26.11.2015, 11:49
Қараулар: 170
Командаға қамқорлық керек

Командаға қамқорлық керек

4.26.11.15Сырым ауданының шағын футбол құрамасының ауданды жерге қаратқан кезі жоқ. Қай ойыны да сәтті. Бір кездері «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының облыстық кезеңінде чемпион болған, тіпті Өскемен қаласындағы республикалық додада облыс намысын қорғаған жергілікті құрамамыздың бүгінгі хәлі адам аяғандай.

Былтырғы жылы ауданымыздың шағын футбол құрамасы шағын футболдан өткен Батыс Қазақстан облыстық чемпионатының премьер- лигасында ІІ орынды иеленді. Біздің құрама биыл осы чемпионаттың жоғарғы лигасындағы ойындарға қатыса бастады. Қатысқанда қалай қатысты? Қайыр сұрап қатысты. Себебі, облыстық деңгейдегі чемпионатқа қатысуға рұқсат алу үшін ниетті команда 150 000 теңге жарна төлеуі тиіс. Дені студенттер мен жұмыссыз, бірсыпырасы ғана қызметтегі жастардан құралған құраманың қалтасы көтерсін бе мұны? Көтермейді. Жарна жарна ғой, оған қоса, ойыншылар үшін бірыңғай үлгідегі спорттық киім де қажет. Киім көшеде тегін ілулі тұрған жоқ, оны сатып алуға да қаржы керек. Лаж жоқ, жігіттер жұрттан жәрдем сұрай бастады.

Команданың ойыншылары Заур Қажымов пен Бекзат Мәмбетбаев жарна мәселесінің жарты қақын өз қалталары арқылы шешіпті. Құдайға қараған «АзияТехСтрой» ЖШС директоры Армат Әлімбетов пен «Жібек жолы» ШҚ жетекшісі Ғанимат Нұрмұханов та қал-қадірінше көмек берген. Соның өзінде, қатысу жарнасының жартысы әлі төленген жоқ. Футболшылар дайындық жасайтын залды да әрең пайдаланады. Оның өзінде, аудандағы мекеме ұжымдарының кешкілік бой жазуларынан босағаннан кейін ғана.

Біздің түсінбейтініміз, ауданымыздың спорт саласына жауапты басшылары қайда қарап отыр? Бәрін аудан әкіміне ысырғымыз келмейді, дегенмен аудан басшысының ішкі саясат және әлеуметтік салаға жауапты орынбасары да осы мәселенің ретін таба алатындай лауазымды иеленіп отырған жоқ па? Біз бұлай сөйлемес едік, егер біздің басшылар аудандағы спорттық шаралардың ашылу салтанатында «Бұқаралық спортты дамыту керек! Спортпен айналысыңдар!» деп ұрандатпағанда. Ешкім олардың тілінен тартқан жоқ. Айтты екен, жұмыс жасалу керек.

Сырым ауданының шағын футбол құрамасы жаңағы қиындықтарға қарамастан, чемпионат ойындарына оң ықыласта. Күні кеше команда мүшелері өз қаржыларына Самара қаласынан бірыңғай үлгідегі киім алдырды. Команданың шабуылшысы Ернар Жұмағалиев 7 бірдей голдың авторы ретінде, чемпионат кестесінде үздік бомбордирлердің сапын бастап тұр. Ұмтылыс деген бар. Қолдау керек, енді!

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

«Сырым елі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар