26.11.2015, 12:00
Қараулар: 318
Айсұлу ақын –ауданда

Айсұлу ақын –ауданда

1.26.11.15«Барып қайт, балам, ауылға туған, барып қайт,

Сайранды құрып, сүргіңді біраз салып қайт» деп жырлаған ақын апамыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Айсұлу Қадырбаева жуырда ауданымызға арнайы сапарымен келіп,  қалың жұртшылықпен кездесу барысында өзінің шығармашылық кешін өткізді.

Ақын Айсұлу апамыз кездесу алды ауданымыздың тарихи-өлкетану музейінің шежіресімен танысып, Қадыр ескерткіші, Алаш саябағын аралаған соң, аудандық мәдениет үйінде «Барып қайт, балам, ауылға» атты шығармашылық кездесуін жалғастырды. Ақын сөзіне жазылып, елге деген сағыныштан туған  осы ән «Демалыс орталығының» әншісі Армат Алдамжаровтың орындауында көпшілік құлақ түріп, тыңдады.

Сырлы сұхбат барысында ақын Айсұлу апамыз өзінің өршіл жырларынан да үзінді келтірді. Ана бейнесін асқақтата көтерген «Ақ мамам» лирикалық және «Иманға  жүгін, ей пенде!» атты шығармаларының шығу тарихымен таныстырды. Ақынның жүрегінен шыққан жалынды жырларын кеш барысында Мұрадым Ғұбайдуллин, Көпбол Мұхамедов, Инаргүл Жанғожиева, Назерке Бөпешовалар жатқа оқыды.

Ақын апамен арнайы мейман ретінде жыршы Набат Айдәулетқызы  қазақтың қара домбырасын қолына алып, Майлықожа, Нартуғанның термелерін, «Іңкәрім-ай» әнін шабыттана шырқады. Халықты өлең-толғауларымен сусындатып, кереметтей көңіл күй сыйлаған осынау кештің иесі Айсұлу Қадырбаеваға аудан жұртшылығы атынан ризашылық білдірген аудан әкімі Абат Шыныбеков, Батыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайынов әсерлі өткен кеш көпшіліктің есінде мәңгі қалатынын, ақынның ұрпаққа қалдырар өрнекті туындыларын мақтаныш етіп айтып,  ақын Айсұлу мен әнші-термеші Набатқа сый-сыяпат көрсетті.

 

М.Мәлікқызы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар