26.11.2015, 11:55
Қараулар: 283
Ардагерлер – алтын тұғыр

Ардагерлер – алтын тұғыр

???????????????????????????????Ардагерлер – алтын тұғырымыз. Міне, осы тұрғыда  ауданда атқарылып жатырған іс-шаралар жөнінде Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Отарбай Сарғозыұлына жолыққан едік. Төменде сол әңгіме желісін жариялап отырмыз.

– Отарбай аға, аудандық ардагерлер ұйымын бірнеше жылдан бері басқарып келесіз. Арнайы сіздер үшін бөлме, орын бөлініп, ауылдық округтерде бастауыш ұйымдар жұмыстануда.  Бүгінгі ардагерлер ұйымының ахуалы қандай?

– Ауданда күні бүгінге 2 соғыс ардагері, 17 соғыста қаза тапқан жауынгердің жесірлері, 491 тыл еңбеккері мен түрлі санаттағы 593 еңбек мүгедегі, оның ішінде 108 зағип және 2586 еңбек ардагері есепте тұрады. Өткен бес жылмен салыстырғанда еңбек ардагерлерінің қатары 16,2 пайызға толықты. Әр жылдары атаулы 70-90 жасқа толған ардагер ағалар мен апалар ауылдық ардагерлер ұйымынан қолдау тауып, ескерткіш хатпен сый- сыяпат жасалып марапатталды.

Ауданда 13 бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Республикалық ардагерлер ұйымының қабылдаған жарғысына сай бұл ұйымдарда 2,5 жылда есеп беру-сайлау жиыналыстарын өткізіп келеді.

Емдеу-сауықтыру орындары (шипажайға) тек соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне ғана жолдама беріліп жатады. Ал, өмір бойы мал бағу, трактор-комбайн айдау, құрылыс, ауыр қол жұмыстарын атқарған 1938-1945 жылғы еңбек ардагерлері жеңілдіктен шет қалып жүргенін көріп жүрміз.  Соғыстың зардабын көрген ардагерлердің өзі 70 жастан асып барады, сондықтан да бұл санаттағы адамдарға үкімет арнайы “соғыс балалары” деген заң қабылдап, арнайы статус беріп, жәрдемақы тағайындаса дейміз.

Аудан орталығындағы  соғыс ардагері Латифолла Кереевке барлық жағдай жасалып, алаңсыз өмір кешуде. Жеңістің 70 жылдығына бұл ағаға «Сырым ауданның құрметті азаматы» атағы берілді.

Жақында аудан әкімі Абат Абайұлы аудандық әкімшіліктің ғимаратынан жәйлі екі бөлме беріп, 5 ұйым аудандық мүгедектер мен зағиптар қоғамын, аудандық “Сырым сарбаздары” қоғамдық бірлестігі мен Жымпиты селосының ардагер ұйымына (көлемі 20 шаршы метр) жарық бөлме берді.

– Аудан ардагерлерінің мәдени-спорттық, көпшілік шараларға қатысу деңгейі қандай?

– Жыл басынан бері 59 тыл еңбеккері, “Ақжайық” шипажайына тегін жолдамамен демалып келді. Ардагерлер арасында жылдың атаулы республикалық мереке күндеріне орай, 1-қазан қарттар  күні қарсаңында ардагерлер арасында түрлі спорттық-мәдени жарыстары өткізілді. Есепті мерзім ішінде 6 рет, шахмат, дойбы, қол күресімен халықаралық спорт күнімен орайластырып (бір) шақырымдық жаяу жарыс, 16 килолық гір тасын көтеру, 2 рет бата беру сайыстарын аудандық мәдениет бөлімі мен аудандық “Қайсар” спорт клубының демеушілігімен сәтті өткіздік.

“Қайырымдылық айлығы” кезінде Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Аудан күнінің құрметіне 42 ардагер, оның 13-і мүгедектік санаттағы қариялар шахмат, дойбы, қол күшін сынау (отжимание) жарысына ұйымшылдықпен қатысты. Әр жылдары аудан орталығы мен ауылдарда Ұлы Жеңістің атаулы жылдары мен “Қарттар күні” кең ауқымды шара ретінде өтіп, жергілікті әкімдердің қолдауымен ардагерлердің басын қосып, дастархан мәзірін жасап, құрмет көрсетіліп келеді.

Ардагерлер ұйымдарының қоғамдық өміріндегі оңды істерін бағалауда Республикалық ардагерлер ұйымының 25 жылдығын атап өтуде біздің ұйымға “Ардагерлер ұйымы” Республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің «Құрмет грамотасы» берілді.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне  өткен  облыстық “Қайран ерлер – қаһарман ардагерлер” атты байқауына ауданнан жеңімпаз атанып, бес түрлі жанрмен қатынасқан өнерпаздарымыз барлық аудандармен және қаланың 13 өнер ұжымымен сынға түсіп, аудандық “Ақ ниет” әжелер алқасы ІІ, аудандық ардагерлер “Попурри” квартеті (жетекшісі Т.Есмұханов) ІІ, Бұлан халық театры (жетекшісі Г.Өтешова) “Ана және ескерткіш” қойылымын сахналап, ІІІ орынға ие болса, жеке орындаушы тыл еңбеккері Закария Молдағалиев ағамыз сөзі мен әнін өзі жазған “Әлия туралы толғауды” домбырамен орындап, арнаулы жүлдеге ие болды.

Ардагерлердің күнделікті өмірінде болып жатқан оң өзгерістерде қалың бұқараға жеткізіп, жария ету үшін аудандық “Сырым елі”, облыстық “Орал өңірі”, республикалық “Ардагер айнасы” газеттеріне мақалалар беріп, жариялап отырамыз. Өзіміз де басылымдарға белсенді түрде жазылып отырамыз.

– Ақсақалдарымызды жас­тардың қандай мәселесі алаңдатады?

Біздің үкілі болашағымыз жастардың тәрбиесі үлкендердің басты назарында болғаны дұрыс. Қазіргі мың құбылып тұрған жаһандану кезеңінде жастарымыздың үлкенге деген ізеті, еңбекке, білімге деген ынтасы жетіңкіремей жататыны жасырын емес. Шетелдің тұрпайы мәдениетіне еліктеп, қыздарымыздың кіндіктерін көрсетіп, мұрындарына моншақ тағуы, жартылай жалаңаш киінуі белең алуда. Ал, ұл балалардың мектеп жасынан темекі шегуі, түнгі мезгілде көшеде жүруі, бір-бірімен балағатпен сөйлесуі, жікке бөлініп төбелесуі, мектептерде ішінара  төменгі сынып балаларына әлімжеттік жасап, ақша сұрау, күш көрсету сияқты әдепсіздік көрініс табуда.

Жастарымыздың діннің жолы осы екен деп теріс ағымдардың жетегінде кетіп қалмауын қатаң қадағалап, аудан жұртшылығы болып үнемі бақылауда ұстасақ дейміз.

– Биыл қайырымдылық айында ардагерлерге көрсетілген көмек жөнінде айтсаңыз?

Ауданымыздағы биылғы өткен қайырымдылық айлығында аудан бойынша (1-нші қазан – 1-нші қараша) 72 жанұяға жартылай жеңілдікпен шөп, табиғи газ қосылмаған 149 отбасына тезек, отын түсіріліп берілді. Бұған қоса табиғи газ желісі өткізіліп жатырған ауылдарда 53 отбасына жартылай жеңілдікпен газ желісін өткізуге келісім жасалды. Қорытып айтқанда, жыл сайын өткізілетін мейірбандық айлығы өз деңгейінде өткізіліп жүр деп айтуға толық негіз бар.

 

 

Әңгімелескен:

 Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар