25.01.2016, 11:15
Қараулар: 201
Ұстаздық еткен жалықпас…

Ұстаздық еткен жалықпас…

«Өнер – адам бойындағы эстетикалық сезімталдығын қалыптастыратын, мәдени өсуін тәрбиелейтін өнегелі құрал» десек, тәрбие үрдісіндегі өнердің бірі – би өнері.

Сол өнердің қыр-сырын 11 жыл бойы қосымша білім беру саласы арқылы балалардың бойына сіңірген аудандық «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығында» хореографиядан үйірме жүргізіп келе жатырған Нұрмұханова Гүлшат Нұрболатқызы табиғи дарынымен, еңбекқорлығымен ұжымның, тәрбиеленушілері мен ата-аналардың алғысына бөленген жан.

«Айналайын» би тобына қатысатын ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы ОМ және Ж.Досмұхамедов атындағы ОМБК оқушылары ұстаздары сияқты қагілез.

Облыстық халық шығармашылық орталығы 2015 жылдың сәуір айында облыстық «Балдәурен-2015» байқауынан ІІІ орын алған «Айналайын» кіші би тобының «Күлше қыз» атты би қойылымын жоғары бағалап, жыл сайын Орал қаласында дәстүрлі өтетін Қазақстан Республикасы Президентінің «Жібек жолы ертегісі» атты жаңа жылдық бағдарламасына енгізілді.

2015 жылдың 24 желтоқсан күні облыстық қазақ драма театрында өткен жаңа жылдық мерекелік шарада кішкентай бүлдіршіндер жоғары деңгейде өнер көрсетіп, қатысушы балалар мен ұйымдастырушы ересектердің ризашылығына бөленді. Осындай өрендерді тәрбиелеп отырған Гүлшат Нұрболатқызына алдағы уақытта да еңбегіне жеміс тілейміз.

Гүлдана НАУАНҚЫЗЫ,

Жымпиты ауылы