұсақ малды асылдандыруды қолға алып жатырмыз.  Нақты  жұмыстар­дың басталғанына көп бола қойған жоқ. Нәтиже алда,  – дейді «Қарақұдық» шаруа қожалығының негізін салушы Амантай Есенғалиев.

Амантай ағаның сөзі ауызында, жол-жөнекей «Қарақұдық» шаруа қожалығының қойларын көрдік. Осыдан 2 жыл бұрын Жаңақала ауданындағы «Бірлік» асыл тұқымды қой шаруашылығынан еділбай етті  майлы қойының 30 бас қошқары әкелініп, отарға қосылыпты. Бұл дегеніңіз, тұқымы мен тұрқы бөлек төлдер қойлардан да алынып жатыр деген сөз.

Біздің далада жүрген кезімізде қарашаның қара желі азынап тұр еді. Желдің аяғы жаңбырға ұласты. Күздің жауынын білесіз. Оңайлықпен ашыла қоймайды. Өзіміз түстен кейін шыққан адам едік, «Қарақұдық» шаруа қожалығының жазғы орынына қарай барамыз дегенше, күн кешкіріп қалды. Бұл жазғы орынға асыл тұқымды сиырларға арналған жазғы аула мен ветеринарлық пунктті көру үшін келдік. Жазғы орынның басында малшылар үшін шағын үй тұрғызылған екен. Үйдің маңына күн сәулесімен қуаттанатын электростанция орнатылыпты. Рүстемнің айтуынша, шаруашылыққа керекті электр қуаты осыдан алынады. Болашақта осы мекенді асыл тұқымды ірі қараларды жазғы және қысқы уақытта қатар ұстайтын оқшау кешенге айналдыру жоспарлануда.

Жаңбыр жиілей түсті. Көліктердің дөңгелегіне балшық біліне бастады. Қосаралға қарай қайтып келе жатып, жолай Төлеген Әбілқайыров жетекшілік ететін «Байқадам» шаруа қожалығының басына жарты сағаттың төңірегінде кідірдік.

Жетікөл ауылдық округінің орталығы Қосарал ауылында жеке кәсіпкер Марат Қазмағанбетов мал сою алаңын салып жатыр. Білдей ауыл үшін бұл алаң керек. Аудан әкімі Абат Шыныбеков жаңа алаңның жөндеу жұмыстарымен танысуға да уақыт тапты. Ғимараттың өзі балғадай екен. Ішкі жұмыстарының дені аяқталыпты. Енді сыртқы ауланың қоршаулары қондырылып жатыр. Бұл мал сою алаңының тұрғындар үшін тиімділігін, санитарлық талаптың сақталуына жол ашатындығын Жетікөл ауылдық округінің әкімі Саламат Иманғалиев айтты бізге. Күн қарайып кеткендігіне қарамай, келгесін көріп кетейік деп, округтегі ветеринар мамандардың жаңа дербес ғимаратына соға кеттік.

Біз бүгін Жетікөл ауылдық округіндегі баянды істердің бірсыпырасын баяндап отырмыз, құрметті оқырман. Сәті келсе, сіздің ауылға да барармыз.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Біздің ауыл

Басқа да мақалалар