26.11.2015, 12:09
Қараулар: 291
Жыр төгілген күн болды

Жыр төгілген күн болды

3.26.11.15Өткен аптада талай тарихи тұлғалардың туған жері,  әрісі Сырым, берісі Қадыр аталарыма құтты қоныс болған Жымпитыға жолым түсті. Осыған дейін Сырым аудандық «Сырым елі» газетінің 85 жылдық мерейтойы өтетінінен осы елдегі ақын бауырымыз Бауыржан Ширмединұлы арқылы хабардар едім. Дайындалып жатқан дипломдық жұмысым қазақ баспасөзіне қатысты болғасын «Сырым елі» газетінің тойына Батыс өңіріндегі баспасөз жайлы жаңа ақпарат, тың жаңалық естимін деп келгенім рас.

Жымпитыда түске дейін көп шара өтті. Қонақтарға ауданның орталығындағы Сырым батыр, Қадыр Мырзалиев ескерткіштері мен Алаш саябағындағы ескерткіштер кешені таныстырылды. Жазушы, журналист Бақтығұл Ойшыбаевтың құрметіне өзі қызмет еткен ғимараттың қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Газеттің кешегісі мен бүгініне шолу жасаған ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысы тіпті ұнады. Баяндамаларды, газет ардагерлерінің лебіздерін зейінім ауып, ынта-шынтаммен тыңдадым. Түс ауа жалпы білім беретін Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінде ақын, журналист Махмет Қажиахметовтың «Көгершін көңіл» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.

Махмет Қажиахметов – сегіз қырлы, бір сырлы адам екен.  Айтыскер-ақын, поэзия ақыны, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, суретші, қолөнер шебері, саятшы, бастысы Алаш деп арқыраған асыл азаматты тірідей көру біз үшін мәртебе. Басқа-басқа, өлеңдерін айтсаңызшы! Ақынның өлеңдерінің бәрі табиғи тілмен, тірі сюжеттермен сөйлейді. Көп өлеңінде қазақтың көне сөздері қолданыс тапқан. Қай шумағын алсаң да – лирика, қай шумағын алсаң да – рух.

Ақынның «Көгершін көңіл» деп аталатын тұңғыш жыр жинағы Сырым ауданы әкімдігі жанындағы Сырым Датұлы атындағы қоғамдық қордың қолдауымен жарық көріпті. Кітаптың алғы сөзін ақын, Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі Қайрат Жұмағалиев жазған.

Жаңа жыр жинағының тұсаукесер рәсімін аудан әкімі Абат Шыныбеков пен белгілі қаламгер Бақтығұл Ойшыбаевтың жары Мәнира Ойшыбаева жасады. Екеуі де Мәкең жайлы жақсы пікір білдіріп, ағаның адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталды. Кеш барысында ақын, Қазақстан Журналистер одағының және Қазақстан  Жазушылары одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ, ақын Бақтығали Тілегенов, Шыңғырлау аудандық «Серпін» газетінің редакторы Адақ Шотпанов, ұстаз Әлия Есалиева құттықтау сөз сөйледі.

Кітаптың тұсаукесері деген аты  болғанымен, жалпы шараның барысы ақынның шығармашылық кешіне қатты ұқсады. Кешті айтыскер ақын, журналист Бауыржан Ширмединұлы жүргізді. ҚР  Президентінің Құрмет грамотасының иегері Төлеген Есмұханов бастаған Көпбол Мұхамедов, Армат Алдамжаров, Шынтас Мұстажапов, Бекей Қанатов секілді ауданның айтулы әншілері ақын ағамыздың сөзіне жазылған әндерді шырқады. Ақынның көп сөзіне әнді Алғабас деген ауылда тұратын әуесқой композитор Нұрлан Төлеуішов жазыпты. Иә, Сырым елі ауылда тұратын таланттарға бай екен.

Ақын ағамыздың өзінен бөлек, Сырым колледжінің студенттері, Ж.Досмұхамедов атындағы жалпы беретін мектеп-балабақша кешенінің оқушысы Ақбота Ширмедин, ақынның немересі Замир Махмет «Көгершін көңіл» кітабындағы өлеңдерді оқыды.

Сырт көзге сезілгені сол, Сырым ауданының қоғамдық өмірінде біртұтастық бар. Жергілікті басшылық, білім беру, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелері болсын, жастар да, тіпті оқушылар да елдегі жұмыстардың салмағын бір кісідей сезіп, үлескер болудан шегінбейді екен. Осыдан кейін ел дамымай қайтсін!?

Алланың амандығында бол, Сырым елі!

 

Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ,

М. Өтемісов атындағы

БҚМУ студенті,

 

Суреттерді түсірген:

 Ақеділ Нұрмашев

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар