9.01.2016, 10:51
Қараулар: 16
Қарттарды құттықтады

Қарттарды құттықтады

4.09.01.16Аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан орталығындағы қарттардың шаңырақтарына барып, Жаңа жыл мерекесімен арнайы құттықтады. Құттықтаушылар арасында аудандық мәслихаттың хатшысы Әнуарбек Ғалымов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилаж Қаналиев, аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Арман Баяндықов бар.

 Дина Қалменова – соғыстан кейінгі кезеңдерде бір кісідей ерлердің еңбегін жасаған адам. Кезінде трактор да жүргізді, наубай да болды. Бүгінде жасы 90-ға жетіп отырған Дина әжейге құттықтауын білдірген аудан басшысы өзінің сөзінде қарт анаға еңбегі үшін алғыс айтты, ұрпақ қызығын көруді тіледі.

Осы күні құттықтаушы топ Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырым ауданының құрметті азаматы Латифолла Кереевтің жанұясында болды. Аудан әкімі Абат Шыныбеков Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың ардагердің атына жолдаған құттықтау хатын тапсырды.

Қариялардың барлығына аудан әкімінің жаңажылдық құттықтау хаты мен мерекелік дәм және «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігінде тәрбиеленуші даму мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдары табыс етілді.

 Бауыржан Ширмединұлы