26.11.2015, 12:12
Қараулар: 277
АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ОРДАСЫ

АГРАРЛЫҚ ҒЫЛЫМ, БІЛІМ ОРДАСЫ

8.26.11.15Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық  университетінің ректоры,

ҚР ҰҒА академигі

Отандық ауыл шаруашылығы білімі мен ғылымының көшбасшысы – Қазақ ұлттық аграрлық университеті биыл  85 жылдығын атап өтуде. Осындай тарихи кезеңде біз өткеннен сабақ алып, ертеңгі болашағымызға нақты жоспарлар жасап отырмыз. Қазіргі уақытта оқу орнымыз инновациялық бағытта әлемдік талаптар бойынша ұлттық зерттеу университетіне трансформациялану жұмыстарын жүргізуде.   Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей анықтауымен Ұлттық университет статусын абыроймен арқалап келе жатқан оқу орнының жеткен жетістіктері аз емес.

Республикамыздың болашақ агрокешен мамандарын даярлайтын іргелі білім ордасы болғандықтан, еліміздің ауыл шаруашылығының потенциалы да біздің оқу  орнын бітірген мамандардың біліктілігіне тікелей байланысты десем, артық айтпағандығым. Бұл саланың мүмкіндіктері мен жетістіктеріне қарап, ел экономикасын бағамдауға болады.

2010 жылы университетіміздің 80 жылдық мерейтойына арнайы келген кезінде Елбасы оқу орнымызда атқарылып жатқан ғылыми-технологиялық жетістіктерімізге жоғары баға беріп, университетіміздің білім берудегі инновациялық бағыты отандық аграрлық саланың халықаралық деңгейге негізделіп отырғандығын айрықша атап өткен болатын. Мемлекет басшысы өткен жылғы ресми қабылдауында да университетке сенім артып, ұжым алдына нақты талаптар мен міндеттер жүктеді.

Мерейлі белесімізді атап өту – ол тек салтанатты шеру ретінде ғана емес, терең мазмұнды, кейінгі жастарға үлгі болатын шара. Мерекеге біздер мақтаныш ететін, дүниежүзіне танымал ғылым мен өндіріс майталмандары, көрнекті ғалымдар, мемлекет қайраткерлері, бүгінде ел игілігі жолында ізденіске толы, жемісті қызмет етіп жүрген түлектеріміз қатыспақ. Өзім де осы қара шаңырақ университетте білім алып, ғылым жолын бастадым. Мен үшін бұл зор мақтаныш, биік мәртебе және үлкен жауапкершілік.

Мерейтойға орай қараша айының соңында университетте ауыл шаруашылығы бағытындағы жоғары оқу орындарының Ғаламдық Консорциумына мүше әлемнің 40 беделді университет ректорларының, шет елдің және Қазақстанның ғылым-білім  саласының көрнекті өкілдерінің қатысуымен «Агроөндірістік кешенді дамытудағы ғылым-білім басымдықтарының жаңа стратегиясы» тақырыбында Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілмек. Конференция аясында ауыл шаруашылығындағы  инновациялық жетістіктер көрмесі ұйымдастырылып, Қазақ-Корей орталығы, Су орталығы, Инновациялық жылыжай, Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы  шеңберінде мамандар дайындауға арналған оқу, ғылыми-зерттеу зертханаларын қамтитын «Инновациялық орталық» ашылмақ. Сонымен қатар қараша айының 23-30 күндері аралығында университетте аграрлық саладағы көрнекті ғалымдардың, мемлекет, қоғам қайраткерлерінің, оқу орны түлектерінің, ізденуші, білім алушы жастардың қатысуымен «Мерейтой апталығы» аясында ғылыми-тәжірибелік бағытта маңызды іс-шаралар ұйымдастырылмақ.  Тұңғыш Президент күні мен университет мерейтойына орай «Білімді жастар – Ұлы Дала тірегі» атты салтанатты шарасын өткізбекпіз.

Тарихымызға көз жүгіртсек,   университетіміздің қалыптасуы мен даму тарихы ел  экономикасының  өркендеуімен тығыз  байланысты. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру және Қазақстанда алғашқы  совхоздарды құру кезеңінде ауыл  шаруашылығы  өндірісін ғылыми тұрғыда жетік басқара алатын кәсіби білікті мамандарға қажеттілік туындады. 1929 жылы  Алматы зоотехникалық  малдәрігерік институты,  ал  1930 жылы Қазақ  ауыл шаруашылығы институты құрылды. Аталған екі инстиут аграрлық ауыл шаруашылығына білікті мамандар дайындаумен қатар аграрлық ғылымның дамуына  қосқан үлесі мол және  ғылым мектептерін қалыптастырды. Мамандар дайындаудағы  жинақталған тәжірибе мен ғылымды зерттеулерде қалыптасқан дәстүрлер жалғасын тауып, дамуда. Осы орайда біздің университеттің түлектері бүгінгі таңдағы жаңа инновациялық экономиканы жетілдіру жолында үлкен сұранысқа ие болып отырғандығын айрықша атап өткім келеді.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен аталған екі институт біріктіріліп,  Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертілді. Бұл өз кезегінде ерекше маңыздылығы бар  оқиғаға айналды. 2001 жылы  Елбасы Жарлығымен университеттің жоғары ғылыми әлеуетті және кәсіби білікті мамандар даярлаудағы жетістіктері ескеріліп,  университетке Ұлттық мәртебе берілді.

Университеттің қызмет ету жылдаранда еліміздің аграрлық секторының  дамуына қомақты үлес қосқан және қосып келе жатқан  140 мыңнан аса білікті мамадар дайындап шыққан.  Соның ішінде 2 Кеңес Одағының Батыры мен 25 Социалистік Еңбек Ері, 70 Жоғары Кеңес пен Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, көптеген көрнекті академиктер, Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаттары,  мемлекет және қоғам қайраткерлері,  ғылым және агроөндіріс кешенің басшылары, 11 мыңнан астам докторлар мен ғылым кандидаттары және бүкіл Қазақстанды әлемге танытқан  айтулы азаматтар бар.

Мемлекет басшысы еліміздің агроөндіріс кешені қызметкерлері алдына саланы модернизациялауға бағытталған аграрлық білім мен ғылымды реформалауға нақты міндеттер қойып отыр. Бұл талаптарды тиімді орындау арқылы біз  аграрлық білім мен ғылымды дамытып, бәсекеге қабілетті, сапалы ауыл шаруашылық өнімдерін шығару қарқынын ұлғайтып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жаңа мүмкіндіктер ала аламыз. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің қаулысымен биылғы жылдың сәуір айында аграрлық саладағы жетекші үш жоғары оқу орны – Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Сәкен Сейфуллин атындағы агротехникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеті – Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтті. Осындай ұйымдық шараларды жетілдіру мақсатында еліміздің агроөндірістік кешенін қолайлы басқару құрылымы ретінде Елбасы қолдауымен «Ұлттық аграрлық ғылым-білім беру орталығы» құрылды.

Президентіміз «Қазақстан-2050» Стратегиясы  атты Қазақстан халқына Жолдауында   «Жоғары оқу орындары білім беру қызметімен шектеліп қалмауы тиіс. Олар тек оқу бағдарламаларын жетілдірумен шектелмей, өздерінің ғылыми-зерттеушілік қызметін де белсенді дамытуы тиіс» деп нақты талап-міндеттер қойды. Қазіргі уақытта ҚазҰАУ-дің ұлттық ғылыми зерттеу университеті бағытында жаңаша даму сипатына ие болуға мүмкіндіктері зор. Бұл ретте университет тарапынан айтулы іс-шаралар қолға алынуда. Жобалық басқарудың халықаралық стандартын және жоғары оқу қызметін ұйымдастыру әдісін қолдануда біз өзіміздің оқу орнымыздың стратегиясын іске асыруда  миссиямызды, көзқарасымызды, міндеттерімізді, бағыттарымызды анықтадық. ҚазҰАУ жанындағы Қазақстан-Жапон инновациялық орталығында және университетіміздің 6 ғылым-зерттеу институты мен 31 зертханасында шетел ғалымдарымен бірлескен жобалар жүзеге асырылып отыр. Ауыл шаруашылығы саласында ықпалдасу мақсатында құрылған Қазақ-Корей инновациялық орталығында «Жасыл технологияларды» дамыту мәселелері зерттелуде.  Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімдері және азық-түлік сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін Ұлттық орталық құрудың алғышарттары дайындалу үстінде. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетіміздің студенттері мен магистранттары шетелдің озық оқу орындарында білім жетілдіріп, тәжірибе жинауда. Сондай-ақ, әлемнің беделді университеттерінің білікті ғалымдары біздің университетте дәріс оқуда.

Университетіміз білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін және Болон үрдісін және Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда келесі орталықтар: Болон үрдісін дамыту орталығы, академиялық ұтқырлықты модельдеу орталығы, үштұғырлы тіл бағдарламасын негізге алған көптілді  білім беру орталығы, лингвистикалық білім беру орталығы, жаһандық класс ашылды. Сыртқы академиялық ұтқырлық Жаһандық консорциум арқылы, сондай-ақ «Темпус», «Эразмус Мундус», «Болашақ», DAAD және FET бағдарламалары және жобалары арқылы іске асырылады. Университет Еуропа, Америка, Оңтүстік-Шығыс Азияның жетекші елдерімен қос дипломдық білім беру бағдарламаларын іске асыру бойынша бірқатар маңызды келісім-шарт жасады. Университетте жыл сайын Қазақстан және шетелдік жоғары оқу орындарынан магистранттар Еуропаның серіктес ЖОО ғалымдары мен магистрант қатысушыларымен халықаралық жазғы мектеп ұйымдастырылады.  Халықаралық ынтымақтастық аясында әлемнің аграрлық жоғары оқу орындарының Жаһандық консорциумының және ТМД  мемлекеттеріне  қатысушы үздік Аграрлық жоғары оқу орындар кеңесінің мүшесі ретінде университет бүгінде 200-ден  астам халықаралық ғылыми-зерттеу институтымен,  алдынғы қатарлы көптеген аграрлық университеттермен, агроөнеркәсіптік  кешені нысандарымен ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қоя отырып, Қазақстанның аграрлық ғылымының халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге ат салысуда. Еуропа,  Америка, Азия және Тынық мұхит  аймақтарындағы континенттердің ғылыми-зерттеу институттары  мен  орталықтары Қазақ ұлттық аграрлық университетімен көптеген маңызды мәселелер төңірегінде бірлесіп жұмыс жасайтындығы зор мақтаныш  тудырады. Біздің оқу орнымыз осы күні Еуропа мен Азияның, АҚШ пен ТМД университеттерімен әріптестік қатынасты нығайту үстінде.

Әртүрлі шаруа қожалықтарының басшылары мен қызметкерлері үшін білім ошағында «Фермерлер жоғары мектебі»  құрылған. Онда «Экстеншн» халықаралық моделі бойыша білім беріледі, сондай-ақ,  консалтингтік қызмет көрсетіледі. Тарихы тереңге кеткен оқу ордамызда халықаралық байланыс жылдан  жылға нығая түсуде. Оған Қазақстан-Жапон инновациялық орталығы нақты дәлел бола алады. Ғылыми-зерттеу жұмысының мүмкіндігін арттыру үшін  биотехнология, нанотехнология, цитология, ветеринарлық медицина  және  санитария, микробиология және вирусология, агроинженерия, биологиялық, органикалық және биоорганикалық химия,  гендік-молекулярлық, стратегиялық-технологиялық басымдықтар мейлінше, іске қосылып жатыр.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жалпы ішкі өнімнің өсуінің 90 пайызы инновациялық технологияны игеру арқылы болады. Оны игеру өндірістің бәсекеге қабілеттілігін көтерудің басты жолы. Ауыл шаруашылық саласын дамытуға үкімет тарапынан да келелі шаралар қолданылып жатқанын айтқым келеді.  Ауыл шаруашылық министрлігі дайындаған «Агробизнес-2020» бағдарламасы ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер береді. Осы орайда біз Ауыл шаруашылығы министрлігі мамандарымен, ғалымдармен бірлесе отырып, ауыл шаруашылығына қатысты проблемаларды талқылап, нақты ұсыныстарды күн тәртібіне қойып отырмыз. Атап айтқанда, аграрлық ғылымның алдында тұрған мына мәселереге баса назар аудармақпыз: еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еңбек өнімділігін арттырып, агроөндірістік кешеннің ғылыми, кадрлық деңгейін көтеру; аграрлық ғылым, білім және өндірісінің және аграрлық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының интеграциясын дамыту; отандық аграрлық білім мен ғылымды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру; Қазақстанның аграрлық саладағы  ғылыми өндірісінің өнімдерін әлемдік нарыққа шығаруға күш салу; мемлекетаралық интеграция және  ұлттық аграрлық азық-түлік нарығын қалыптастыру; ауыл шаруашылығы өндірісіне жаңа ғылыми жобалар мен инновациялық технологияларды енгізу процесін жеделдету.

2012 жылдың қараша айынан бастап университет әлемдік QS рейтингі бойынша үздік оқу орындары қатарына кіреді. Университет 2014 жылы бес жылдық Институционалдық аккредитациядан, магистратура мен бакалаврдың 15 бағдарламасы бойынша ASIIN (Германия) агенттігінің халықаралық аккредитациясынан және 2015 жылғы мемлекеттік аттестациядан абыройлы өтті. Биылғы жылы университет QS World University Rankings дамыған Еуропа мен Орталық Азияның 308 университеті арасынан 67 орынға тұрақтадық. Бүгінгі күні оқу орнында 13 мамандық бойынша  4 диссертациялық кеңес жұмыс істейді. Барлық магистрлік және докторлық диссертациялар ауыл шаруашылығы нарығына қажетті кафедраның нақты ғылыми зерттеуі аясында орындалады. Бұл тәжірибе әлемнің белді университеттерінде іске асырылып келеді.

Қазіргі кезде Университет химия және азық-түлік салалары бойынша маман дайындауда 2015-2019 жылдағы Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының қатысушысы болып табылады. Мамандарды дайындау экономиканың екі секторы негізінде жүзеге асырылады. Олар «тағам қауіпсіздігі» және «агрохимия». Аталған бағдарлама бойынша мамандар дайындауды  жүзеге асыру үшін 2015-2016 оқу жылына арналған Жол картасы  жобасы әзірленді. Жол картасы бойынша жоспарланған іс-шаралар жоғары оқу орнынан кейінгі сапалы білім берудің жаңа тәсілдерін дамытуда, бағдарламада көрсетілген экономиканың басым секторларында сұранысқа ие бәсекеге қабілетті озық мамандарды дайындауға бағытталған. Осы орайда университет «Тағам қауіпсіздігі»  мамандығы бойынша  «Қолданбалы азық-түлік қауіпсіздігі», «Топырақтану және агрохимия» мамандығы бойынша   Өсімдіктер мен Топырақ құнарлылығын басқару» бағытында инновациялық бағдары жұмыс берушілердің талаптарына толық жауап беретін модульдік бағдарламаларды анықтады.  Бағдарламаны университет оқытушылары мен шетелдік серіктес оқу орындарының ғалымдары  бірлесе отырып дайындаған. Вагинген университеті (Нидерланды), Шығыс Финляндия университеті, Путра университеті (Малайзия), Салерно университеті (Италия), Киот университеті (Жапония), Конкук ұлттық университеті (Оңтүстік Корея) сияқты оқу орындарымен келісім-шарт жасалынды. Аталған университеттер QS бойынша үздік оқу орындары қатарында.

Университетіміз Қазақстан Рес­публикасының мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында алдыңғы қатарлы оқу орындары және зерттеу институттарымен 20 шақты келісім-шарт жасады. Халықаралық оқу орындарының жетекші ғалымдарын дәріс жүргізуге шақыру мақсатында бюджеттен 40 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жобаға қатысу талаптарының бірі магистранттарды 100% жұмыспен қамту болып табылады. Сондықтан МИИДБ-2-ге қатысып жатқан кәсіпорындармен мамандардың тәжірбиеден өтуі және жұмысқа орналасуы туралы   алдын ала 48 келісім-шарт жасалынып, жұмыс берушілермен білім бағдарламаларының модульдері, түлектер құзіреттілігі туралы талқыланды.

Мемлекет тарапынан 2015-2016 оқу жылына магистрлерді дайындауға  «Тағам қауіпсіздігі» мамандығы бойынша – 140 «Топырақтану және агрохимия» мамандығы бойынша – 50 грант бөлінді. Базалық 10 университеттің материалды-техникалық  қорын жетілдіруге «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы 2015-2016 жылы 6 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Университет бөлінген қаражаттан 9 ғылыми-зерттеу зертханаларын құратын болады. Зертханалық жабдықтар таңдауда тағам қауіпсіздігі, топырақтану және агрохимия салалары бойынша ғылыми зерттеуде  қолданылып жүрген заманауи үрдістер ескерілді.

Университет қазіргі кезде Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағындағы 23 ғылыми-зерттеу институттарымен нақты байланыста бірлесіп жұмыс істеп, онда арнайы кафедралар ашып отыр. Оларға университет мамандықтарына сәйкес магистранттар мен докторанттарға мақсаттық мемлекеттік гранттарға тапсырыстар берілуде.  Ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары оларға дәріс береді, эксперименттік зерттеу, ғылыми-өндірістік тәжірибе жұмыстарына басшылық жасайды.

Университет ұжымы студенттерге озық біліммен қоса ұлттық тәрбие беру жүйесіндегі жаңаша бағыттардың тағдырлық  маңызын  терең түсінеді. Біздің оқу орнында 27 ұлт пен ұлыс өкілдерінен құралған студенттер мен магистрлар білім жетілдіруде. Университетте он жылдан астам уақыттан бері  «Достық» студенттік ассамблеясы жұмыс істейді. Жастар қоғамдық бірлестігі ретінде құрылған ұйымның осы мерзім аралығында жасаған жұмыстары қуантарлық. Ұйымның қызметі студенттік өзін-өзі басқару принципіне негізделген. Барлық тәрбиелік өзегі бар шараларды студентер өздері ұйымдастырып, өздері жүргізіп, ерекше белсенділікпен қатысады. Бұл ретте жастарды этносаралық достық рухында тәрбиелеу аса маңызды. Бүгінгі күні университетіміз тәрбие жұмысын инновациялық  тұрғыдан   ұйымдастыруды  қолға алды. Мысалы,  университет Қазақстанның жоғарғы оқу орындарының арасында бірінші болып Елбасы идеясынан туындаған «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығын құрды. Студенттер «Достық» ассамблеясының жұмысы да «Қазақстан жолы» тәрбие-білім орталығы қоятын талаптар форматына көшірілді. Әр орталықпен университет жанынан құрылған О.Сүлейменов атындағы әлеуметтік-гуманитарлық білім беру және тәрбие институты құрамына  кіретін 4 кафедра және мәдениеттану кафедрасы әдістемелік бағытта бірлесіп, жұмыс атқарады.

Жаңа бағыттағы негізгі талап – қазақстандықтардың мемлекетшіл, патриот жаңа буынын қалыптастыру, жеке бастың табысқа жету жолдарын үйрету әдістемесін дамыту, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірлік ұстанымдары, жасампаз қызметі мен болашаққа қызмет ететін идеяларын пайдалану арқылы студенттерді тың бастамаларға қанаттандыру. Мақсат – студенттердің бойында Елбасының мемлекетшілдік, отаншылдық және еңбекқорлық үлгісімен лидерлік, көшбасшылық сапаларды тәрбиелеу, Ұлт Көшбасшысының өмірі мен қызметін қазақстандық патриотизмнің негізі  ретінде насихаттау. Сондықтан да аталған орталық мәдени-ағартушылық, зерттеушілік бағытты тереңдете отыра өскелең ұрпақты есімдері белгілі, елге зор еңбек сіңірген тұлғалар арқылы тәрбиелеуді көздейді. Бұл ретте Елбасымыздың тұлғалық қасиеттері әр қазақстандық жастарға зор өнеге екені сөзсіз. Университетімізде қазақ ауыл шаруашылығы саласының өркендеп, дамуына өлшеусіз үлес қосқан Еңбек Ерлері мен Дала Академиктерінің галереясын аштық. Онда бүгінгі Тәуелсіз қоғамның да Еңбек Ерлерінің портреттері университет төрінен орын алған. Халыққа қажымай, қызмет етіп, Қазақстан мақтанышына айналған нағыз еңбек адамы студенттер үшін үлгі болатыны даусыз.

Жастар  болашақ маман ретінде күрделі әлемде болатын үрдістерді, қауіптер мен қатерлерді дұрыс түсіне білулері керек. Қазақ Елін күшейте түсетін, оның әлемге танымдылығын арттыра түсетін бүгінгі студенттер – ертеңгі ауыл шаруашылығында, агрөндіріс кешенінде жетекші қызмет атқаратын мамандар. Сондықтан да студент жастар үшін, жалпы қоғам үшін ең басты құндылық  Тәуелсіз мемлекетті сақтап, дамыту екені даусыз.

Бәрімізге белгілі, нарықтың қатынастардың қатал заңдылықтарына төтеп беру үшін бәсекеге қабілетті болу керек. Уақыт өткен сайын әлем мемлекеттері алдында азық-түлік қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерінің тапшылығы сезілуде. Бүгінде әлемде жердің игілігін бағалап, маңдай терін төгіп, еңкейіп жұмыс істейтіндер саны азайып, дайын және жартылай дайын жасанды өнімді тұтынытындар көбеюде. Сондықтан таза еңбек етіп, таза әрі сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ететін аграрлық ғылым мен өндіріске, ірі фермерлерден бастап ұсақ шаруаға дейін мемлекеттің қамқорлығы аса қажет. Бұл орайда ауыл шаруашылығын дамыту бағытында белгіленген биік межелер мен қабылданған жедел индустриялды-инновациялық дамыту бағдарламасын нәтижелі іске асыруда ғылым мен білімнің жауапкершілігі ерекше. Ғылымның өндіріске ұсынған инновациялық технологиялары әлемдік жетістіктерден жоғары болмаса, төмен болмауы қажет, ал оларды өндірісте пайдаланатын мамандар осыларды толығынан игеруі тиіс.

Әр елдің өркениеттілігі, мәдениеті оның ғылымы мен біліміне тікелей байланысты болатыны білгілі. Елімізде озық технологияларға негізделген экономиканы жүргізу, қалыптастырып, дамыту үшін индустриялды-инновациялық ғылым, білім, өндіріс интеграциясын күшейтудің маңызы зор. Аталған ауқымды іс-шараларды жүзеге асыру жаңаша ойлай алатын, білікті де кәсіби мамандарға жүктелетіні сөзсіз. Қазақстан аграрлы мемлекет қатарына жататындықтан, ел экономикасын өркендету ісінде  басты салмақтың бірі ауыл шаруашылығы мамандарына түсетіні сөзсіз.  Бүгінгі күні аталған салада қызмет ететін ғалымдар мен өнім өндірушілер заман талабына сай бірлесе жұмыс істеудің нәтижелі болатынын түсініп отыр.  Бүгінгі күні Елбасы ұсынып отырған «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, 5 институционалды реформалар түрлі экономикалық тәуекелдерге тосқауыл болып отырғанын баса айтуымыз қажет. 85 жылдық белесті бағындырып отырған университет ұжымы осы ауқымды бағыттағы іс-шараларды жүзеге асыруда білім, ғылым және өндіріс саласында бірігіп, ынтымақты жұмыс істеудің тиімді бағыттарын табатынынына сенемін.