24.12.2015, 15:31
Қараулар: 58
Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы

6.24.12.15Аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік шара Мемлекеттік әнұранмен басталды. Аудан әкімі А.Шыныбеков сырымдықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Жетікөл ауылдық округіндегі «Байқадам» шаруа қожалығының жетекшісі Төлеген Әбілқайыровтың кеудесіне Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Ауыл шаруашылығының саласының үздігі» төсбелгісін тақты.

«Нұр Отан» партиясының Сырым аудандық филиалының төрағасы А.Шыныбеков «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасарының Алғыс хатымен Сарой ауылдық округінің әкімі, Шағырлой бастауыш партия ұйымының төрағасы Сағидоқас Бақтығалиевты марапаттады. Батыс Қазақстан облыстық «Құрмет грамотасы» аудандық мәслихат депутаты, Бұлдырты орта мектебінің директоры А.Бисалиева, аудандық мәслихат депутаты, «Тагра» ЖШС директоры Ә.Табышевке табысталса, облыстық мәслихаттың Алғыс хатына Сырым аудандық мәслихатының бас маманы М.Ахметов ие болды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтар «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының Алғыс хатымен марапатталып, партия қатарына алғаш кірген мүшелеріне билеттер табыс етілді.

Ауданның өркендеп-өрістеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген азаматтар мен азаматшалар Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді. 16 жасқа толған азаматтарға салтанатты түрде жеке куәлік табысталып, мемлекеттік қызметке алынған жастар ант қабылдады.

Салтанатты жиналыстан соң, «Тәуелсіздік – елімнің ерлік жолы» атты мерекелік концерті сабақтасты. Концертке барлық ауылдық округтердің өнерпаздары атсалысып, өнерлерімен дүйім жұртты тамсандыра білді. Еңселі егемендікке қол жеткізудегі тарих парақтарын бейнелейтін театрландырылған көрініс көрермен назарына ұсынылды. «Сырым сазы» ансамблі Дәулеткерейдің «Көрұғлысын» шебер орындап, зор қошеметке бөленсе, домбырашылар шеруі, үлгілі «Аружан» би ансамблінің «Батырлар» биі, Жосалы ауылдық округінен келген «Наз-әуен» ВИА орындауындағы «Алға, Қазақстан» әні, республикалық «Мерейлі отбасы» байқауының лауреаттары Кенжебаевтар отбасының «Дархан қазағым» әні көптің көңілінен шықты.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар