9.01.2016, 10:42
Қараулар: 15
Азамат келбеті

Азамат келбеті

6.09.01.16Ата көрген оқ жонар

«Ата көрген оқ жонар» дегендей, сегіз бала тәрбиелеп өсірген Кенжебек аға мен жеңгей бүгінде өздері о дүниелік болып кетсе де, ұрпақтарының ел алдында беделді азамат болып өскенін көріп, көңілдері жайланып кеткен еді.

Ұлы Отан соғысының ардагері бүкіл ғұмырын Қаратөбе ауданының «Қоскөл», Сырым ауданының «Жосалы», «Бұлдырты» шаруашылықтарында бас есепші болып еңбек еткен Кенжебек Сүлейменов өзі еңбек еткен жерлерінде абыройлы қызмет еткен болатын.

Жаны жайсаң, адал азамат 1998 жылы дүниеден өтсе де, ауыл-аймақтың абзал ақсақалдарының бірі бола білді.

Кенжебек ағаны білетіндер оның жақсы қасиеттерін күні бүгінге дейін әңгімелеп, оның балаларының жақсы азамат болып жетілгендері асыл ағамыз Кенжебек Сүлейменовтың балаларына берген жақсы тәлім-тәрбиесі деп біледі.

Мен ұзақ жылғы журналисттік қызметімде Сүлейменовтер әулетімен жақсы таныс болып едім. Кенжебек Сүлейменов туралы талай рет аудандық, облыстық газеттерде мақалалар жазып, жақсы ағаның қызметін, адамгершілік келбетін барынша көрсетуге тырысқан едім.

Бүгінгі әңгімем Кенжебек ағаның үшінші баласы, бүгінде ел құрметтейтін азамат болып қалыптасқан Серік Сүлейменов туралы болмақ.

Мамандығына адалдық

Абдолла Жұмағалиев атындағы Жосалы орта мектебін жақсы тәмамдаған Серік Кенжебекұлы Сүлейменов арманына қанат байлап, сол кездегі астанамыз Алматыға жол тартты. Ауылдың қара баласы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агроном факультетіне құжаттарын тапсырып, конкурстың көп болғанына қарамастан, сынақтарды үздік тапсырып, студент атанды. Білімге құштар жас институтта өте жақсы оқыса, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.

1976 жылы институтты үздік аяқтаған Серік жолдамамен Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданының «Жосалы» кеңшарына бөлімше аграномы болып тағайындалды. №1 бөлімше шаруашылықтағы үлкен ферма болатын. Ондағы егіс көлемі он мың гектарды құрайтын. Бұл шаруашылықтағы барлық егістік көлемінің жартысынан асып түсетін еді. Осы бөлімшенің дәнді дақылдар егістігінің сапасын жаңартып, өнімділікті арттыру кезекті күттірмейтін шаруа болатын. Серік алғаш келгеннен бастап осы шаруаны түбегейлі зерттеп, жұмыстарды ғылыми жолға қоя білді.

Жерге минералдық және органикалық тыңайтқыштарды реттеп енгізу, топырақ қабатының ылғалдылығын сақтау үшін жаңа технологияларды қолдау өз нәтижесін бермей қоймады. Жосалы жерінің топырағы егіске келіңкіремейді, құнарлығы нашар. Алайда, жоғарыдан келген нұсқауға сай егін егу керек. Осындай қиын кезеңде егін егуге ғылыми тәжірибесін қолданбаса болмайтынын түсінген Серік өзінің бар білімін жұмсады. Ерте тұрды, кеш жатты. Алғашқы еңбек жолында ол алғашқы жетістікке қол жеткізді. Сол жылы бірінші бөлімше диқандары егістіктің әр гектарынан 12-13 центнерден өнім алды. Бұл «Жосалы» кеншарындағы үлкен жетістік болатын. Бұрын осы жерлерден бар болғаны 7-8 центнерден жылға өнім алатын. Комбайншылар ағайынды Эльстнерлер егісті жинау кезінде әрқайсысы 8000-9000 центнерден астық бастырып, ауданда алдыңғы орындардың біріне ие болды.

№ 2 бөлімшелерінің жинаған астығы шаруашылықта рекордтық деңгейге көтеріліп, «Бұлдырты» кеңшары осы жылы аудандағы егіннен үздік көрсеткішке жеткен үш шаруашылықтың бірі болды. Бөлімшенің осындай қомақты табысында Серіктің де үлесі бар екені сөзсіз.

Осы бөлімшеде екі жыл сәтті жұмыс жасаған Серікті шаруашылық басшыларының ұйғарымымен аудандық ауыл шаруашылық басқармасы «Бұлдырты» кеңшарына бас экономист етіп тағайындады. Институт бітіргенде агроном-экономист мамандығын бірдей алып шыққан жас маман жаңа жұмысқа жатырқамай, құлшына кірісті.

Экономистте жұмыс көп. Шаруашылықтың жұмыс жоспарын жасау, әр сала бойынша терең талдау жасау, жоғарыға экономикалық ақпарат беру, тағы басқа толып жатқан жұмыстарды да Серіктің бір өзінің атқаруына тура келді.

Жас маманның екі саладағы алымды істерін, білікті басшы екенін ескерген аудан басшылығы 1987 жылы аудандық ауыл шаруашылық басқармасының бас агрономы қызметіне тағайындалды. Бұл жауапты жұмысқа Серік аса ыждағаттылықпен кірісіп кетті. Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы мал және егін шаруашылығын қарқынды дамытқан облыстағы ірі төрт ауданның бірі болып есептенді. Ауданда егілетін басқа дақылдарды есептемегенде, 150 мың гектар жерге дәнді дақылдар егілді. Ауданның «Правда» газеті атындағы «Қызыл ту», «Тасқұдық» шаруашылықтарындағы егіс көлемі 25-30 мың гектардай болды.

Ауданда мал басы өсе түсуде. 180 мың қой, 50 мың ірі қара, 10 мың жылқы болды. Мал шаруашылығын шоғырландыру, тұқымын асылдандыру жоспарлы жүрді. Соның нәтижесінде ауданның бірнеше шаруашылығы Абай, Жетікөл, Қосаба кеңшарлары қой өсіруге бейімделді. Етті ірі қара бейімдеу шаруашылығында бақылау кешендері салынды.

Ауданда жаңа комбайндар мен трактор машиналар алынып, техника паркі жаңартылды. Міне, осы жұмыстардың басы қасында Серік өзі басшы болып, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетті.

Кейін басқарма бастығы Серік аудан әкімінің бірінші орынбасары  болып тағайындалғанда да осы шаруаны өзі қолға алды.

Серіктің басшылығымен еңбек адамының мүддесіне орай барынша әділ жүргізілді.

Серік Кенжебекұлының мансап баспалдағына өрлеу жолы осылай сәтті басталған болатын.

Әлеуметтік салаға әлеуетті келу керек

Қаратөбе ауылының әлеуметтік экономикалық жағдайы біршама түзелгеннен кейін облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Серікті облыстық әлеуметтік бағдарламалар департаментіне директор етіп тағайындады.

— Алты жыл қиын кезде ауданды басқарып, қиыншылықтан алып шықтың. Сенің іскерлігің және мол тәжірибең осы департаменттің жұмысын жеңілдетуге молынан жетеді деп сенемін. Енді осында отырып, осы саланы алға жетелеуің керек, — деген болатын Қырымбек Көшербаев.

Бұл 2002 жылдың күз айы болатын Серіктің департаменттке директор болып келу кезеңі облыстағы экономикалық жағдайдың жақсара бастаған тұсына тап келді. Бұл кезде көптеген жетілмей жүрген Кпо б.в. компаниясының әлеуметтік салаға беретін қоры жақсы молайып, елдің еңсесі тіктене бастаған кезі еді. Дегенмен, облысымызда әлеуметтік жағдай әлі де қалып отырды.

70 мыңнан астам зейнеткер, 25 мыңдай әр-түрлі санаттағы мүгедектерге қоса көмекке зәру топтардың да саны біршама болатын. Оның үстіне жұмыссыздар саны арта түсуде. Осының барлығы облыстағы әлеуметтік ахуалдың күрделене түсуіне әсер етті.

Серік басқарған мекеме, міне, осындай үлкен проблемаларды шешумен шұғылданды. Түрлі бағдарламалар жасалу, олар бойынша тендерлер өткізу, түскен қаржыға тиісінше құрал-жабдықтар сатып алу, міне, осының барлығы өткізуге жеңіл болғанмен, жүзеге асыруға келгенде, үлкен қажыр-қайратты қажет етеді.

Облыста екі психо-неврологиялық және 7 қарттар үйі жұмыс жасайды. Осы мекемелердің жұмысын ырғақты жүргізу, қажетті материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау да оңай шаруа емес. Оның үстіне жалақы аз деп кадр да тұрақтамайды. Міне, осындай қаз-қатар шаруа Серік Кенжебекұлы бастаған департаменттің үлесіндегі жұмыстар еді.

580 кісілік облыстық қарттар үйі салынып пайдалануға берді. Жаңа типті үлгіде салынған бұл үй республикадағы алғашқы мекеме болатын. Осындағы жақсы жасалған істер үшін республиканың түкпір-түкпірінен қонақтар келіп таңданып, үйреніп жатты.

Облыстық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында 2008 жылға дейін жемісті еңбек еткен Серік Кенжебекұлын алда тағы бір жауапты іс күтіп тұр еді. Президент әкімшілігінің келісімімен және облыс әкімі Бақытқожа Ізмұхамбетовтің өкімімен Серік Сүлейменов облыс әкімінің әлеуметтік сала бойынша орынбасары болып тағайындалды.

Серік басқармада тек әлеуметтік салада шұғылданып жауап берсе, енді жұмыс ауқымы кеңейді. Ол енді облыстық бүкіл білім, ғылым, мәдениет, денсаулық және әлеуметтік салаларда жұмыстарды бақылап, басшылық ететін болды.

Сан-салалы шаруаның басы қасында болу, оған жауап беру оңай іс емес. Серік басқарған алты жыл ішінде облыста оңдаған жаңа балабақша, мектеп, аурухана салынып, халықтың жағдайының жақсаруына игілікті ықпал етті.

Осы жылдары облыс орталығы Оралда Назарбаев зияткерлік мектебі, салтанат үйі, онкологиялық аурухана, кордиологиялық, инсульт орталықтары салынып, пайдалануға берілді.

Облыс оқушыларының білім деңгейі көтеріліп, республикадағы алғашқы төрттіктен орын алды. Облысымыздың мәдениет саласының қызметкерлері де жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатты.

Денсаулық саласының материалдық-техникалық базасы жаңарды. Оралда республикалық жиындар жиі өткізіле бастады.

Осындай игілікті жұмыстардың басы қасында облыс әкімінің орынбасары Серік Кенжебекұлы басшылық етіп жүрді.

Оқыс оқиға немесе Премьер-министірмен кездесу

1997 жылдың тамыз айында Батыс Қазақстан облысына Премьер-министр Нұрлан Балғымбаев келді. Қасында республикалық ақпарат құралдарының бір топ өкілдері бар. Жоспар бойынша Премьер-министр Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылына барып, жаңадан салынған мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатыспақ.

Алдында ондай хабар болған жоқ еді. Аудан басшылығы аяқ астынан сабылып қалды. Республиканың бар басшылығы тіке Қаратөбе ауданына келді. Үлкен қызмет болатын. Оны лайықты қарсы алып, құрметпен шығарып салу аудан басшылығына үлкен сынақ болды.

Орал-Ақтөбе тас жолының бойындағы Шилі өзенінің бойында қарсы алу рәсімі ұйымдастырылды, киіз үй тігіліп, ас-су әзірленді.

Үкімет басшысы мен облыс жетекшісінің келуі сағат екіге белгіленген болатын. Ауыл-аймақтан жиналған өкілдер, мәдениет қызметкерлері бір топ адам сақадай-сай әзір тұр.

Алайда, Премьер-министр белгіленген уақытта келмеді. Осы күнгідей кез-келген жерінде қоңырау шалатын ұялы телефон жоқ. Жақын жердегі Ханкөл ауылындағы телефонмен хабарласқанда Нұрлан Өтепұлының Жымпиты ауылында жиналыс өткізіп жатқаны белгілі болды.

Бұл кезде зейнетақы мен жәрдемақының бірнеше айлар берілмей, халықтың әбден қиналған кезі еді. Осыған шыдай алмаған бір топ әйелдер жолдан күтіп алып, шағымдарын айтқан екен.

Халық мұңына сергек қарайтын Нұрлан Өтепұлы жоспарлы сапарын кейінге қалдырып, жоспарланбаған жиналысқа барды. Сырым ауданының жағдайы терең зерттеліп, ертеңнен бастап әйелдердің жәрдемақысын төлеу жөнінде облыс әкіміне тәртіп берді.

Қаратөбеліктер Нұрлан Өтепұлын кешкі сағат бесте күтіп алды. Жоспар бұзылған соң барлық шаралар қысқартылып, ыждағаттап жүргізуге тура келді. Міне, осындай абыр-сабыр кезде Серік республикалық «Хабар» агенттігінің операторының камерасына абайсызда басын соғып алды.Көзінің жоғары жағынан қан сау ете түсті. Жиналып тұрған халық шошып кетті. Әйтеуір, абырой болғанда Премьер-Министірдің дәрігері Серікке тез ем жасап, оның басын көпшілікке білінбейтіндей етіп байлап берді.

Егіндікөл ауылындағы мәдениет үйінің ашылу салтанатына қатынасқан Н.Балғымбаев басқа әзірленген шараларға қатыса алмай, Оралға жүріп кетті.

Осы оқыс оқиға Серіктің әлі күнге есінде. Білікті дәрігердің көрсеткен ем-домының арқасында басындағы жарасы құлан-таза жазылып, орны да білінген жоқ.

«Караванды» жеңген Серік

1997 жылдың мамыр айында Серік Кенжебекұлы Қаратөбе ауданының әкімі болып тағайындалды.

Бұл кезең тәуелсіздіктің жаңа алған, еліміздің қиын кезеңді басынан өткізіп жатқан шағы еді. Жер-жермен бұрынғы байланыс үзілген. Жаңа қарым-қатынасқа келуге тәжірибе жетіспей жатыр. Қазақ елінің негізгі байланысы Ресей өзімен-өзі қым-қуат болып, өзара тартысып жатыр.

Міне, осындай ауыр кезеңде таза мал шаруашылығымен шұғылданатын Қаратөбе ауданы қиыншылықты өзгелерден екі есе қиындық көрді. Облыстан алшақ орналасқан аудан халқының түсінігі бұрынғы кеңестік заманынан алыстай қойған жоқ. Осындай ауыр кезеңге тап келген Серік абыржымады. Өзінің басшылықта болған мол тәжірибесіне сүйеніп, аудан халқының әл-ауқатының төмен түспеуіне күш салды. Оралдағы өнеркәсіп орындарындағы таныс жолдастарымен байланысқа шыға отырып, қажетті азық-түлік тағамдарын жеткізді. Қолындағы бар малын өткізе алмай отырған халықтың малын базарға өткізуді ұйымдастырды. Осындай қарбалас тірлікпен жүргенде уақыттын қалай тез өткенін де байқамай қалыпты.

Осы жылдың күз айында республика орталығы Алматыдан шығатын «Караван» газетіне Қаратөбе ауданында әлеуметтік жағдай нашар, мәдениет орындарын (клуб) негізсіз құлатып жатыр деген үлкен сын мақала жарияланды. Бір қолды екі ете алмай, шаруаны қалай түзетемін деп жанталасып жүргенде, мына мақала төбеден жай түскендей әсер етті.Аудан халқы абыр-сабыр. Бірі газетте дұрыс жазған екен десе, екіншілері газет тілшісінің асыра сілтеу, қара күйе жаққанын айтып, намыстанып жатты.

Серікке күніне облыстың, республиканың әр түкпірінен бірнеше телефон шалынып, не болғанын сұрап жатты. Ауданның ақсақалдары бірден естерін жиып, бас қосты. Серік Малабаев, Зейнолла Опиев, Нұртас Қартаев, Орынғали Ермекқалиев, Нәжім Дәулетов, тағы басқа ақсақалдар бас қосып, мақаланы талдап, оның шындыққа мүлдем жанаспайтындығын айтып, қарсылық көрсетуге бекінді.

Біріншіден, мәдениет үйін құлатты дегеннің жала екені, оның типтік жобамен 1985 жылы салынғаны айтылды. Ал халықтың әлеуметтік жағдайының бүкіл елге тән құбылыс. Одан шығудың жолдары ойластыруда деген әңгімелер айтылды.

Аудан ақсақалдарының басын қосқан жиын «Караван» газетінің жазған сын мақаласы шындыққа жанаспайды деген тоқтамға келіп, бас редактормен кездесу үшін Зейнолла Опиев басқарған бір топ ақсақал Алматыға жүріп кетті.

Кейін сотта екі жақтың өкілдері өздерінің көтерген мәселесін дәйіпті дәлелдеп, басылымның ортақ кешені айқындалды.

Соттың шешімімен «Караван» газеті қаратөбеліктерден кешірім сұрап, моральдық шығын ретінде бір миллион теңге айыппұл төледі.

Осы бір миллион теңгенің бір тиыны да далаға шықпай, Қаратөбе селосының әлеуметтік жағдайы төмен 20 отбасыға бөлініп  берілді.

Осы бір келеңсіз оқиға Серіктің есінде мәңгілікке сақталып қалды. Ауданға жаңа барып, оның жағдайын жақсартайын деп, қаншама жұмыс жасап жүргенде әлдекімдердің қолдан ұйымдастырған әрекеті оның жанына қатты батты.

Сотта әділдік жеңіп, ақиқаттардың табандылығының нәтижесінде әділдік салтанат құрды. Осы оқиға қаратөбеліктердің еңсесін көтеріп, оларды бұрынғыдан да топтаса түсуіне игі әсерін тигізді.

Бұл күнде Қаратөбе ауданы еңсесін түзеп, облыстағы алдыңғы қатарлы аудандардың біріне айналды.

Ауданды алты жыл басқарған Серік Кенжебекұлы осы жердегі ұйымшыл халықпен еңбек еткенін мақтан тұтады.

В.И. Шубиннің досы

1960-1990 жылдары Сырым ауданы Еңбек Қызыл Ту орденді «Правда» газеті атындағы совхоздың директоры Социалистік Еңбек Ері Виктор Игнатьевич Шубиннің есімі Қазақстанға мәшһүр болатын. Ол тек Қазақстан емес Кеңестер Одағындағы шаруашылықтардың бірі басқарған білікті басшы ретінде танымал болды,

Виктор Игнатьевичтің жақсы бір қасиеті талантты жастарды тез танып, қолдау көрсететін. Серік те В.И.Шубиннің көзіне түскен сондай жастардың бірі болатын.

1987 жылы Серік Кежебекұлы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бас агроном болып тағайындалған. Бұл кезде Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданында 150 мың гектар дәнді дақылдар егістігі бар облыстағы егіс егетін төрт ауданның бірі болатын, Ал «Правда», «Қызыл ту» шаруашылықтарының әрқайсысысвның 30 мың гектар егістігі бар болатын. Егін шаруашылығын дамытқан ұжым ретінде республикаға аты дүрілдеп жатқан шаруашылыққа барып, оның еңбекті ұйымдастырудағы жетістіктерімен танысу үшін Серік жұмысты осы жерден бастады.

Егістік алқабы шаруашылығының бас агрономы Иван Михайлович Третьякпен бірге аралап, жан-жақты жете зерттеп, Серік өздерін күтіп отырған В.И.Шубиннің кабинетіне келді. Жас маман өзінің көргенін айтып, жұмыстың ұйымдастырылуына жоғары баға бере отырып, маман ретінде кейбір кемшіліктерді көрсетіп, оны қалай жою керек екендігін айтты. Жас маманның өз ісін жетік білетіндігін және оның ұйымдастырушылық қабілетін қолдаған Виктор Игнатьевич шаруашылықтың бас агрономы Иван Михайлович Третьякке тапсырмалар беріп, оның Серікпен ұдайы байланыс жасап тұруын, оның пікірлерімен санасып отыруын тапсырды.

Осы жылы аудан шаруашылығында астық бітік шығып, диқан қауымының маңдай тері ақталды.

Кейін Серік пен В.И.Шубиннің арасындағы сыйластық жас алшақтығына қарамастан, достыққа айналды.

1989 жылы Серік аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы болып тағайындалды. Серік енді бұрынғыдай ауданның егінге ғана жауапты емес, бүкіл ауданның ауыл шаруашылығына жауап беретін.

Бірде, Абай атындағы кеңшардың шөбі таусылып қалды. Бүгін-ертең мал далаға кетеді деп күткенмен ауа-райы жылынбай қойды. 30 мың қойы бар шаруашылықтың басшылығы састы. Не істеу керек? Көрші шаруашылығындағы бос шөпті алу қиынға түсетін болғандықтан, ол үлкен күшке түседі. Осыны ескерген Серік В.И.Шубинмен байланысқа шығып, көмек көрсетуін сұрады. Осы жерде олардың достық қарым-қатынасы үлкен әсер етті. Әншейінде қытымыр Шубинге Серік дипломатиялық қатынас арқылы жол тапты. Осының арқасында қырылайын деп тұрған қойлары аман сақталды. Достықтың арқасында ауданның ауыл шаруашылығы өрге басты. Көптеген қиын шаруалар осы достықтың нәтижесінде өз түйінін тауып жатты. Ел егемендігін алған шақтағы қиындықтар кезінде В.И.Шубин мен Серіктің достығының нәтижесінде өзге шаруашылықтар не істерін білмей, қиналып жатпады.

В.И.Шубиннің Самара қаласымен байланысы ауданға көп көмегін тигізді.Осы кезде ауданның барша шаруашылығы Самара зауыттарына ет тапсырып, қаржылай қолдау көрді.

Асыл азамат, талантты басшы Виктор Игнатьевич Шубиннің жақсылығы Серік арқылы бүкіл ауданға шарапаты тиді.

Достық деп осыны айтса керек.

«Ұлық болсаң, кішік бол»

Өзі көп балалы отбасынан шыққаннан соң оның әке-шешесінің аялы алақанында өнегелі тәрбиесін алған соң, қазақ ауыл шаруашылық институтында білікті профессорлардан жетік білім алып келгеннен кейін, агроном болып еңбек еткен Серік Кенжебекұлы биліктің қай баспалдағында жүрсе де, халық алдындағы борышын әсте ұмытқан емес. Серіктің өмірлік ұстанымы «Ұлық болсаң, кішік бол» деген қағиданы берік басшылыққа алып келеді.

Серік 1997 жылы Қаратөбе ауданында әкім болып тағайындалғанға дейін таза ауыл шаруашылығымен шұғылданса, 1997 жылдан кейін оның жұмыс ауқымы кеңіп, өмірдің барлық саласына араласуға тура келді. Халыққа жақын әкімді өзінің халқы да сыйлайтын. Бұл, әсіресе 1996-2000 жылдар аралығындағы қиыншылық кездеңде анық байқалды. Осы кезде Серік Оралдағы өндірістік орындардағы басшылықпен тіл табысып, Қаратөбе ауданына қажетті азық-түлік таратылып берілді. Бұл осы бір қиыншылық уақытта аудан халқының әл-ауқатының төмендемеуіне белгілі мөлшерде ықпал етті.

Қаратөбе ауданының ауылдық округтерінде ақсақалдар кеңесін құрып, олардың жұмыс жасауына жағдай туғызды. Бұл ақсақалдар кеңесіне ауылдың беделді ақсақалдары еніп, сол жердегі тәртіп бұзушылықты қадағалап, олардың алдын алуды сотқа дейін мәмлеге келу арқылы шешу ісі жақсы жұмыс жасады. Бұл белгілі деңгейде ауыл әкімдігіне көмегін тигізді. Осының нәтижесінде ауылда мал ұрлығы азайып, тентектердің саны күрт төмендеді. Игілікті шараның арқасында ауылдың моральдық-психологиялық ахуалы түзелді.

Батыс Қазақстан облысы әлеуметтік салалар бойынша республикада алдыңғы орындардың бірін тұрақты түрде иемденіп келеді. Бұл облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевпен оның командасының жемісті еңбегінің жемісті нәтижесі деп айтуымыз керек.

Серік Кенжебекұлының басшылық жұмысындағы ұзақ жылғы тәжірибесі ескеріліп, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды.

Серіктің бұрынғы басқарушылық жұмысқа еніп, партиялық тұрғыдан бақылау орнатып, шаруаның оң жүруіне ықпал ететін болды.

Президент Жолдауынан шығатын жаңа істерге «Нұр Отан» партиясы бағдарламалар жасап, жүзеге асыру бағытында халыққа жұмылдана еңбек етуде.

Жақсы жұмыс жасап, білікті басшы болып қалыптасқаннан артық бақыт бар ма?

Мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Жаданов  ағамыз Серік туралы мынадай лебіз білдірген еді.

— Серік Кенжебекұлы іскер азамат, Оның тұрақтылығы мен білім-білігі ұйымдастырушылық қабілетімен ұштасып, ел мүддесіне қызмет етуде. Басшылықта жүрген жастар Серіктің үлгі-өнегесін алса деп ойлаймын, — деген еді.

Серік Кенжебекұлы бүгінде зайыбы Тамарамен ұл-қыз тәрбиелеп өсіріп, олардың қызығына бөленіп отырған бақытты шаңырақ иесі.

Міне, мен білетін Серік Сүлейменов осындай жан.

Амантай Боранқұл,

Қазақстан Республикасы

Журналистер одағының мүшесі,

Орал қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар