26.11.2015, 12:14
Қараулар: 605
Жарқырай бер, “Сырым елі”!

Жарқырай бер, “Сырым елі”!

2.26.11.15Өткен аптаның аяғында аудан орталығы Жымпитыда «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдығы аталып өтілді. «Сырым елі» газеті – әуелі «Қызыл ту», бір жылдары «Қайнар» атауымен жарық көрген Батыс Қазақстан өңірінің баспасөз тарихындағы елеулі басылымдардың бірі.

Шара қонақтары алдымен аудан орталығындағы батыр, реформатор Сырым Датұлының ескерткішіне келіп,  гүл  шоқтарын  қойды.  Кейін ақын Қадыр Мырзалиевтің ескерткішінің алдындағы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің оқушылары даярлаған поэзиялық шараны тамашалады. Меймандар үшін Алаш саябағында Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-балабақша кешенінің оқушылары Күнбатыс Алашорда үкіметінің көсемі Жаһанша Досмұхамедовке арналған әдеби композиция ұсынды.

Осы күні ілкіде газет редакциясы болған, қазіргі Сырым колледжі ғимаратының қабырғасына жазушы, журналист, ҚР Жазушылары одағының мүшесі Бақтығұл Ойшыбаевтың құрметіне орнатылған ескерткіш тақтаның салтанатты ашылуы болды.

Бақтығұл Ойшыбаев Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газетінде 1973-1987 жылдары редакторлық қызметте болды. Бұл кісі кезінде Жымпитыдағы баспасөз үйінің бой көтеруіне тікелей ықпал болып, үлкен еңбек сіңіріп еді. Енді, өзі қалаған қабырғаға есімі құрметпен жазылды.

Ескерткіш тақтаны ашу құрметі аудан әкімі Абат Шыныбеков пен қаламгердің жары Мәнира Ойшыбаеваға берілді. Салтанатты шарада аудан әкімі Абат Шыныбеков, қаламгердің жары Мәнира Ойшыбаева, газет ардагері Жолдығұл Өтегенов, Бақтығұл Ойшыбаевтың шәкірті, газеттің қазіргі редакторы Махмет Қажиахметов сөз сөйледі.

Кейін аудандық мәдениет үйінде «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдығына орай ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференцияға газет саласының ардагерлері, ғалымдар, журналистер, газет қызметкерлері  мен оқырмандар қатысты. Мәдениет үйінің фойесінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Сырым елі» газетінің 85 жылдығына арналған кітаптар көрмесін таныстырды.

Конференцияның басында сөз сөйлеген аудан әкімі, жиналыс төрағасы Абат Шыныбеков бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамның өмір сүруін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

– Газет – бұқаралық ақпараттық құралдың белсенді өкілі. Ойлы оқырмандардың арасында «Газет өмірі – мәңгілік» деген қанатты сөз бар. Биыл біздің ауданның төл газеті «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің жарыққа шыққанына 85 жыл толып отыр. Бұл газет ұжымының мерейлі мерекесі ғана емес, оқырмандардың да қуанышы.

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің алғашқы атауы «Қызыл ту» болғандығы айтылды. «Қайнар» атауымен де жұмыс жасағандығы белгілі. Қалай болған күнде де «Сырым елі» – ауданның ақпараттық айнасы, елдің еңбек тынысының жаршысы ретінде адал еңбек атқарды. Әлі де атқарып келеді. Ол еңбек – биік бағалауға тұрарлық еңбек, – деді аудан басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Келесі болып «Жайық Пресс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Ғайса-ғали Сейтақ сырымдық әріптестерін газеттің мерейтойымен құттықтап, «Жайық Пресс» ЖШС атынан «Сырым елі» газетінің ұжымына құттықтау хат пен компьютер табыс етті.

Конференцияның күн тәртібіне сәйкес, «Жайық Пресс» ЖШС Сырым аудандық филиалының директоры, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Махмет Қажиахметов пен С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева аудандық газеттің тарихына қатысты баяндама жасады.

Тағы бір баяндамашы «Жайық Пресс» ЖШС баспасөз тарихын зерттеу бөлімінің маманы, «DANA.kaz» журналының редакторы Қазыбек Құттымұратұлы өзінің сөзінде газеттердің өз заманының шынайы көріністерін дәл бере алу қабілетімен ерекшеленетінін айтты. Қазыбек Құттымұратұлы осыған дейін бұқаралық басылымдардың бетінде ХХ ғасырдың 19-20 жылдары Жымпитыда Ахмет Мәметовтың редакторлығымен шыққан «Ерік» газеті Жымпитыдағы баспасөз ісінің тарихын тереңдете түседі деген мазмұндағы көлемді мақала жариялаған еді. Конференция барысында осы дерекке қатысты да құптау пікірлер білдірілді.

«Газеттің ендігі болашағы – жас тілшілер. Жас журналистерге айтар ақылым сол, ақпаратты еркін жазыңыздар, сараптап жазыңыздар!» – деді газет саласының ардагері Қуанышқали Ғұсманов өзінің сөз кезегінде.

Осы сияқты белгілі журналист Амантай Боранқұл газет ұжымына құттықтау лебізін білдірді. Құр лебіз айтпай, сырымдық әріптестері Махмет Қажиахметов пен Мүсірбек Айташевқа диктофон сыйлады. Батыс Қазақстан өңіріндегі аудандық газет редакторлары атынан Жаңақала аудандық «Жаңарған өңір» газетінің редакторы Өмірзақ Ақбасов құттықтады. Газеттің тойында оқырмандар да үнсіз қалмады. Біздің газетке үздік жазылушы мекемелердің бірі Сырым аудандық орталық ауруханасының директоры, аудандық мәслихат депутаты Асхат Дүйсенғалиев редакция ұжымына құттықтау хат пен естелік сыйлық ұсынды.

«Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдығына орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның соңы марапаттарға ұласты. Аудан әкімі Абат Шыныбеков қазақы дәстүрге сай қаламгер Бақтығұл Ойшыбаевтың жары Мәнира Ойшыбаеваның иығына қамзол іліп,  жаулық жапты. Кейін газет саласының ардагерлері мен аудандық редакцияның бірқатар қызметкерлеріне алғыс хат тапсырды. Белсенді оқырмандар мен үздік қызметкерлерді марапаттау рәсімін «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Махмет Қажиахметов жүргізді.

Конференцияның аяғында Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Сырым аудандық «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің 85 жылдық мерейтойына орай өткізілген «Біздің тарих – ол-дағы, қалың тарих!» тақырыбындағы Батыс Қазақстан өңіріндегі газет қызметкерлерінің арасындағы облыстық ақындар мүшайрасының қорытындысы белгілі болды. Үздік өлең ұсынған Өмірзақ Ақбасов, Нұртай Текебаев, Әділет Орынбасаров, Алтынбек Ермекқалиев секілді жүлдегер ақындарға Қазақстан Жазушылары одағының мүшесі, жазушы, журналист,  редактор  Бақтығұл  Ойшыбаев,  ақын, журналист, редактор Қуан Тастайбеков,  журналист, газеттің бұрынғы редакторы Уәли Сұлтанов және ақын, сазгер, күйші, журналист Ғафур Құсайынов атындағы арнайы жүлделер табыс етілді.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Абат Шыныбеков конференцияның қорытындысы ретінде оқылған баяндамаларды, айтылған ұсыныс-пікірлерді жинақ ретінде шығаруды ұсынды. Бұл жинақ аудандық газеттің алдағы зерттеу жұмыстары үшін пайдаланылмақ.

Шараның мазмұнды өтуіне аудан  әкімдігі, мекемелер үлкен үлес қосты.  Жазушы Бақтығұл ағаның ұлы Кемелбек Ойшыбаев, “Адал” дүкенінің иелері Гүлнар мен Ерболат Қайырғожиндер демеушілік жасады

Бауыржан Ширмединұлы,

 

Суреттерді түсірген: автор

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар